Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ауыз қуысынан, іш киімінен бірнеше ер адамның шәуеті табылған": Соңғы бес жылда қоғамдық шу тудырған сарбаздар ісі

Фото: Stan.kz

Қазақстан әскерінде жиі болатын өлім-жітім қоғамда алаңдаушылық туғызып келеді. Кейінгі бес жылда болған сарбаздардың өліміне қатысты резонанс оқиғалардың хронологиясын ұсынамыз. Трагедияның көбінің себебі – әскердегі әлімжеттік пен түсініксіз суицид жағдайлары.

Әскери прокуратураның мәліметі бойынша, 2020-2023 жылдар аралығында еліміздің Қарулы күштерінде 270 адам қаза тапты. Соның ішінде 86 әскери қызметкер өз-өзіне қол жұмсаған.

2020 жыл: “Парашют мұнарасынан секірген”

2020 жылдың 2 наурызында Қонаевтағы 65476 бөлімшесінде 19 жастағы қатардағы жауынгер Дмитрий Ганчлевский 26 метрлік парашют мұнарасынан секіріп кетті. Оны құтқару мүмкін болмады.

Ресми деректер бойынша, қайғылы оқиғадан бір күн бұрын сарбазды кранды ашық қалдырғаны үшін жазалаған екен. Кран ашық қалғандықтан, контейнер толып, су ағып кеткен. Рота бойынша кезекші сержант Әлібек Ағыбаев Ганчлевскийден түсініктеме талап етіпті. Жауынгер байқамай кранды ашық қалдырғанын жазған.

Ротаның кезекші сержанты "қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланып, Ганчлевскийді балағаттап, бетінен ұрған" дейді.

Жарты сағаттан кейін Ганчлевский көшеге шығып, өз-өзіне қол салды дейді ресми мәліметте.

Ганчлевскийдің ата-анасы ұлы өзіне қол салды дегенге сенбейді. Сөздерінше, әскерде өктемдік белең алып кеткен. Десе де іс “Қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану” бойынша жүргізіліп, Әлібек Ағыбаев алты жылға сотталды. 

2021 жыл: “Басынан оқ атқан”

2021 жылдың жазында Оралдағы Ұлттық ұланның 5517 әскери бөлімінде 21 жастағы сарбаз Қолғанат Ашыров мерт болды. Жігіттің басынан оқ табылды. Ресми дерек бойынша сарбаз кезекші болған түні басына оқ атқан. Алайда ата-анасы бұған сенбейді. Олар жігітті біреу атып өлтіргеніне сенімді. Өйткені ол өзіне қол салатын адам емес дейді, әрі әскерде жүргенде ешқандай шағым айтпаған. Ата-анасының наразылығына қарамастан, ресми дерек Қолғанат өзін атып өлтірді деген нұсқада қалды.

2021 жыл: “Басынан бес рет оқ атқан”

Фото: patriot Telegram-арнасы

2021 жылы тағы бір сарбаз басына оқ атқан деген ақпарат тарады. Жігіттің әскери қызметінің аяқталуына екі-ақ ай қалған еді.

2021 жылдың қазан айында Теміртауда орналасқан №5516 әскери бөлімінің 20 жастағы сарбазы Сержан Оңғар өз бекетінде оқ жарақатымен табылды. Әскери қызметкер ауруханаға түскеннен кейін бір сағат өткен соң жансақтау бөлімінде көз жұмды.

"Орталық" өңірлік қолбасшылығы оны өзін-өзі атып тастады деп мәлімдеді. Марқұмның анасы Гүлжан Қасымбекова бұл нұсқаға сенбеді. Оның айтуынша, жігіттің басынан бес оқ табылған. Ол ұлын біреу өлтірді деп есептейді. 

Психолог маманның өзі сарбаздың мінез-құлқында суицидке бейім белгілер мүлдем жоқ екенін көрсетіпті.

2022 жыл: “Қырғызстан шекарасынан денесі табылған Ұлықбек”

Фото: Aibatnews 

2022 жылы сәуірде Жамбыл облысы Меркі ауданындағы Аңдас батыр шекара заставасында 19 жастағы сарбаз Ұлықбек Бердішов мерт болды.

