Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жеті атаны білеміз, жеті апаны ше": Қазақстандықтар әйелдерді шежіруге қосуды ұсынды

Фото: Жасанды интеллект арқылы жасалған

Қазақ “жеті атасын білмеген – жетесіз” дейді. Жеті ата шежіреге жазылса да, әйелдер ешқашан ол тізімге кірмеген. Соңғы уақытта қазақстандықтар "неге әйелдерге арналған 7 апа шежіресін жасамасқа?" деген сауал көтеріп жүр. Себебі қазақ әйелдері ұрпақты дүниеге әкелуші, тәрбиелеуші және ұлттық құндылықтарды сақтаушы, сондықтан олардың еңбегін есте қалдыру маңызды деп санайды. 

“Жеті анамның шежіресін жасатқым келеді...”

Астаналық 32 жастағы Маржан Әбілғазиева өзінің арғы төрт әжесінің есімін біледі. Айтуынша, жеті әжесінің есіміне дейін толық жете алмаған. Алайда оның қыздары үшін 5 анасының есімі белгілі болып қалады.

Фото: Маржан Әбілғазиева жеке архиві

“1 жыл бұрын туған күнінде әкемізге шежіре жасамақ болғанбыз. Сол кезде шежіре туралы қарағанда тек ер адамдардың аттары болды. Мысалы әкемізде ұл жоқ. Біз үш апалы-сіңліміз, әпкем мен сіңлім бар. Сосын біз әкемнің туған күнінде басқалардан өзгеше етіп, қыздардың да атын жазып шежіре жасаттық. Өз басым қыздардың да аттарын ұмытпау керек деп есептеймін. Әжелеріміздің де есімдері тарихта қалғаны дұрыс. Себебі әйелдер тек бала тәрбиесін ғана емес бүкіл елдің тәрбиесімен айналысады”, – деді Маржан.

Астаналық әйелдің айтуынша, анасының арғы әжелерінің өсиеті олдарды ұмытпауға көмектескен. 

“Нағашы жағымнан Зәкия деген арғы әжеміз бар. Ол кезінде баршаға көрпе-жастық тіккен. Кейін қызына жастық тігіп қалдырған. Ол жастық қыздан-қызға өсиет болып, қазір біз ұстап жүрміз. Сол арқылы әжеміздің атын ұмытпаймыз”, – деп қосты ол.

Маржанның әжелерінің есімі:

  1. Балкүміс
  2. Зәкия
  3. Қайкен
  4. Гүлнар
  5. Маржан 
“Өзімде екі қыз бар. Осы арғы әжелерімнің атын сол қыздарыма жаттатып қалдырамын. Осы әжелеріміздің есімімен шежіре жасату да жоспарымда бар. Кішкентай кезімнен өзіміз үш әпкелі-сіңлі болғасын айналадағылардан “ұл керек” деген сөздерді естідік. Сондықтан қазір мен қыз-ұл деп бөлмей бәріне бірдей қараймын. Тек қызы бар отбасыларға айтарым, ұл жоқ деп мойымай шежіреге әкенің атының астына қыздарын да жаза алады. Себебі қазіргі заманда әйел адамдардың ерлерден еш кемшілігі жоқ. Жұмыс та істейді, отбасын да асырайды, бастық та бола алады”, – деді ол. 

Маржан көпшілікке тек атаның емес әжелер туралы да уақытында сұрастырып алуға кеңес берді. 

“Айтарым әжеңіздің көзі тірісі кезінде аналары туралы сұрау керек. Олардың қандай болғанын, тарихын бәрін білген жөн деп ойлаймын. Шежіреге қыздардың есімдерін жазу бір жағынан қазақы есімдердің де сақталуына септігін тигізер еді. Себебі бүгінде қыздарына араб есімдерін таңдайтындар көп. Ал арғы әжелеріміздің аттары таза қазақша үлкен мәнге ие есімдер. Сондықтан олар да шежіреде тұруы тиіс деп ойлаймын”, – деді ол.

Қазақстандық Айдана есімді ару әйелдерді де шежіреге қосу керек деп ойлайды. Өйткені әйелдердің халқына тигізер пайдасы орасан зор. 

