Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

BI Development компаниясы үлескерлеріне 25 миллиард теңге дивиденд төлейді

Фото: bi.global

Қазақстандағы тұрғын үй салу және сату саласындағы ең ірі құрылыс компаниясы BI Development компаниясы үлескерлеріне 25 миллиард теңге дивиденд төлейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

BI Development үлескерлері 18 наурызда өткен жалпы жиналыста 2025 жылдың 9 айындағы таза пайда 81,9 миллиард теңгені бөлу туралы шешімді мақұлдады. Акционерлер табыстың үлкен бөлігін, яғни 56,9 миллиард теңгені, компанияның әрі қарай дамуы үшін құрылыс компаниясының иелігінде қалдыруға шешім қабылдады.

Ал 9 айдағы пайданың 25 миллиард теңгесі акционерлерге дивиденд ретінде төленеді. Айта кетейік, компания 2025 жылдың үшінші тоқсанында пайдасын 80%-ға арттырған.

BI Development – Қазақстандағы ең ірі тұрғын үй құрылыс компанияларының бірі. Компания BI Group холдингінің құрамына кіреді.

Adata деректері бойынша, жеке меншік BI Group компаниясының 21 теңқұқылы иесі бар. Акционерлердің компаниядағы нақты үлестері белгісіз, бірақ компанияның бақылаушы тұлғасы кәсіпкер Айдын Рахымбаев, ол Қазақстанның ең бай азаматтары тізімінде 10-шы орында тұр. Холдингтің басқа акционерлері арасында Forbes тізіміндегі Бауыржан Исабаев, Асхат Омаров, BI Development басшысы Амангелді Омаров, BI Engineering and Construction басшысы Данияр Оспанов және холдингтің басқа да жоғары менеджерлері бар.

STAN.KZ
Сейсенбі, 31 Наурыз, 2026 23:29