"Балалар мен мүгедектігі барларды тастап кетті": Қазақстандықтар бірнеше күн бойы Оман әуежайында түнеп, елге жете алмай отыр

200-ден аса қазақстандық екі күннен бері Омандағы әуежайда түнеп жүр. Олар ел билігінен көмек сұрап, тезірек елге эвакуациялауды сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
“Елшілік өкілдері өз таныстарын мінгізіп жіберді”
Дәл қазір Омандағы әуежайда жүрген қазақстандық мән-жайды айтып берді.
“Бәріміз Біріккен Араб әмірлігінде турист ретінде жүргенбіз. Соғыс басталған кезде елге ұшып кетуіміз керек еді. Алайда біздің рейс тоқтатылды. Кейін чаттарға хабарлама келіп, Қазақстанның Біріккен Араб әмірлігіндегі елшілігі елге қайтқысы келетін адамдардың тізімі жасалып жатқанын айтты. Дубайда жүргенде аспанда зымырандар ұшып, кей жерлерде жарылыс болғанын көрдік. Сондықтан адамдар бірден тізімге жазыла бастады”, – дейді ол.
Қазақстандықтың айтуынша, шамамен 400-ден аса адам автобусқа отырып, Оманға жеткізілген.
“Түнгі сағат 2:00-ден бастап автобус күттік. Таңғы 5:00-де белгіленген жерге 8 автобус келді. Әрқайсысына шамамен 45-50 адам отырды. Оманға дейін 9 сағат жүрдік. Әуежайға жеткен соң: “күтіңіздер, ұшақ келеді, тіркеу басталады, автобуспен келгендердің бәрі ұшаққа мінеді” деп айтқан еді. Бірақ іс жүзінде бәрі керісінше болды”, – дейді қазақстандық.
Оның айтуынша, елге бірінші рейспен қайтатындардың қатарына тізімде жоқ адамдар кіріп кеткен. Кейібірі елшілікпен келісіп, таныстары арқылы ұшаққа мініп кетті дейді.
“Алты сағат өткен соң бірінші ұшаққа отыратындардың тізімі жарияланды. Алғашында үш ұшақ болады деді. Кейін екі ұшақ деп, соңында бірінші ұшаққа кіретін адамдардың тізімі оқылды. Ең қызығы бұл тізімге мүлде болмауы керек адамдар кіріп кеткен. Бастапқы санат бойынша 28 ақпаннан 1 наурызға дейін ұша алмай қалғандарды эвакуациялау керек еді. Алайда 5, 6, тіпті 7 наурызда ұшуы тиіс адамдар тізімге кірген. Олар мемлекет есебінен төленетін тегін эвакуациямен кеткісі келген екен. Сол адамдар елшіліктің жергілікті өкілдерімен жеке сөйлесіп, келіссөз жүргізіп жүрген. Соның салдарынан балалар мен мүгедектігі бар кісілердің орнына дені сау адамдарды ұшаққа отырғызып жіберді”, – дейді қазақстандық.
Қазақстандықтың сөзінше, бірінші ұшақпен 290 адам ұшқан. Ал ұшақта қалған бос орынға елшіліктегі адамдардың таныстары отырып кетті дейді.
“Кейін жергілікті кеден қызметі осы 290 адамды 8 сағат бойы тіркеді. Тіркеу түнгі 12:00-де басталып, таңғы 8:00-де аяқталды. Соған қарамастан, ұшақта тағы 20 бос орын болған. Сол орындарға елшілік қызметкерлері өзінің таныстарын отырғызған сияқты. Демек, жергілікті елшіліктегі кей адамдар жағдайды пайдаланып, пайда табуға тырысқандай көрінді. Елшілік өкілдері қалған адамдарға: “Уайымдамаңыздар, қазір екінші ұшақ келеді” деп айтты. Алайда содан бері екі күн өтті. Қазір әуежайдағы таблода екінші ұшаққа тіркеу жүріп жатыр” деп көрсетіліп тұр. Бірақ шын мәнінде ешқандай ұшақ жоқ. Таблода тек “келеді” деген ақпарат ілінген. Алайда бұл шындыққа жанаспайды”, – дейді ол.
Фото: Редакцияға жүгінген азаматтың жеке дерекқорынан
Қазақстандық таблодағы хабардан соң SCAT әуе компаниясына хабарласып, рейс бола ма сұраған. Алайда олар екінші ұшақ жіберу жоспарда жоқ екенін айтыпты.