"Қазақтарда жеті ата деген деген ұғым бар. Неге 7 апа деген ұғым жоқ? Жақында менің руым шежіре жасады, бірақ мені қоспады, бұл мені ойландырды. Сонда менің ұлдардан қай жерім кем? Шежіреде менің де атымның жазылғанын қалаймын. Қазақ әйелдерінің еңбегі ешқашан шежіреге енбеген, алайда бүкіл отбасының тіршілігін, баланы дүниеге әкелу, тәрбиесін, қамқорлығын дәл солар қамтамасыз еткен. Отбасылық дәстүр мен ұлттық құндылықтарды сақтап, келесі буынға жеткізген де солар. Бірақ шежіреге аты кірмейді. Өмірде болмағандай, өшіп кетеді. Тек сан үшін емес, тарихымыздың, еңбегіміздің, өміріміздің шынайы көрінісі үшін 7 апа шежіресін жасауды ұсынамын", – дейді ару. 

Желіде шежіреде қыз баланың аты жазылмайтынына наразы қазақстандық қыз-келіншектер де аз емес. 

Фото: Желі кадрларынан скрин

“Осы біз (қыздар) неге не анда, не мұнда жоқпыз? Тақтаны қоя берші, шежіре кітапқа да қоспайды ғой. Жат жұрттық дейді. Жақсы, оған да көндік. Сол жұрттың шежіресіне де қосылмайсың ғой, шіркін”, “Неге шежіреде тек аталарымызды ғана білеміз? Әжелеріміз ше? Осы сұрақ мені мазалап жүр”, – деді желі жұртшылығы.

Этнограф Баяхмет Жұмабайұлы қазақтың дәстүрінде бұрын әйелдердің де шежіреге жазылғанын алға тартты. Айтуынша, бұған дәлел бірнеше ру аттары әйел есімімен аталған. 

“Халқымыз әйелдерді жоғары бағалап, құрметтей білген. Әйелдермен бірге жауға қарсы тұрған, әйелдермен бірге ел басқару жұмыстарын тындырған. Сол себепті көп рулардың аты әйелдер есімімен аталған. Мысалы, Нұрила, Абақ, Бикен, Болпанай, Қызбике, Нұрбике, Айбике, Тоқбике рулары бар”, – деді маман. 

“Абақ, Мұрын, Қызай, Нұрила”: Әйелдердің атымен аталған рулар

Домалақ ана –  шын есімі Нұрила. Ол Ұлы жүздегі көптеген рулардың анасы саналған және Бәйдібек бидің жары болған. Қазақ шежіресінде Домалақ ана Албан, Суан, Дулат сияқты көптеген ұрпақтың арғы анасы ретінде айтылады. Ол өзгелерді баласындай көріп, баршаға аналық мейірін шашқан. Барынша кішіпейіл, алдағы күннің жайын ойлап, айтар сөзі ақиқатқа айналған болжампаз болған. Көреген қасиетін құрметтеген ұрпақтары сол заманның өзінде-ақ оның атын атамай, жаратылысынан бойы шағын болғандықтан "Домалақ ана" деп атап кеткен.

Мұрын ана – Бәйдібек бидің әулетінен шыққан. Ол Домалақ анадан туған Жарықшақтың қызы. Негізгі есімі Жүзей болған. Шежіре бойынша ол Қызай, Суан және Албанмен бір анадан тараған. Мұрын ананың есімі Найманның бір руына қойылған. Сарымырза баба Мұрын ананы ерекше құрметтеп, оның ақылдылығы мен парасатын жоғары бағалаған. Тіпті өмірінің соңында ол балаларын жинап алып: "Біздің әулет Мұрын аналарыңның атымен аталсын" деп өсиет қалдырған.

Абақ ана деген есім Керей руына берілген. Ол үйсін Сарымырзаның қызы. Бұл ру қазір Абақты Керей деп аталып жүр. Ол күйеуі қайтыс болған соң, Шымыр деген ұлын алып, төркініне кеткен. Абақ соңғы күйеуінен Құттықожа деген ұл туады. Абақ керейдің қазіргі 12 руы осыдан өрбіген.

Қызай – Бәйдібектің Нұриладан туған қызы. Ол найман еліне ұзатылып, ол жерде жайдары мінезімен танылған. Одан бөлек әділ шешімдерімен халықтың анасына айналған. Тіпті ол туралы тараған өлең жолдарында соғыста қол бастаған жауынгер әйел болғаны бейнеленген. Оның есімі Найманның ішіндегі Қызай руы атанады. Қызай екі рет тұрмысқа шыққан және балалары жан-жаққа ыдырамас үшін өз атын тек ретінде беріп, содан бүтін бір ру аты Қызай болған. 

