Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Өкінішке қарай, мен мұнда жар іздеуге келмедім": Павел Дуров Астанаға келіп, AI-зертхана ашты

Фото: Ақорда

Астанадағы Digital Bridge 2025 халықаралық форумына Telegram негізін қалаушы Павел Дуров арнайы келді. Сөзінің басында ол Қазақстанға келу себебін әзілмен бастады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Telegram негізін қалаушы Павел Дуров өз сөзін қалжыңмен бастап, Қазақстанға жар іздеп келмегенін айтты. Кәсіпкердің бұл әзіл-репликасы форум қонақтары арасында күлкі туғызып, залдың көңіл-күйін жеңілдетті. Сонымен қатар ол өз сөзінде Қазақстанның цифрлық даму бағытына оң бағасын беріп, жасанды интеллект саласындағы жобаларға ерекше назар аударатынын жеткізді. 

“Көптеген табысты адамдар маған Қазақстанға келіп, осында жар табуға болатынын айтқан. Өкінішке қарай, мен бұл мақсатпен келген жоқпын. Мен мұнда жасанды интеллект туралы сөйлесу үшін келдім, – деді ол.

Ол Қазақстанда AI-зертхананың ашылғанын жариялады. 

"Бір жыл бұрын біз Қазақстанда алғашқы аймақтық кеңсемізді аштық және оның нәтижелеріне ризамыз. Ал бүгін Alem.ai ғимаратында мамандандырылған жасанды интеллект зертханасын ашып жатқанымызды қуана хабарлаймын. Ең алдымен, біз Қазақстанның ЖИ министрлігі ісқа қосқан қазақстандық суперкомпьютер кластері мен Telegram арасындағы бірлескен жобаны жүзеге асырып жатырмыз. Аталған технология миллиардтаған адамға ЖИ функциясын құпиясын сақтай отырып, таза және тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Қазақстандық суперкомпьютер кластері осы желі үшін есептеу қуатының бірінші ірі жеткізушісі болады деп үміттенеміз", – деді Павел Дуров.

Бизнесменнің айтуынша, жаңа технология Telegram-ның 1 миллиардтан астам қолданушысына қолжетімді болмақ.

ЭКСПО аумағында өтіп жатқан Digital Bridge 2025 форумының панельдік сессиясында Павел Дуров Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен, ресми сапармен келген Венгрия президенті Тамаш Шуйокпен және өзге де шетелдік спикерлермен бірге сөз сөйледі. Бұл отырыста цифрлық даму, жасанды интеллект және халықаралық ынтымақтастық мәселелері талқыланады.

Бұған дейін Павел Дуров қазақстандық ауыл оқушыларымен кездескен.

Айнұр Мұхади
Бейсенбі, 02 Қазан, 2025 13:09
Талқылау