Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Аяғыма оқ тиіп, кестіруге мәжбүр болдым": Сынаққа сынбаған Паралимпиада чепионы Ербол Хамитов жайлы не білеміз?

Ербол Хамитов Фото:ҰПК

28 жастағы Ербол Хамитов Паралимпиада ойындарының алтыны мен қоласын жеңіп алып, ел қоржынына тарихи жүлде салды. Stan.kz тілшісі төрткүл дүниеге көк туымызды танытып, Әнұранымызды шырқатқан спортшы туралы біліп көрді. 

Ербол Хамитов 1997 жылы Петропавл қаласында дүниеге келген. Бала кезінен ата-әжесінің тәрбиесінде өскен. Спортшы балалық шағында аздап бұзық болғанын жасырмады.

"Бала кезімнен ата-әжемнің қолында өсіп, сол кісілердің тәрбиесін алдым. Балалық шағымда бұзықтау болдым. Мені көріп отырған жас спортшыларға айтарым: өздеріңізге сеніңдер, ешқашан берілмеңдер. Әрқашан тек алға ұмтылыңдар", – дейді Ербол Хамитов.

2017 жылы Петропавл қаласында болған атыс кезінде Хамитовтың аяғына аңшы мылтығының оғы тиіп, аяғын кесуге мәжбүр болған.

"Жастықпен қатар жігерім артып, бір сәтте абайсыз әрекетімнен аяғымнан айырылып қалдым. Нақтырақ айтсам, оқ тиіп, бір аяғым тізеден төмен кесілді. Бұл жарақат мені қатты күйзеліске салды. Дегенмен өмірден бас тартпадым. Өзіме қиындыққа мойымайтын адам болуға уәде бердім. Өткенге өкінбей, өз жолыммен алға жылжуды жөн көрдім. Ең бастысы – ата-анамның разылығы мен үшін бәрінен маңызды", – дейді спортшы.

Ербол Хамитов Фото: Спортшының жеке архивінен

Ол сынаққа сынбай,  бір аптадан соң спортпен шұғылдана бастаған

"Отадан кейін бір жарым апта өткен соң үйге шығарды. Содан кейін ақырындап жаттығуларға кірістім. Бастапқыда балдақпен жүріп жаттыға бастадым. Қалай болғанда да бұл сынақ маған біраз жігер берді. Мүгедек адамдар да биік шыңдарды бағындырып жатқанын көрдім. Сондықтан пара шаңғы және пара биатлонмен айналысуға шешім қабылдадым. Сол төккен тердің жемісін көріп отырмын. Менің ойымша, адамның басына қандай сынақ келмесін, мойымау керек. Спортта физикалық күштен бөлек, ішкі ерік-жігерің мықты болса, алынбайтын қамал болмайды", –  дейді Ербол.

Осыдан кейін Ербол 2018 жылдан бастап пара шаңғы және пара биатлонмен кәсіби түрде айналыса бастаған. Спортты тек физикалық күш емес, ішкі ерік-жігердің де маңызды екеніне тоқталды.

"Шаңғы спортымен басынан айналысқан жоқпын. Бұған дейін ережесіз жекпе-жек, грэпплинг және джиу-джитсумен шұғылдандым. 2019 жылы грэпплингтен ересектер арасындағы ел чемпионатында вице-чемпион атандым, сондай-ақ Азия чемпионы болдым. Негізі бұл спорт түрлерін әрі қарай да жалғастыруға болар еді. Бірақ төрт жылда бір өтетін Олимпиада ойындарына қатысу –  менің үлкен арманым еді. Ал грэпплинг пен джиу-джитсу Олимпиада бағдарламасына кірмегендіктен, шаңғы спортына ауысуға шешім қабылдадым. Спортта тек физикалық күш емес, ішкі ерік-жігер де маңызды. Адамда жігер болса, алынбайтын қамал болмайды", – дейді чемпион.

Пара спортқа келу жолында Ерболға қолдау көрсеткен адамдар көп болғанын да атап өтті. 

"Менің осы спортқа келуіме Висилова Сергеевна мен Анатолий Игрович үлкен бағыт-бағдар берді. Бастапқыда мен параспортшыларды мойындамадым. Бірақ уақыт өте келе олардың қаншалықты мықты, қайсар әрі еңбекқор екенін түсіндім. Қазір мен үшін үлгі тұтатын паралимпиадашылар бар. Мен параспортқа 2018 жылы келдім, сол уақыттан бері осы салада өзімді дамытып келемін", –  дейді Хамитов. 

Фото: Спортшының жеке архивінен

Ербол Хамитов 2023 жылы әлем чемпионатында ел тарихында бұрын-соңды болмаған нәтижеге қол жеткізіп, айды аспаннан бір-ақ шығарды. 

2023 жылы Ербол Хамитов Швецияда ерекше жетістікке жетіп, пара биатлон мен пара шаңғыдан Қазақстан тарихындағы тұңғыш әлем чемпионы атанды.

Сол кезде әкімдік спортшыға арендаға үш бөлмелі пәтер берді. Ал 2025 жылы әкімдікке кіргенде сол пәтерді өзі сатып алуды сұраған.Ербол Хамитов Фото:ҰПК

2025 жылы биатлоннан 12,5 км жеке жарыста әлем чемпионы болып, паралимпиадашылар арасындағы биатлон бойынша Әлем кубогының жалпы есебінде жеңіске жетті.

Ол басты мақсаты сыйлық емес, Қазақстан мен әлем тарихында өз есімін алтын әріппен қалдыру екенін атап өтті.

"Есімді әлем және Қазақстан тарихында қалдырғым келді. Бүгін арманыма жеттім. Өзім осыдан біраз уақыт бұрын күнделігіме “Паралимпиада чемпионы болсам екен” деп жазып едім. Армандар орындалады екен", – дейді Ербол Хамитов.

Ол бұған дейін Паралимпиада ойындарында Ербол Хамитов отырып жарысатын спортшылар арасындағы шаңғы спринтінде қола медаль жеңіп алды. Ол іріктеуде алтыншы орын алып, жартылай финалда өз тобында бірінші болды.

STAN.KZ
Жұма, 13 Наурыз, 2026 19:55