Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Нұрлан Сабыровтың жұбайы Ресейдегі кәсібін жаба бастады – БАҚ

Нұрлан Сабыровтың әйелі Ресейдегі кәсібін сатып жатырФото: instagram.com/saburova_diana

Ресейлік БАҚ-та Нұрлан Сабыровтың жұбайы елдегі бизнесін жаба бастағаны туралы ақпарат тарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Mash Telegram-арнасының мәліметінше, Нұрлан Сабуровтың әйелі Диана 2025 жылы сусындар мен темекі өнімдерін саудалау үшін тіркелген “ДС Ритейл” компаниясын жойған.

“Кейінгі 12 айда компания активтері 1 миллион рубльге (5,8 миллион теңге) дейін өскен. Алайда наурыз айының басында Диана кәсіпорынды жабу туралы өтініш берген”, – делінген хабарламада.

Сабыровтың жұбайының бизнесін жауып жатқаны туралы ақпаратты РИА Новости де БИР-Аналитик деректеріне сілтеме жасап растады. Онда Диана Сабырованың “ДС Ритейл” компаниясының жалғыз құрылтайшысы екені айтылған.

“Компания 16.03.2026 жылдан бастап тарату процесінде”, – делінген тіркеу құжатында.

Сонымен қатар басылым Диана Сабырованың Ресейде жеке кәсіпкер ретінде тіркелген бизнесі әлі де бар екенін жазды. Ол биыл 5 ақпанда, күйеуіне Ресейге кіруге тыйым салынғаннан бірнеше күн өткен соң тіркелген.

Жеке кәсіпкер ретінде ол жарнама агенттіктерінің қызметімен айналысуға, сондай-ақ түрлі демалыс пен ойын-сауық шараларын ұйымдастыруға құқылы.


"Мұндай тыйым тіпті Зеленскийге салынбаған": Нұрлан Сабыров өз-өзін кекетті

Ұлттық қауіпсіздік комитеті "Вагнер" жауынгерлеріне мотоцикл берген Нұрлан Сабыровты тексеріп жатыр


Айта кетейік, бұған дейін ресейлік БАҚ-та қазақстандық танымал әзілкеш Нұрлан Сабыровқа Ресейге 50 жылға кіруге тыйым салынғаны жөнінде ақпарат тараған еді. Кейінірек оның Ресей азаматтығын алудан бас тартқаны белгілі болды. Сондай-ақ Сабыровтың Ресейге қайтып оралу шарттары жарияланған.

Артынша Сабыровтың Украинаға қарсы соғысып жатқан Ресейдің “Вагнер” ЖШС жауынгерлеріне 10 мотоцикл беріп, "Барлығы жеңіс үшін" қорына 2 млн рубль аударғаны туралы ақпарат тараған. Артынша Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті осыған қатысты тексеру жүргізіп жатқаны белгілі болған. Алайда Қазақстанда Нұрлан Сабыровқа қатысты қылмыстық іс қозғалмаған.

Балнұр Рахматуллақызы
Сейсенбі, 17 Наурыз, 2026 20:02