Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

80-ге жуық жолаушысы бар ұшақ өрт сөндіру көлігіне соқтығысып, төрт адам зардап шекті (видео)

Фото: The New York Times

АҚШ-тың Нью-Йорк әуежайында ұшақ өрт сөндіру көлігімен соқтығысып, бірнеше адам зардап шекті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі NBC арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Нью-Йорк қаласында Air Canada Express әуе компаниясының ұшағы Ла-Гуардия әуежайының ұшу-қону жолағында өрт сөндіру көлігімен соқтығысты. Салдарынан өрт сөндіру көлігінде болған төрт адам зардап шеккен. Олардың екеуі ауыр жарақат алған.

Монреальдан ұшып келген Bombardier CRJ-900 ұшағында 76 жолаушы мен төрт экипаж мүшесі болған. Қақтығыс ұшақ шамамен 48 км/сағ жылдамдықпен қозғалып, қонуды аяқтауға жақындаған кезде болған.

Әлеуметтік желіде тараған видеодан ұшақтың алдыңғы бөлігі көтеріліп тұрғанын байқауға болады. 

АҚШ-тың Федералдық азаматтық авиация басқармасының мәліметінше, әуежай уақытша жабылып, барлық рейстер тоқтатылған. Ал Ұлттық көлік қауіпсіздігі кеңесі оқиға бойынша ақпарат жинап жатқанын мәлімдеді.

STAN.KZ
Дүйсенбі, 23 Наурыз, 2026 12:15