"Оқиға орнында полиция қызметкері болды": Ақмола облысында соққыға жығылған түлектің анасы күдіктілердің қорқытқанын айтты
Фото: Видеодан скрин
Ақмола облысы Ақкөл қаласында 11-сыныпты бітірген Роман Пауковты екі еңгезердей еркек еш себепсіз соққыға жығып, тепкіге алған. Болған жағдайды жасөспірімнің анасы баяндап, құқық қорғау органдарының әрекетсіздігіне шағымданды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Инна Паукованың айтуынша, 21 маусым күні ұлы Роман Пауковқа көшенің қақ ортасында екі ересек ер адам шабуыл жасаған.
“Бірінің жасы 31-де, екіншісі 23 жаста. Еш себепсіз, ештеңе түсіндірместен шабуыл жасады. Олардың бірі көлік жүргізіп келе жатып, алдымен ұлымды қағып кетпекші болған, кейін екеуі де көліктен түсіп, оны аяусыз соққыға жықты. Балам есінен танып қалғанша ұрып-соқты. Олар мас болған немесе ескірті қолданған болуы мүмкін. Олардың бұл әрекетін ақтау мүмкін емес. Бұл жасөспірімдердің арасындағы жанжал да, кездейсоқ төбелес те емес. Бұл ересек адамдардың жаңа өмірге қадам басқан баланы қасақана соққыға жығуы ", – дейді әйел.
Оның айтуынша, оқиға орнында Ақкөл аудандық полиция бөлімінің қызметкері болған. Ол екі ер адамның ұлды соғып жатқанын көріп: “Бәрі дұрыс па?" деп сұраған. Бірақ екеуі дөрекі түрде оның ол жерден кетуін талап еткен. Сөйтіп полиция қызметкері оқиға орнынан кетіп қалған. Ал Роман сол сәтте жерде қансырап жатқан.
Полиция 102 нөмірі арқылы шақырылып, Роман шұғыл түрде ауруханаға жеткізілді. Күдіктілер де медициналық мекемеге жеткізілді. Олар ауруханада да ашуланып, мінез көрсеткен. Тіпті зардап шеккен бала мен оның анасынан арыз жазбауды талап етіп, қорқытқан.
Паукованың айтуынша, Ақкөл аудандық полиция бұл оқиға бойынша істің тіркелгені туралы ешқандай хабарлама бермеген. Тек прокуратураға жүгінгеннен кейін ғана ол сотқа дейінгі тергеп-тексеру ісінің бірыңғай реестріне тіркелген нөмірін білген.
Ал Ақмола облыстық полиция департаменті болса, бұл оқиға бойынша қылмыстық іс дәл сол күні Қылмыстық кодекстің 293-бабы 2-бөлігі (Бұзақылық) бойынша қозғалғанын растады.
"Оқиғаға қатысы бар барлық тұлғалар анықталып, жауап алынды. Тергеу аясында оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Іс облыстық полиция департаменті басшылығының бақылауында", – деді ведомствоның баспасөз қызметі.
Бұған дейін Ақмола облысында мектеп бітіру кешінен кейін түлекті соққыға жығып кеткені туралы жазған едік.

"Буғалтыр, пизкультуре, жертатақ": Желі қолданушылары қазақ тілін үйрететін кітап авторының аудармаларына шүйлікті
