Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Нигериялық футболшы билет алуға ақшасы болмай Алматы әуежайында үш ай тұрған

Фото: Threads

Нигерия азаматы елден шыға алмай, Алматы әуежайында шамамен үш ай бойы тұрып келген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Tengri Travel  сайтына сілтеме жасап хабарлайды. 

Аталған жадайды өзін қайырымдылық қорының негізін қалаушы деп таныстырған қолданушы Threads парақшасында баяндаған. Оның сөзінше, Нигерия азаматы көші-қон қызметінің шешімімен Қазақстаннан кетуі тиіс болған. Алайда елден шығу барысында қиындықтар туындаған. 

Ер адамның төлқұжатын алып қойған. Ал елден кету үшін әуе билеті керек болған, бірақ оны сатып алуға ақшасы болмаған.

“Әуежай қызметкерлері оны өз қаражатына тамақтандырып, көші-қон қызметімен байланыс орнатуға көмектесіп жүр. Өкінішке қарай, оның билет алуға ақшасы жоқ”, – делінген жазбада.

 

Скрин: Threads

Желі қолданушылары не дейді?

Алайда қаржылай көмек сұраған жазба желі қолданушылары арасында дау тудырды. Кейбірі оқиғаның шынайылығына күмән келтіріп, құқықтық жағына қатысты сұрақтар қойды.

“Ақша жібермеңіздер. Егер шетелдік азамат әуежайда ұсталған болса, полиция оның елшілігіне хабарласар еді. Мұндай мәселелермен беймәлім қор емес, елшілік айналысады. Бұл біздің емес, оның елшілігінің мәселесі. Біздің азаматтар тонау салдарынан ұша алмай қалса, өз елшілігіне жүгінеді. Олар билет алып береді. Ал Қазақстанға келген соң ақшаны қайтарып алады. Сондай-ақ уақытша құжаттар рәсімдейді”, – деп жазды бір қолданушы.

Ал тағы бірі: “Төлқұжатсыз билетті қалай сатып алады?” деген сұрақ қойды. 

“Нигерия азаматының елшілігі, Сыртқы істер министрлігі және репатриация тетіктері бар. Ал көші-қон қызметінің елден шығару туралы шешімінің көшірме құжаты қайда? Бұл алаяқтық схема көрінеді”, – деп пікір білдірді тағы бір желі қолданушысы.

Жазба авторы жауап ретінде төлқұжаттың фотосуреті мен барлық қажет деректер бар екенін айтты. Оның сөзінше, ер адам өзі көмек сұрамаған, бастаманы әуежай қызметкерлері көтерген.

“Оның үш ай бойы бір жерде жүргенін көріп, аяп кеттік. Қазір көші-қон полициясы қызметкерлерімен байланыстамыз”, – деп жазды ол.

Ал кейбір қолданушылар мәселені шешудің балама жолдарын ұсынды.

“Оның қолында төлқұжаттың түпнұсқасы бар ма? Қазақстанда көші-қон қызметі көмектесуі мүмкін. Ал егер рейс ауыстырып ұшатын болса, құжаттар қайта сұралуы ықтимал. Нигерияға кіргенде де құжат талап етіледі. Мысалы, Ыстамбұл – Мехико рейсінде билет болса да, егер ол бөтен картадан алынған және алдын ала өтініш рәсімделмесе, ұшаққа отырғызбайды. Сондықтан барлық аралық бағыттар мен елдердің, әуекомпаниялардың талаптарын тексеріп алған жөн”, – деді бір қолданушы.

Ал енді бірі: “Қазақстанда нигериялық диаспора бар, соларға жүгініңіздер. Олар бұл жағдайдан хабарсыз деп ойламаймын”, деп жазды.

Соңы немен аяқталды?

Аталған жағдайды хабарлаған автор Нигерия азаматының өз еліне кететінін хабарлады. 

“Нигериядан келген жігітке қатысты оқиға үш тәуліктен кейін сәтті аяқталды. Бүгін түнде Юнус Алматы қаласының әуежайынан аман-есен еліне ұшып кетті, кешке қарай туған-туыстарымен қауышады. Басымыздан өткен жағдайды сөзбен жеткізу қиын. Ең бастысы бәрі жақсы аяқталды”, – деп жазды автор.