2 наурызда Ұлықбек жоғалып кетті, ал оның денесі 10 сәуірде ғана Қырғызстаннан табылды. Қырғызстанның тауларында тауда мал бағып жүрген шопан әскери киімге ұқсас киім тауып алып, оны кеденшілерге тапсырған.

Киім табылған жерден жүз шақырым жерде мәйіт табылды. 19 жастағы жігіт өз белбеуімен жартаста асылып тұрған. 

Ресми нұсқа бойынша, курсанттың өліміне “механикалық асфиксия” яғни қылқындыру себеп болған. Мәйіттен ұрып-соғу белгілері немесе жарақаттар табылмады.

Сарбаздың анасының айтуынша, ұлының әріптестері бірдеңені жасырып тұрғандай қашып жүрген. Сондай-ақ команда қоңырауларға жауап бермей, онымен кездесуден бас тартты.

Ананың ойынша, әскердегілер баласын абайсызда өлтіріп, кейін бір жерде ұстап, 39 күннен кейін шекара жаққа апарып тастаған болуы мүмкін.

2022 жыл: "Денесінің сау жері жоқ, басы мен іші көгерген" Әлібек Қалбай

Фото: Жақындарының жеке архиві

2022 жылы Жамбыл облысында тағы бір сарбаз өлімі болды. Қордай ауылындағы 30212 әскери бөліміне Әлібек Қалбай Отан алдындағы борышын өтеу үшін 18 сәуірде барған, бірақ 4 күннен соң жақындарына қаралы хабар жетеді.

22 сәуірде таңғы астан кейінгі сапқа тұру кезінде 19 жастағы Әлібек Қалбай есінен танып, сол күйі оянбады. Кейінірек сот-медициналық сараптама жігіттің денесінен көптеген жарақаттарды анықтады. Басы мен іші көгеріп, гематома болғанын, контузия алғанын көрсетті. 

Бір күн бұрын Әлібек жақындарынан дәрі-дәрмек үшін 4 мың теңге аударуды сұраған екен. Сондай-ақ бейресми деректерге сәйкес, әскердегілер жігітті қорлап, “қыз етіп киіндіріп”, мазақ қылған көрінеді. 

Сот Әлібектің өліміне әріптесі Айболат Аманжоловты кінәлі деп тапты. Ол "Адам өліміне әкеп соққан әскери қызметшілер арасындағы қарым-қатынастың жарғылық ережелерін бұзу" бабы бойынша тоғыз жылға бас бостандығынан айырылды.

Айболат Аманжоловтың өзі сотта тағылған айыппен келіспейтінін мәлімдеді. Марқұм Қалбайдың туыстары да келіспеді. Олар әскери бөлімнің сержанттары мен офицерлерінің де ұлының өліміне тікелей қатысы бар деп санайды.

2022 жыл: “Хат жазып кеткен” Еділ Тешебаев

Фото: begabat.uzakov Facebook-парақшасы

2022 жылы 4 маусымда Бейнеу ауылындағы шекара заставасында 19-ға енді толған сарбаздың денесі табылды. Еділ Тешебаев асылып қалған екен.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті сарбаздың өзіне қол салуына отбасылық мәселелер себеп болды деген қорытынды шығарды. Яғни "әскери қызметіне еш қатысы жоқ" деп санайды.

Алайда марқұмның туыстары бұған сенбейді. Сөздерінше, қайғылы оқиға қарсаңында ол ақша жіберуді сұраған. Сонымен қатар Еділ отбасына өлер алдында хат жазып кетіпті. Бірақ анасы бұл оның жазуына ұқсамайтынын алға тартты. 

Марқұмның анасы тәжірибелі дәрігер болғандықтан, ұлының денесінен гематомаларды байқапты. Дегенмен іс “Өзін-өзі өлтіру” нұсқасында қалып жабылды.

