Нұрлан Еспанов танымал блогермен бірігіп, Алматы әкімдігіндегі жұмысшыларға тегін тамақ таратты
Нұрлан Еспанов блогер Елдос Қадірхановпен бірігіп, Алматы әкімдігінде жөндеу жұмыстарын жасап жатқан жұмысшыларға ыстық тамақ таратты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Игі іске атсалысқан танымалдар бұл жаңалықпен жеке парақшаларында бөлісті.
"Бүгін Елдос інімнің қолдауымен осындай игі істің куәсі болдық. Әкімдікті жөндеп жатқан жұмысшыларға ыстық тамақтарды Алла разылығы үшін таратқан жайымыз бар. Осындай қиын-қыстау уақытта бір болайық, бар болайық мұсылман бауырлар. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!" – деп жазды Еспанов.
Видеода Еспанов Қадірхановпен бірігіп, әкімдікті қалыпқа келтіріп жатқан азаматтарға тамақ таратқан. Жұмысшылар арасынан қарт кісілерді көруге болады. Олар жанашыр азаматтарға алғыс білдірді.
"Әкімшіліктің дымы қалмапты, сырты бүтін іші түтін. Енді барлығын ретке келтіру жұмыстары басталып кетті. Алла жеңілдігін берсін, Алла күш қуат берсін. Бұл күндер де өтер, Алла қаласа бәрі жақсы болады", – деді Елдос Қадірханов.
Желі қолданушылары азаматтардың бұл әрекетіне тәнті болып, ризашылықтарын білдірді.