“Әлеуметтік желіде бәрін эвакуациялап әкетті деген ақпарат тарап жатыр. Бірақ шын мәнінде Алматыға тек шамамен 290–315 адам ғана ұшып кетті. Ал қалғандары әлі де әуежайда отыр. Біз SCAT әуе компаниясына хабарласып, екінші ұшақ қашан келетінін сұрадық. SCAT өкілдері екінші ұшақ жіберу жоспарда жоқ екенін айтты. Тіпті елшілік неге бұлай айтып отырғанын өздері де түсінбейтінін жеткізді”, – дейді Қазақстан азаматы.
“Әскери база жанынан қонақүй тауып берді”
Тағы бір қазақстандық Назерке Тұрдалиева да жерлесінің сөзін растады. Оның айтуынша, елшілік ұсынған қонақүйдің маңында әскери база болған.
“Flydubai ұшағы 28 ақпан, 1 наурыз аралығы ұша алмай қалған өз жолаушыларын алып кетті. Біз 1 наурыз ұшуымыз керек еді, алайда әлі осындамыз. Air Astana жолаушыларын алып кетуге асығар емес. Бізге мемлекет қонақүйден орын беріп, өздері төлеп береді деді. Алайда қонақүй бір ғана күн тегін болды. Қалған күндері адамдар өзі төлейді. Ол екі қонақүй. Бірі, әскери базаның жанында. Екіншісі, әуежай маңында. Сондықтан біз ол жерде тұра алмадық. Ол жерден көп жарылыстарды естіген соң, өзіміз қонақүй тауып, ақысын өзіміз төлеп жатырмыз”, – дейді Тұрдалиева.
Оның айтуынша, Қазақстаннан Оманға екінші рейс жіберу жоспарда жоқ.
“Басында 470 адамды елге жеткіземіз деп бүкіл БАҚ-қа хабарлады. Шын мәнінде, 290 адам ғана тізімге ілікті. Ол тізімде тек 28 ақпан ұшуы тиіс адамдар болуы керек еді. Алайда оның арасында 5-6 наурызда ұшуы тиіс жолаушылар кіріп кетті. Олар таныстары арқылы, елшілік адамдарына ақшасын беріп тізімге кіріп алды. 290 адамды алып кетті. Сол күні кешке 17:30-да екінші рейс келуі тиіс еді. Туыстарымыз Алматы әуежайына хабарласып, келесі рейс уақытын сұрады. Алайда олар ешқандай рейс жоспарда жоқ, біз ұшақ жібермейміз деп айтыпты”, – дейді Қазақстан азаматы.
Қазақстандықтың сөзінше, елшілік өкілі енді сіздерге жауапты емеспін деп, оларды тастап кетіп қалған.
“Бізді Дубайдан Оманға жеткізген елшілік өкілінен сұрадық. Ол “басқа рейс жоспарда жоқ. Мен сіздерге жауап бермеймін” деп айтып, кетіп қалды. Бізді тұратын жермен қамтамасыз етпеді. Балалар жерге ұйықтап жүр. Бір күн болды осы әуежайдамыз. Air Astana мен Scat тыныш”, – дейді ол.
“Air Astana бізді Дубайда қалдырып кетті”
Виталий Ибрагимов есімді қазақстандық Air Astana әуе компаниясына шағымданды. Оның айтуынша, Air Astana әуе кеңістігі ашық болса да өз азаматтарын әкетуге тырысып жатқан жоқ.
“Air Astana Қазақстан азаматтарын Дубайда жай ғана тастап кеткендей болды. Әуе кеңістігі ашық. Аэрофлот, БелАвиа, FlyDubai, Emirates, Әзірбайжан әуе жолдары өз азаматтарын тоқтаусыз алып кетіп жатыр. Ал дәл осындай қиын сәтте Air Astana ғана тығылып қалғандай әсер қалдырады. Одан бөлек, Оманнан ұшуға тиіс уәде етілген рейстер де жоқ. Онда адамдар бір тәуліктен бері рейс күтіп отыр. Сонда сіздер мемлекеттен бөлінетін дотацияларды не үшін алып отырсыздар?”, – деді Виталий Ибрагимов.
Виталий Ибрагимовтың сөзінше, Таяу Шығыстағы жағдай басталғалы бері қазақстандықтар қонақүйлерді паналап жүр.
“Қазір адамдардың қандай күйде екенін сипаттау мүмкін емес. Олар қашан елге оралатынын да білмейді. 28 ақпаннан бері қонақүйлерді паналап жүр. Олардың арасында балалар, зейнеткерлер, тіпті мүгедектігі бар азаматтар да бар. Осы уақыт бойы бізді баспанамен қамтамасыз етіп отырған Kompas туроператорына рақмет. Ал Air Astana болса, әуежайда бізге жай ғана “қош болыңыздар, SMS пен электронды хат күтіңіздер, бұл форс-мажор, біз жауапты емеспіз” деп айтып, кетіп қалды”, – деді ол.