2022 жыл: "Бүйрегін езіп, бас сүйегін сындырып, темекіні арқасына басқан": Алмас Шахимовтың жұмбақ өлімі

Фото: shakhimov_almas Instagram-парақшасы

2022 жылы 9 тамызда Алматы облысында мерзімді қызметтің әскери қызметшісі Алмас Шахимов далалық оқу-жаттығу барысында қаза тапты. Оқыс оқиға Жетіген кентіндегі 55/74 әскери бөлімінің оқу орталығында болды. Жігіттің әскерге кеткеніне екі ай ғана болған.

Алғашында ресми деректер қатты дауыл тұрып, шатырлар қирап, шатырдың темір жақтауы 18 жастағы сарбаздың басына тиген деп көрсетті. Салдарынан ол тілге келместен көз жұмды деді. Ұлттық гвардия тіпті сарбазға ерлігі үшін марапат та берген. Алайда жақындары бұл марапаттан бас тартқан. Себебі олар Алмастың шаңды дауылдан өзгелерді құтқарып емес, біреудің қолынан мерт болғанына сенімді болды. 

Анасының сөзінше, Алмас бағынышты болған офицер әскерге қабылдана сала жігіттің атына несие алғызған. 

“27 мамыр оны алып кетті. Мамырдың 28-і күні ұлым Алматыға жетті. 29-да әскери бөліміне жетіп, 30-да оның атына несие рәсімделген”, – деді анасы. 

2024 жылы эксгумация қорытындысы шығып, ата-ананың күдігі расталды. Алмастың денесінен зорлық белгілері анықталған. 

Мәйіт сараптамасынан оң жағынан үш пышақ жарақаты, қылқындыру іздері, 26 дене жарақаты анықталған. Оның бүйрегін езіп, бас сүйегін сындырып, арқасына темекі басып, сөндірген екен. Алайда сараптамадан кейін не болғаны белгісіз.

2022 жыл. "Ауыз қуысынан, іш киімінен бірнеше ер адамның шәуеті табылған": Бекбол Мирашты суицидке жеткізген не?

Фото: Бибігүл Рамазан

2022 жылдың 19 тамызында қатардағы жауынгер Бекбол Мираш Тараздағы ҰҚК шекара қызметіне қарасты "Шөлдала" заставасында асылып тұрған жерінен табылған. 

19 жастағы жігіттің өліміне сержант Айбек Нұртаев кінәлі деп танылды. Күш қолданып, қызмет бабын асыра пайдаланып бопсалағаны үшін 3,5 жылға бас бостандығынан айырылды. Алайда “Өзін-өзі өлтіруге жеткізу” бабы бойынша сот оны ақтап жіберді. 

Тергеу мәліметтері бойынша, Нұртаев үш сарбазды алкогольдік ішімдік ішіп отырған жерінде ұстап алған. Кейіннен бұл фактіні ақша бопсалау мақсатында пайдаланып, Бекболдың ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлаған.

Алайда адвокат кемінде бес адам сотқа тартылуы керек деп санайды. Оның нұсқасы бойынша, Бекбол Мирашты қатарластары бірнеше рет зорлап, соны телефондарына түсіріп, бопсалаған. Сараптама қорытындысы бойынша "марқұмның аузынан және киімінен  шәует іздері табылыпты".

Дегенмен прокуратура сексуалдық сипаттағы зорлық нұсқасын жоққа шығарды.

2023 жыл: “Жиі ақша сұраған Арсен өзіне қол салды”

Фото: Мой город

2023 жылы Қонаев қаласында Әуе десанты әскерлерінің әскери бөлімінде 20 жастағы Арсен Ишанов асылып қалған.

Анасы әлі де әділ тергеу жүргізуді талап етеді. Өйткені әскери қызметтің ауыртпалығына шыдамай, өзіне қол салды дегенге сене алар емес.

Оның айтуынша, ұлы әскерге келгеннен кейін жиі ақша сұрай бастаған. Басында 2-3 мың, кейін сомасы өскен. Банк анықтамасы осыған дейін жігіттің 194 мың теңге сұратқанын анықтады. Өзіне қол салар алдын бір апта бұрын күтпеген жерден бірден 100 мың сұраған. Анасының сөзінше, жігітке қысым жасалды.

