Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Құтқарушылар көлікті жаяу алып жүрген": Павлодар облысында қатты дауыл болып, адамдар жолда қалды

Павлодар облысында қатты дауыл салдарынан шатырлар ұшып, 2600 тұрғын жарықсыз қалғанФото: ТЖД

Павлодар облысында қатты боран болып, адамдар тас жолдарда қалып қойған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Кеше облыста ауа райының қолайсыздығына байланысты барлық тас жолдар жабылған болатын. Қатты жел, боран және көріну мүмкіндігінің нөлге жақын болуы жолдағы жағдайды қиындатты.

"Өткен тәулікте Павлодар облысы ТЖД-нің құрылымдық және бағынышты бөлімшелері 49 шақыртуды орындады. Құтқарушылардың үйлесімді және жедел әрекеттерінің арқасында 107 адам, оның ішінде 6 бала құтқарылып, 62 адам эвакуацияланды", – деп хабарлады ТЖД.

Төтенше жағдайлар департаментінің 112 пультіне Көктөбе ауылынан шамамен 15 шақырым жерде жеңіл автокөліктің жолдан шығып, кюветке түсіп кеткені туралы хабарлама түсті. Оқиға орнына бірден құтқарушылар жіберілді.

“Қатты боран мен жолдағы көрінудің төмендігі жағдайды күрделендірді. Май ауданы ТЖ бөлімінің қызметкерлері – азаматтық қорғау полковнигі Дастан Искара, азаматтық қорғау капитаны, инженер Мирас Гросс және азаматтық қорғау капитаны, бас маман Талғат Ташенов автокөліктің алдында кезектесіп жаяу жүріп, жүргізушіге жол бағытын көрсеткен. Құтқарушылар осылайша төрт шақырымнан астам жолды жаяу жүріп өтті”, – делінген хабарламада. 

Қиын ауа райы жағдайына қарамастан, мамандар оқиға орнына жетіп, көліктегі адамдарға қажетті көмек көрсетті.

Кейін құтқарушылар Кентүбе ауылы маңындағы тұрақты орналасу орнына қайтып келе жатып, Атамекен – Ақсу – Үлкен Ақжар – Курчатов республикалық маңызы бар автожолында тағы бір бұзылып қалған автокөлікті байқайды. Оның ішінде Курчатов қаласынан келе жатқан Павлодар қаласының екі тұрғыны болған. Құтқарушылар оларға да жедел көмек көрсетіп, қауіпсіз жерге жеткізді. 

Сонымен қатар, жел  он шақты ғимараттың шатырын зақымдады. Белгілі болғандай, түнде желдің жылдамдығы секундына 30 метрге дейін жеткен.

"Қатты жел салдарынан 33 шатырдың зақымдалуы тіркелді, кейбір елді мекендерде электр жарығы өшті. Зақымдарды анықтау және қалпына келтіру жұмыстарын үйлестіруді жергілікті атқарушы органдардың төрағалығымен ТЖ комиссиялары жүргізіп жатыр", – деп хабарлады Төтенше жағдайлар департаменті.

АО "ПРЭК" компаниясы облыста электр желілерінде барлығы 111 зақымдалған факт тіркелгенін нақтылады. Қиын ауа райына қарамастан, апатты бригадалар түнде де жұмыс істеді. Олар электр желілерін қалпына келтіріп, тұтынушыларды қосалқы энергия көздеріне қосқан.

Таңға қарай энергетиктер 74 зақымды жойса да, облыста әлі 2600 тұрғын электр қуатсыз қалған. Қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда.

ТЖ департаменті тұрғындарды қауіпсіздік шараларын сақтауға және ауа райы қолайсыз болған жағдайда ұзақ сапарлардан аулақ болуға шақырады.

STAN.KZ
Сәрсенбі, 11 Наурыз, 2026 19:54