Ол қазақстандықтарды шет елден тасымалдауды басқа әуе компанияға тапсыруды сұрады.
Air Astana тарапы не дейді?
Аталған жағдайға қатысты Stan.kz тілшісі Сыртқы істер министрлігі мен Air Astana әуе компаниясынан мән-жайды сұрады. Алайда Сыртқы істер министрлігінен бір күннен бері жауап ала алмай жатырмыз.
Ал Air Astana тарапы қазір Оман мен Дубайға ешқандай рейс жіберілмейтінін айтты.
“Air Astana Оманға да, Дубайға да ұшпайды. Өйткені Дубай әуежайлары ұшып кетуге шектеу қойды. Сонымен қатар өздерінің санаулы әуе компанияларына ғана рейстерді орындауға рұқсат еткен”, – делінген жауапта.
Сонымен қатар әуе компания өкілі қазір мемлекеттік органдармен рейс жіберу мәселесі талқыланып жатқанын айтты.
“Таяу Шығыс бағытындағы рейстердің уақытша тоқтатылуына байланысты рейстерді ұйымдастыру мәселесі уәкілетті мемлекеттік органдармен, соның ішінде Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп үйлестіріліп жатыр. Тиісті рұқсаттар мен ресми шешімдер алынған соң репатриациялық рейстер туралы ақпарат дереу жарияланады”, – делінген жауапта.
Азаматтық авиация комитетінің жауабы
Сонымен қатар Азаматтық авиация комитеті Қазақстанға Таяу Шығыстан 2 мыңнан астам жолаушы жеткізілгенін мәлімдеді.
“4 наурыздан 5 наурызға қараған түні Қазақстанға Air Astana және Flydubai әуе компанияларының 5 рейсі орындалып, елге 851 жолаушы жеткізілді. 5 наурызда қазақстандық және шетелдік әуе компаниялары Қазақстан азаматтарын елге қайтару үшін бірқатар рейс орындауды жоспарлап отыр”, – делінген хабарламада.
Жоспарланған рейстер:
- Air Astana компаниясы Джидда – Ақтау – Алматы және Джидда – Атырау – Алматы бағыттары бойынша екі рейс орындайды;
- Ал SCAT Airlines Маскат – Алматы бағыты бойынша екі рейс ұйымдастырады;
- Air Arabia Шарджа – Алматы бағытымен рейс орындайды;
- Күн соңына дейін дәл осы бағытта тағы бір рейс жоспарланған;
- Flydubai Дубай қаласынан Алматы мен Астанаға рейстер орындауды жоспарлап отыр.
Комитет мәліметінше, 3 наурыздан бері Таяу Шығыс елдерінен Қазақстанға барлығы 12 рейс орындалып, 2111 жолаушы елге жеткізілді. Бүгінге жоспарланған рейстерді қоса есептегенде, Таяу Шығыстан Қазақстанға шамамен 4 мың азамат жеткізіледі екен.
Жағдайдың мән-жайы
2026 жылы 28 ақпанда Израиль мен АҚШ Иран астанасына соққы жасады. Жауап ретінде Иран Таяу Шығыс өңіріндегі АҚШ базалары мен Израильге зымыран ұшырды. Қақтығыс салдарынан жүздеген адам қаза тауып, елдің жоғарғы басшылығы, оның ішінде аятолла Али Хаменеи де мерт болды. Оның резиденциясы қиратылды.
Хаменеи қазасынан кейін Ислам революциясы сақшылары корпусы (КСИР) АҚШ әскери базаларына қарсы “тарихтағы ең қуатты шабуыл операциясын” бастайтынын мәлімдеді. Бұған жауап ретінде Дональд Трамп тарапынан қатаң ескертулер айтылды.
Иранның Ұлттық қауіпсіздік жоғары кеңесі Али Хаменеи қаза тапқан соң уақытша басшылық кеңес құрылғанын хабарлады.
Қазақстанның Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев Таяу Шығыстағы жағдайға қатысты шетелде қалып қойған қазақстандықтар елге қалай жеткізілетінін айтқан еді. Кейін Таяу Шығыстағы қақтығыста қалып қойған тағы 946 қазақстандық эвакуацияланды.
Алматыда оқу ақысы 5 миллион теңге болатын элиталық мектепте оқушыларға шикі тамақ берілген