Жамбыл облысында моншаға барған әйел жанжалдың кесірінен 4 жылға сотталды

Жамбыл облысында моншаға барған әйел өзге келушімен жанжалдасып, оның басынан телефонмен ұрған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жамбыл облысының Сарысу аудандық сотының мәліметінше, оқиға 2025 жылдың қазан айында Жаңатас қаласында болған. Монша ғимаратының алдында сотталушы мен жәбірленуші арасында ауызша жанжал туындаған. Жанжал кезінде сотталушы қолында тұрған смартфонымен жәбірленушінің басына соққы берген.
“Сараптама қорытындысына сәйкес, жәбірленушінің миы шайқалған, бірінші дәрежелі ми контузиясы, сондай-ақ сынық түріндегі жабық ми жарақатын алған. Бұл адам өміріне қауіпті денсаулыққа ауыр зиян санатына жатады. К.-нің кінәсі тараптардың айғақтарымен және сараптама қорытындысымен расталды. Сарысу аудандық соты қылмыстық кодекстің 106-бабының 1-бөлігі (денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтірді) деп айыпталды”, – делінген хабарламада.
Прокурор 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Сотталушы кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкініш білдіріп, жәбірленушіден кешірім сұрады. Сотта жәбірленуші сотталушыны кешіретінін айтты.
“Сот айыпталушының шын өкінгенін және оның кішкентай балалары барын жеңілдететін жағдай ретінде ескерді. Ал қылмысты мас күйінде жасауы ауырлататын жағдай деп танылды. Сот шешімімен К. қылмыстық кодекстің 106-бабы 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Алайда кішкентай балаларының болуына байланысты жаза 5 жылға кейінге шегерілді”, – делінген хабарламада.
"Сап-сау баламды мүгедек қылып алдым": Қазақстандық әйелдің көзінше баласы азелит ішіп, өңешін күйдіріп алған