Айбике Ана – бұл ат Орта жүздің Шаншар руына қосып айтылады. Себебі Айбике Шаншардың үш әйелінің бірі болған. Айбике Есім ханның тұсында Ташкентті билеген Тұрсын ханның қыздарының бірі болған. Шежіре деректеріне қарағанда, Айбике ананың Жәнібек, Келдібек, Тінібек және Әсірбек атты ұлдары болған. Солардың ішінде Келдібектен қазақтың атақты биі – Қаз дауысты Қазыбек би дүниеге келген. Сондықтан Қазыбек бидің тегі шежіреде "Айбике – Шаншар" деп көрсетіледі.

Ақкүлек – Кіші жүз, Байұлы, Байбақты, Дат қызы. Ұзатылып келгенде өзі мініп келген ақ үлекке байланысты осылай аталып кеткен. Деректерге сай ол қасиетті адам болған. Шеркеш-Қойыс-Шүйініш Тұрлан батырдың әжесі болған. Ұрпақары бүгінде өздерін Ақүлекпіз деп таныстырады. 

Алтын – Он екі ата Байұлының бір тайпасы. Шежіре сөзінде кіші жүздегі Алтын-Жаппас деп аталатын ру осы Алтын деген анасының атымен аталып кеткен. Ол өзінің төрт баласына қосып Жаппасты да тәрбиелеп өсіргендіктен бұл екі ру көбіне қосарланып айтылады. Алтын ана – Қыдырқожаның (Байұлының) екінші әйелі болған.

“Осындай әйел атттарымен аталған рулар бар. Олардың аты руға жазылуының да тарихы бар. Олардың бойында үлкен ерекшеліктер болған. Сол себепті бір рудың атын берген. Бұл біздің халқымыздың даналығын білдіреді. Халқымыз әйелдердің еңбектерін бағалай білген. Руларымызда әйелдердің аты болуы тіпті өзге ұлттармен салыстырғанда біздің ерекшелігіміз деп айта аламыз”, – деді Баяхмет Жұмабайыұлы. 

“Арғы анасынан бастап, бүгінгі қыздарына дейін жазылған шежіре жазып шықтым”

Этнограф Баяхмет Жұмабайыұлы төрт рудың шежіресін жазып шығарған. Айтуынша бұл шежіренің ерекшелігі онда барлық аналар мен әйелдердің есімі түгенделіп жазылған. 

“Оны осыдан 10-15 жыл бұрын жазғанмын. Мыңдаған беттік шежіреде арғы анасынан бастап, бүгінгі қыздарына дейін әйелдердің аты да жазылған. Осы шежірені жазар кезде әйелдерді кіргізгенім үшін ақсақалдардың бір бөлігі қарсы шықты. Олар “әйел қай уақыттан бері ата болушы еді?” деді. Сол кезде мен “онда рудағы Абақ ана, Мұрын ана, неге ата ретінде жазылып тұр?” деп жауап бердім. Негізі нақты қазақтың салтында шежіреге әйелдердің аты кіруі керек. Қыздарды шежіреге жазбау деген бертін келе арабтанудан, қоғамдағы бөлініс пен өзге мәдениеттің араласуынан келген. Әйтпесе халқымыз: “дана да, данышпан да анадан” деп бекер айтпаған. Аналардың орнын ерекше бағалаған. Сондықтан қыз баласы шежіреге кірмейді деген ереже еш жерде жазылмаған. Бұл бертін келе адамдардың өздерінің шығарып алғаны. Әйелдің аты шежіреге кіруі керек”, – деді ол. 

Маман осы тұста шыққан тегін білу қандай маңызға ие болса, анасын білу де сондай мәнге ие екенін алға тартты.

“Біз жеті атамызды танимыз да, аналарымызды танымаймыз. Бұл бізге келген үлкен қасірет. 9 ай бойы көтеріп, жеткізген ананы ұмытып, әкені ғана жазу біздегі үлкен қателік. Ананы құрметтеу деген тек аяғын жуып беріп, бетінен сүю емес. Осындай тарихқа оның атын қалдыру. Бірде маған моңғолиялық азамат “сендер жеті атаның атын білесіңдер, жеті анаңның есімін айтшы енді” деген. Сол кезде ұялған едім. Бұл сауалды мен үлкен ақсақалдардан да сұрағанмын. Олар тек үш әжесінің ғана атына дейін айта алды. Ары қарай ешкім білмеді. Сондықтан біз ендігі ұрпаққа осы дәстүрді жалғастыруымыз керек”, – деп қорытты ол. 

STAN.KZ
Сенбі, 07 Наурыз, 2026 10:00