"4 миллион теңге күйіп кетті": Мерекеде қызғалдақ сатқан қазақстандық кәсіпкерлер биыл шығынға батқан

Биыл Халықаралық әйелдер күніне орай қызғалдақ сатумен айналысқандардың қарасы көбейіп кетті. Бұл жағдай көп кәсіпкерлердің саудасын жүргізбей, табыс табудың орнынан қарызға батырған. Гүл сату кәсібінде тәжірибесі бар қазақстандық Айжан Утегулова Stan.kz редакциясына берген сұхбатында жағдайдың неге бұлай болғанын, өзінің қанша шығынға ұшырағанын баяндап берді.
Алматы қаласының тұрғыны Айжан Утегулова – гүл бизнесінен хабары бар кәсіпкер. Алайда биылғы мереке оның кәсібінде күтпеген жағдаймен есте қалмақ.
“Біздің отбасымыздың гүл бизнесімен айналысып жатқанына 10 жылдан асты. Бұл алғашқыда менің күйеуімнің отбасылық бизнесі еді. Мен де қатарға қосылғанда өзімнің тұрақты клиенттерім пайда болды. Кейін негізгі кәсібімізді жалға беретін болып шештік. Бірақ тұрақты клиенттер қалды. Сол себепті мен мереке күндері өзім гүл сататын болдым. Осы жылдар бойы түсінгенім: ер адамдар үшін сенімді жерге барып, гүлді сол жерден сатып алған маңызды. Олар гүлді жол жөнекей ала салса да болады, бірақ көбі қаланың шеті болса да бізге келеді”, – дейді Айжан.
“Мереке жақындаған сайын баға құлдырай берді”
Ол гүл бизнесінде жұмыс істеудің қаншалықты қиын екенін айтты. Бірақ кәсібін дөңгелетіп отырған әйел алғаш рет шығынға ұшыраған.
“Біріншіден, тауар тез бұзылады. Екіншіден, гүл – қажет температура мен күтімді қажет ететін тірі өнім. Үшіншіден, флористің әдемі композиция жасау үшін талғамы болу керек. Осы жылы біз бірінші рет шығынға батып отырмыз. Тек біз ғана емес, көп кәсіпкерлер де гүлдерін өткізе алмады. Жыл сайын бір жылыжайдан көтерме бағамен аламыз. Бір қызғалдақтың бағасы 400 теңге шамасында. Жоспар бойынша, ақпанда бағасы өсу керек еді. Бірақ нарықтағы баға мүлдем өзгеріп кетті. Бірде әлеуметтік желіде бәрі гүлді жаппай өте төмен бағада сата бастады. Мереке жақындаған сайын баға құлдырай берді. Биыл өте көп адам қызғалдақ өсірумен айналыса бастағандықтан осылай болды”, – дейді алматылық кәсіпкер.
“2000 дана гүл сатылмай қалды”
Сондай-ақ осы жылы сапасыз, сатуға жарамыз гүлдер көп болды деп отыр кәсіпкер. Гүлдердің ойдағыдай сатылмай қалғанына бұл фактор да әсер еткен.
“Жеткізушінің айтуынша, Голландиядан сапасыз пиязшықтар келген. Біз үш күнде, яғни 6,7,8 наурызда ғана қарқынды түрде сатамыз. 6 наурыз күні жоспар бойынша 3000 гүл сатуымыз керек еді. Бірақ тек 166 дана қызғалдақ саттық. Мен қатты таңғалдым. Сол кезде мені “мереке күн жақсы сатылады” деп жұбатты. Бірақ жағдай күн сайын қиындай берді. Көтерме саудагерлер гүлдерді өткізе алмай, олардан тезірек құтылу үшін көтерме бағамен сата бастады. Салдарынан нарықта гүлдер жаппай өте төмен бағада сатылды. Бағалар күрт төмендеп кеткендіктен сатушылар пайда табу үшін емес, тауарға салған ақшамызды қайтарып, қарызға батпаудың амалын жасадық. Біз үш сауда нүктесіне деп 9000 қызғалдаққа тапсырыс бердік, оның 6000-ын дерлік өз бағасына саттық, 1000 данасы сатуға жарамай қалды, 2000-ы мүлде сатылмай қалды. Салдарынан 1 миллион теңге шығынға ұшырадық”, – дейді Айжан Утегулова.
Фото: Тhreads.com/@a.lesovna
“Гүлдерді мереке жақындағанда, сұранысқа қарай сатып алу керек”
Нарықтағы тәжірибесі бар немесе жағадан келген сатушылар үшін бұл есеңгірететіндей тәжірибе болды деп мойындап отыр ол.
“Көбі мереке қарсаңында жақсы табыс табамыз деп үміттенген еді, бірақ соңында салған ақшасы да ақталмай қалды. Келесі жылы көтерме саудагерлер сақтықпен әрекет етіп, бағаны осылай күрт түсіріп, нарықты құлатпайды деп үміттенемін.Жеке өзім бұл жағдайдан мынадай қорытынды жасадым: алдағы уақытта гүлдерді алдын ала емес, мерекеге жақын уақытта, нақты сұранысқа қарай сатып алуға тырысамын. Осылайша тәуекелді азайтып, осындай жағдайлардың алдын алуға болады”, – дейді Айжан бұл жағдайдан сабақ алғанын айтып.
