Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Израильде терроризм үшін сотталған палестиналықтарға өлім жазасын енгізетін заң қабылданды

Фото: ВВС

Израиль парламенті палестиналықтарға террорлық шабуылдар үшін өлім жазасын стандартты жаза ретінде белгілейтін заңды қабылдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ВВС порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Сыншылар бұл заңды дискриминация деп санайды. Кейбір еуропалық елдер оның Израильдің "демократиялық принциптеріне" қауіп төндіруі мүмкін екенін ескертті.

Заң үшінші, соңғы оқылымда қабылданды: 62 депутат қолдады, 48 қарсы болды. Премьер-министр Биньямин Нетаньяху бұл бастаманы қолдаған.

Заң бойынша, Израиль бақылауындағы Батыс жағалаудағы палестиналықтар, әскери соттарда "террористік әрекет" деп танылған шабуылдарға қатысқаны үшін 90 күн ішінде өлім жазасына кесіледі. Мерзімді 180 күнге дейін ұзартуға болады. Бірақ кешіру мүмкіндігі жоқ.

Теориялық тұрғыда бұл заң Израиль азаматтарына да қолданылуы мүмкін. Бірақ практикада мұндай жағдай сирек кездеседі. Себебі өлім жазасы тек "Израиль мемлекетінің болмысын жоққа шығару" мақсатындағы шабуылдарға ғана қатысты. Израильде сотталған азаматтар үшін өлім жазасын өмір бойы түрмеде отыруға ауыстыруға болады.

Сыншылардың айтуынша, заң тек палестиналықтарға қолданылады. Ал израильдік еврейлерге ұқсас қылмыс жасаған жағдайда қолданылмайды.

Заңды әсіресе 2023 жылғы 7 қазандағы ХАМАС шабуылдарынан кейін оңшыл партиялар белсенді түрде қолдады. Ұлттық қауіпсіздік министрі Итамар Бен-Гвир мен оның "Оцма Йехудит" партиясы негізгі рөл атқарды. Дауыстан кейін Бен-Гвир X әлеуметтік желісінде: "Біз тарихқа ендік! Уәде бердік. Орындадық" деп жазды.

Оның партиясының мүшесі Лимор Сон-Хар-Мелех, палестиналықтар шабуылдан күйеуі қаза болған әйел, заңның қажет екенін айтты. Ол мысал келтірді: күйеуін өлтірген бір адам кейін босатылып, 2023 жылғы 7 қазанда Израильге қарсы шабуылдарға қатысқан.


  • АҚШ Иранмен байланысты соғыс шығындарын араб елдерінің төлегенін қалайды

Бұл заңды сынға алғандар

Оппозициялық "Демократтар" партиясының лидері Яир Голан заңды сынға алды. Ол заң халықаралық санкцияларға алып келуі мүмкін екенін ескертті.

"Террористерге өлім жазасы – қажетсіз бастама. Тек Бен-Гвирді қолдауға арналған. Бұл Израиль қауіпсіздігін жақсартпайды", – деді ол. 

Газа секторын бақылап отырған радикалды ХАМАС тобы заңның қабылдануы палестиналық тұтқындарының өміріне қауіп төндіретінін жеткізді. Олар халықаралық қауымдастықтан олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді сұрады.

Израильдегі азаматтық құқықтарды қорғау ұйымы заңды жоюды талап етіп, елдің Жоғарғы сотына өтініш берді.

"Бұл заң Конституцияға қарсы, дискриминациялық сипатта және Батыс жағалаудағы палестиналықтарға қатысты заңсыз негізде қабылданған", – делінген ұйымның хабарламасында.

Енді Жоғарғы сот бұл өтінішті қарастыра ма, жоқ па, шешім қабылдауы керек.

БҰҰ сарапшылары заңда "террорист" ұғымы анықсыз берілгенін және бұл өлім жазасын "шын мәнінде террористік емес әрекеттерге" қолдануға әкелуі мүмкін екенін ескертті.

Израильдік B’Tselem құқық қорғау ұйымы Батыс жағалауда палестиналықтар сотталатын әскери соттарда айыптау деңгейі 96% және мойындау алу үшін азаптау әдістерін қолданатынын хабарлады.

Amnesty International мәліметіне сәйкес, әлемде 54 елде, оның ішінде АҚШ пен Жапонияда, өлім жазасы сақталған. Бірақ жалпы әлемдік тенденция оны жоюға бағытталған: 113 ел бұл жазадан бас тартқан.

Барлық тарихында Израильде өлім жазасы тек екі рет орындалған. Солардың бірі – нацистік әскери қылмыскер, Холокосттың ұйымдастырушыларының бірі Адольф Эйхман. Ол 1962 жылы атылған.

STAN.KZ
Сейсенбі, 31 Наурыз, 2026 10:38