Нұр-Сұлтанда полиция емшектегі cәбиді ұстады: Полиция видеоға қатысты түсініктеме берді
Нұр-Сұлтан полициясы "Астана" концерт залы маңында өткен митинг кезінде бірнеше адамның, оның ішінде 30 жастағы әйелдің сәбиімен бірге ұсталуына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Маңғыстау облысындағы наразылықты қолдау мақсатында Нұр-Сұлтанда да бір топ адам жиналды. Арасында қоларбадағы баласымен келген келіншек те бар.
Әлеуметтік желіде полиция жиналғандарды арнайы көлікке отырғызып жатқан видео тарады. Ол жерде тәртіп сақшылары митингке кішкентай баласымен келген әйелді де ұстағаны айтылады.
Екі полицей қоларбаны екі жағынан ұстап, арнайы көліктің ішіне кіргізген.
Видео авторы "Баланы ұстап жатырсыздар ма?" деп сұрайды.
Соған байланысты Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі түсініктеме берді. Олардың хабарлауынша, 4 қаңтарда "Астана концерт залы" ауданында бір топ азамат рұқсат етілмеген митинг ұйымдастыруға тырысты.
"Жергілікті атқарушы органдардың өкілдері түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Алайда жиналған азаматтар құлақ аспай, заңды талаптарды орындаудан бас тартты. Мән-жайды анықтау үшін бірнеше адам полицияға жеткізілді", - деп хабарлады полиция.
Ал келіншек баласымен полиция бөліміне емес, үйіне жеткізілген.
"Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында полиция қызметкерлері елорданың 30 жастағы тұрғынын 5 айлық баласымен бірге шағын автобуспен үйіне алып кетті", - деп мәлімдеді полиция.