“300 мың теңгеге нысанды жалға алдым, өзім 100 мың теңге таптым”
Астаналық тәжірибелі Маруан есімді кәсіпкердің де бұл кәсіпте жүргеніне 8 жылдай уақыт болған. Бірақ бұл жағдай тәжірибелі кәсіпкерлерді де есеңгіретіп қойды дейді ол.
“Биыл қызғалдақтың тек бір түрін онда да 300-350 теңгеге саттық. Мұндай бағалар тіпті жылыжайдағы көтерме саудагерлерде жоқ. Бірақ абырой болғанда соңғы күндері бәрін өте төмен бағада сатып жібердім. Өз бағасынан да арзан сатылғандар болды. Бұл іспен 2019 жылдан бері айналысып келемін. Биыл сұраныстан ұсыныс көп болып кетті. 7 жылда қателесіп, тәжірибе жинап жүріп түсінгенім: сапа мен сенімді адамдарды таңдау керек. Мейлі, қымбат болса да. Есесіне, сатқан гүлдерім үшін ұялмаймын. 300 мың теңге жалға алған нысанға төледім, бірақ сонда тұрып тек 100 мың теңгеге гүл саттық. флористің айлығы бар. Тәулігіне 2 сағат ұйықтап, ішпей-жемей саттым”, – дейді Маруан.
Фото: Stan.kz
“9 миллионға сатып алып, 4 миллионы күйіп кетті”
Алматыда үшінші жыл қатырынан қызғалдақ сатумен айналысып жүрген Мақпал есімді кәсіпкер де биыл гүл сатқандардың қатары көп дейді.
“Жыл сайын Достық жақта сатып жүрміз. 2024 жылы бір нүктеден 6000 дана, 2025 жылы 11 000 қызғалдақ саттық. Осы жылы 18 000 дана гүл сатамыз деп ойлап, 9 миллионға гүл сатып алдық. Бірақ тек 9000-ын ғана сата алдық. Тағы 9000 дана қызғалдақ сатылмай қалып қойды. Оны ақшаға шаққанда шығынмен қосқанда 3 миллион 600 мың-4 миллион теңгедей. Қазір енді 250-300 теңгеден TikTok арқылы сатып жатырмыз. Бүгін соңғы күн 150-200 теңгеден сатып бітіреміз деп отырмыз”, – дейді Мақпал.
Көбінің гүлдері сатылмай қалғанын ол да жасырмады.
“Өйткені қызғалдақтар Қытайдан келді. Жылыжайдың өзінде көп гүл қалып қойды. Олардың өзі 6, 7 күндері көтерме бағамен сатып, біздің бағаны құлата бастады. Гүл өте көп, Голландиядан Қазақстанға рекордтық көрсеткіште көп пиязшықтар кеткен деген ақпарат бар”, – дейді кәсіпкер.
Фото: Stan.kz
“Ауруханаға, қарттар үйіне таратамыз”
Сондай-ақ ол әлеуметтік желі арқылы сатқан саудагерлердің көп гүл сатқанын айтты.
“Көшеде тұрып сатқандар биыл ұтылды. Қазір Тhreads бар. Өздері жеткізіп, мүмкіндіктерін жақсы пайдаланды. Сол себепті көшеде қаптаған адам болмады. TikTok арқылы сатқанның өзінде 2000 дана гүлді өзі бағасынан әлдеқайда төмен бағада сатып бітірдік. 4000-5000 дана гүл қалды. Арасында үсіп кеткен гүлдер да бар. Өйткені күн суық болды. Бүгін тағы сатсақ, ертең ауруханаға, қарттар үйіне таратамыз деп отырмыз”, – дейді саудагер.
Жылыжайдағылар да гүлдерді төмен бағаға сатуға мәжбүр болдық деп отыр.
“Жылыжайда қалған гүлдер қаншама?! Миллион табыс табатындар гүлдерді көп отырғызды. Бағаны 450-480 теңге деп жоғары ұстап тұрды. Соңында сата алмай, арзанға бере бастады. 7 наурызға дейін бәрі жақсы еді. Сол күннен бастап баға құлдырады. Қызғалдақты 300 теңгеге сатты. Оның ішінде көмір, жылу, тыңайтқыз, қызметкерлердің айлығы, қағаз, қораптар бар”, – дейді жылыжай қызметкері.
Әлеуметтік желіде басқа да қазақстандықтар қызғалдақтарын сата алмай қалғанын жазып жатыр.
“Сатуға күш қуатым қалмады, арзан бағада алсаңыздар болады”, “қызғалдақтарға өзін бағасынан арзан бағада саттым”, “Пайда емес, шығын арқаладым”, – деп жазды жұрт.
"Авиаотын бағасын көтеріп, қауіпсіздік талабын орындамау": Қазақстандық әуежайларға неге жаппай айыппұл салынды