“Ninety one” тобы: Қайрат пен Төреғалиді тыңдамаймыз, бірақ сыйлаймыз
Атышулы Ninety one тобының жігіттері Қазақстан шоу-бизнесіне деген көзқарастарын білдірді. 91 тобы қазақ әншілерін тыңдамайтындарын ашық мойындады. Бірақ оларды менсінбегеннен емес, тек музыкаға деген талғамдары әртүрлі болғандықтан шетелдік әншілерді тыңдайтындарын айтып ақталды.
Бұл туралы Ninety one блогер Ержан Рашевқа Facebook-те берген сұхбатында айтқан, деп жазады Stan.kz.
Блогердің “Соңғы уақытта не тыңдап жүрсіздер?” деген сұрағына жауап беру барысында 91-дің жігіттері Крейк Дэвид, Еминем, Майкл Джексон, Ашер, Аэросмит сынды шетелдік әншілердің есімдерін атап шықты. Тіпті, сөз арасында: “Шынын айтайық, қазақ әншілерінен ешкімді тыңдамаймыз”, – деп айтып қалды. Бірақ артынша:
“Жұрттың Ninety one тобы қазақ әншілерін тыңдамайды екен” деп ойлағанын қаламаймыз. Тек факт бойынша, соңғы кездері кімді тыңдап жүргенімізді атадық”, – деп түсіндірді топ солисі Alem.
91-лік жігіттердің айтуынша, заманауи қазақ музыкасы қарқынды дамып келеді.
“Бұрын әндерде мағына, ешқандай философия болмайтын. Ол әндерден алатын нәрсе жоқ және онымен жастарды тәрбиелей алмайсыз. Біз бала, одан бергіде жасөспірім болған кезде музыкамен тәрбиелендік. Жалпы көптеген адамдарды музыка тәрбиелейді, әншінің образы немесе басқа емес, нақты музыканың өзі. Өз басым ешқашан әншінің образына қызыққан емеспін, маған тек музыканың естілуі мен ән мәтіні қызық болатын. Біздің ойымызша, музыка – ол жандарды біріктіретін нәрсе. Ал бұрын бізде ондай жанды біріктіретін музыка болған жоқ. Қазір бәрі өзгерді, тыңдауға болатын әндер көп”, – деп түсіндірді рэпер ZAQ.
“Себебі қазір таңдау көп. Оған қуаныштымыз. Жалпы бізге Moonlight тобы ұнайды. Топ жігіттерімен жеке таныспыз, доспыз. Олар әнді өздері жазады және жақсы жазады”, – деп қоштады оның сөзін Alem.
Блогердің: “Қайрат Нұртас пен Төреғали Төреәліні тыңдамайсыздар ма?” деген сауалына 91 тобы:
«Жоқ. Ол біздің толқын емес. Оларды құрметтейміз. Себебі олар көп еңбектенді. Бұл расында да қошемет көрсетуге тұрарлық нәрсе. Халық жақсы көріп, сыйласа, біз де сыйлаймыз. Бірақ біздің талғамымыз әртүрлі. Бар болғаны сол», – деп жауап берді.
Жіберіп алмаңыз:
“Ninety one” тобы: Хейтерлерден қорғану үшін шынайы өмірде қару қолданғанымыз рас (видео)
Ерке Есмахан ұстазы Баян ұқсап кітап жазбақшы
Дана Нұржігіт екінші жолдасымен қалай танысқанын баяндап берді
Алпамыс Шәрімов: Әлем жұлдыздары дуэт айтуды ұсынды, бірақ Димаш ойлануда