Алайда тергеушілер мен прокурорлар бопсалау нұсқасын ескермей, қылмыстық істі жауып тастады.

2023жыл. “Менингит немесе бүйрек ауруы?”

Фото: Әкесінің жеке архиві

2023 жылы 21 желтоқсанда Жетісу өңіріндегі Жаркентте 74621 әскери бөлімінің мотоатқыштар бөлімінде 18 жастағы Әмір Байтұрғанов қаза болды. Әскери бөлім жігіт менингит ауруынан өлді деп мәлімдеді. Бірақ жігіттің әкесі сарбаз бүйрек ауруына шалдығып, оған ешкім мән бермегенін айтады.

18 қарашада Әмір ант қабылдады. Сол кезде жақындарына бір бүйрегі ауырғанына шағымданған. Кейін ата-анасына қоңырау шалып, екі бүйрегі ауырып жүргенін айтыпты.

Әмір бөлімше дәрігерлеріне 28 қарашада хабарласып, 6 желтоқсанда ғана УДЗ-ға түскен. Зерттеу сипаттамасында сарбаздың созылмалы екі жақты пиелонефрит ауруы бар екені айтылған.

Әкесі баласының ауруына мән бермеген әскери бөлімшені салғырттығы үшін айыптайды.

2023 жыл: “Иегіне екі рет оқ атқан”

Фото: Жақындарының жеке архиві

Қайсар Сұлтанов 2023 жылдың 9 қазанына қараған түні мерт болды. Қайсар Астанадағы Ұлттық ұланның 6636 әскери бөліміне барған.

Өлерден бір күн бұрын Қайсар анасымен көріскен. Алайда анасы сарбаздың денесінен көгеру мен жарақаттарды байқамаған. 

Қайғылы оқиға болған түні сағат 01:00-де жаттығу дабылы жарияланып, жоспар бойынша Қайсар жаттығу залында болуы керек еді. Сағат 01:11 шамасында бейнебақылау камераларындағы таймердің мәліметінше, жігіт қаруды алып, жаттығу залына жүгірген.

"Ол спортзалға ұзын дәлізбен жүгіріп баруға мәжбүр болды, ол жерде екі терезе бар. Сағат 01:05-те көшедегі бейнекамера осы спортзалдың терезелеріндегі адамның сұлбасын түсіріп алды. Менің ұлым әлі жүгіріп үлгермеген. Яғни ол жерде біреу бар еді", – деді марқұмның анасы.

Сот-медициналық сарапшылар Қайсардың иегінен екі оқ жарақаты бар екенін айтады. Оның үстіне оқ араға 5-7 минут салып атылған деген болжам бар.  Сонымен қатар тергеу Қайсардың қолы мен аяғында сызаттар мен көгерген жерлерді, ал күртесінде 25-тен астам жарақат алғанын көрсеткен.

Алайда қылмыстың құрамы жоқ деген желеумен тергеу тоқтатылыпты. Алайда 2024 жылы жазда тергеу қайта ашылған. Ведомоство аталмыш фактілерді қайта тексеретінін мәлімдеді. 

2024 жыл: “Лейтенант бүйрегінен ұрған”

Фото: Жақындарының жеке архиві 

2023 жылы қазанда 19 жастағы Досымжан Сәлімжан әскери борышын Жетісу облысы Сарыөзек ауылындағы №29108 әскери бөлімінде өтеп жүрген.

2024 жылы 3 мамырда ол бүйрегі ауырып, әскери госпитальге түседі. Сонда он күннен соң көз жұмады. Сот-медициналық сараптама жігіттің "қолқа аневризмасы жыртылған" деген. Сөйтсе жігітті лейтенант ұрған екен.

Жанбота Шәкіров "Билiктi асыра пайдалану" бабы бойынша кінәлі деп танылып, 7 жылға сотталды. Сот оны лейтенант атағынан айырды.