Фото: Threads

Ал Ішкі істер министрлігі шетелдік азаматтың Қазақстанда болу мерзімін бұзғаны үшін сот шешімімен елден шығарылғанын растады.

Сондай-ақ ведомство әуе билеттері еріктілердің қаражатына сатып алынғанын және Нигерия азаматы Қазақстаннан кеткенін хабарлады.

“Оған құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен нигериялықтар қауымдастығы көмектесті. Киім-кешек пен әуе билеттері сатып алынды”, – делінген хабарламада. 

Алматы әуежайы өкілдерінің айтуынша, Нигерия азаматы үш ай бойы әуежайдың жалпы аймағында болған.

“Ол әуежай аумағында болған уақыт ішінде қызметкерлер тарапынан мүмкіндігінше, адамгершілік тұрғысынан гуманитарлық көмек көрсетілді”, – делінген хабарламада. 

Әуежай өкілдері қазір шетелдік азаматтың әуежай аумағынан кеткенін, оның нақты қайда екені белгісіз екенін айтты. 

Әуежайда қалып қойған азамат футболшы болып шықты

Алматыдағы халықаралық әуежайда 3 ай бойы тұрып келген нигериялық азамат футболшы болып шықты. Мұны Алина Паукова есімді Air Astana әуе компаниясының қызметкері мәлімдеді. Ол әуелі Нигерия азаматымен қалай танысқанын айтып берді. 

“Оны күн сайын әуежайдан көріп жүрдім. Бір күні жанына жақындап барып сөйлестім. Ағылшынша екеуміз шала сөйлесек те, бір-бірімізді түсіндік. Ол маған өз басынан өткен оқиғаны айтып берді. Оның аты Соломон Таки, ал тағдыры Том Хэнкс ойнаған “Терминал” фильмін еске салады. Соломон Ганадан шыққан кәсіби футболшы болыпты. Алдымен Тәжікстандағы клубта ойнаған, кейін оны Бішкектегі "Дордой" клубы сатып алған. Ол Бішкекке Алматы арқылы ұшуы тиіс болған, алайда Қырғызстанға визасы болмағандықтан, рейске отырғызылмаған. Артқа да қайта алмапты. Тәжікстан визасының да мерзімі өтіп кеткен. Ал Алматы қаласынан шығайын десе Қазақстанда визасы жоқ. Осылайша Соломон әуежайда үш ай бойы тұрып қалды”, – деп жазды ол. 

Скрин: Threads

Сонымен біз де нигериялық азамат туралы дерек іздеп көрдік. Соломон Келвин Инкум – ганалық футболшы, Қырғызстанның Алай клубының шабуылшысы.

2012 жылдан бастап Тәжікстанда Равшан клубында ойнап, командасымен 2012 және 2013 жылдары ел чемпионатын екі рет жеңіп аған. 2014 жылдың басында Далерон-Уротеппа клубына ауысыпты. Бұл командамен 2014 жылғы маусымда қола жүлдегер атанып, Тәжікстан чемпионатының ең үздік легионері деп танылған екен.

2015 жылдың жазында Барки Тоджик клубына өтіп, 2016 жылдың көктемінде Хосилот командасында өнер көрсеткен. 2015-2016 жылы қыс мезгілінде қысқа уақытқа Ирактың Дахук клубында ойнаған.

2016 жылдың жазында Қырғызстанның “Алай” (Ош) клубына ауысып, Қырғызстан чемпионы атанған.

Фото: vb.kg

Ал 2017 жылдың басында бішкектік Дордой клубына өтіп, онда ұзақ тұрақтамай, сол жылдың жазында Абдыш-Ата командасына ауысқан. Бұл клубта бір жыл ойнап, 2017 жылы ел чемпионатының күміс жүлдегері болған. 

2018 жылдың жазында қайтадан “Алай” клубына оралып, командамен бірге тағы да күміс жүлде жеңіп алыпты. 

Жұмаділлә Нұрила
Жұма, 23 Қаңтар, 2026 16:00