2024 жыл: “Тапаншамен бетінен атқан”

Фото: Stan.kz

2024 жылы 7 қыркүйекте Маңғыстау облысындағы "Оймаша" полигонында "Батыс" өңірлік қолбасшылығы бөлімдерінің жиыны кезінде 19 жастағы Марат Барқұлов мерт болды. 

Іс материалдарына сәйкес 22 жастағы Дамир Досов кезекшілікке түскен. Сондықтан оған табельдік қару мен оқ-дәрі берілген екен. Шатырға кірген соң ол Макаров тапаншасын сарбаздарға кезеп, Барқұловтың бетінен атып жіберген. Сөзінше, ол сарбаздарды қорқытқысы келген, бірақ оқ барын білмеген. 

Сот оны қасақана өлтірді деп танып, 13 жылға соттады.

2024 жыл: 6 ай комада жатқан Ербаян Мұхтар 

Фото: instagram.com/erbayan2024

Алматы облысында Бауыржан Момышұлы атындағы 5571 әскери бөлімінде әскери борышын өтеуге барған 22 жастағы Ербаян Мұхтар дәретханада құлап, 6 ай ессіз жатты. Әскердегілер оны еденге тайып құлады дейді, алайда жақындары құлағаннан мұндай жарақат алатынына сенбейді. Айтуынша, Ербаян алғашында ауруханаға түскен кезде есін жиып, өзін ұрғанын басын изеп растаған. Кейін жігітке дәрігерлер ата-анасының рұқсатынсыз тағы ота жасап, миының жарты бөлігін алып тастаған екен. 

Содан кейін Ербаян мүлдем сөйлемейтін болып қалды, сонымен қатар еңбекке қабілетсіз болды. Әскери прокуратураның мәліметінше, "Денсаулыққа ауыр зиян келтіру арқылы әскери қызметшілер арасындағы өзара қарым-қатынастың жарғылық ережелерін бұзу" бабы бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Әзірге күдікті ретінде ешкім анықталмаған. Сондай-ақ рұқсатсыз ота жасаған дәрігерлердің үстінен де іс қозғалды. 

6 айдан кейін Ербаян комадан шықты. Кейін қазақстандықтар жігіттің еміне 218 миллион теңге жинап берді. Ата-анасы оны Түркияға емге апарып келді. 

Кейін ата-анасы Ербаянның беті бері қарап, өз бетімен тамақтана алатынын айтты. Десе де әлі аяққа тұрған жоқ. Әрі қарай емді Астанада жалғастырады. 

Айта кетейік, бұдан бөлек 2024 жылы Жетісу облысы Жаркент қаласында 14 қарашаға қараған күні 74261 әскери бөлімінің инженерлік қызмет бастығы капитан Дархан Дәулет мерт болды.  Әскеридің жақындары оны үш сарбаз майордың тапсырмасымен соққыға жығып өлтірді дейді. Алайда қорғаныс министрлігі қауіпсіздік шараларын бұзу салдарынан капитан көз жұмды деп отыр. 

2025 жыл: “Жүрегіне оқ атқан”

Фото: КТК арнасынан скриншот

14 қаңтар сағат 12:30 шамасында Жетісу облысында Сарыөзектегі №12740 әскери бөлімінде қатардағы жауынгер Дастан Құрманбек АК-74 автоматымен өзінің жүрегіне оқ атқан. 

Әскердегілердің айтуынша, Дастан күйзеліске түскен. Соны білген командир онымен жеке де әңгімелескен көрінеді. Телефон арқылы ата-анасымен сөйлесіп, 12 қаңтарда олар бөлімшеге келіп, ұлдарымен кездесіпті.

“Әскери-далалық оқу-жаттығулар кезінде сарбаз атыс қаруын қолдану ережесін бұзып, кеудесінен жарақат алған. Қылмыстық іс қозғалды. Өлімнің себептері анықталып, тергеу шаралары жүргізілуде, құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы басқаратын арнайы комиссия тағайындалды. Құрлық әскерлерінің қолбасшылығы марқұмның туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтады”, – делінген хабарламада. 

Қырмызы Скендирова
Сейсенбі, 06 Мамыр, 2025 12:00
Талқылау