"8 наурызды тойламаймын": Қазақстандық әйелдер атаулы мерекеден не үшін бас тартқандарын айтты

8 наурыз Халықаралық әйелдер күні барлық қыз-келіншектерге қуаныш әкеле бермейді екен. Мерекені оның шығу тарихына, өмірде қалай аталап өтуіне байланысты тойламайтын қыз-келіншектер де бар. Stan.kz редакциясы әйелдер мерекесін тойламайтын, ұнатпайтын қыз-келіншектерден атап өтпеуінің себебін сұрады.
“Әйелдер өз құқықтары үшін күресуге мәжбүр”
Аида есімді қазақстандық әйелдердің өзіне тиесілі құқықтарға қазірдің өзінде қол жеткізе алмай келе жатқанына қапалы.
“Мұнда күйінетінім – әйелдердің әлі күнге дейін өз құқықтары үшін күресуге мәжбүр болуы. Қолыңда әдемі гүл шоғымен кассада тұрғанда, осы күні жұмыс істеуге мәжбүр кассир әйелдің мұңға толы жанарын көру ауыр. Мұнда бір үлкен әділетсіздік бар сияқты.
Біздің құқықтарымыз әлі күнге дейін бұзылып келеді: декреттік демалыстың қысқалығы. Тиісті үш-бес жылдың орнына небәрі бір жарым жыл беріледі. Ауыр еңбек жағдайлары, тұрмыстық зорлық-зомбылық. Әйелдердің қарапайым қажеттіліктері барлық жерде ескерусіз қалады. Бұл тырнақша ішіндегі “мереке” – біздің әлемдегі әйелдер ие болуы тиіс құқықтарға әлі де қол жеткізбегенімізді еске салады.
Үйде де, жұмыста да, көшеде де қор болып, зәбір көретін – әйел. Патриархалдық полицияда зорлық-зомбылық туралы арыздарға әлі күнге дейін “өзің кінәлісің” деп жауап береді. Бұл күні біз мәселелерге көз жұмбай, қауіпсіздігіміз бен лайықты өмір сүру үшін құқығымызды қорғап, митингілерге шығуымыз керек. Біз жылына бір рет қана емес, әрқашан қамқорлыққа бөленіп, өзімізді қауіпсіз сезінуіміз керек”, – дейді Аида.
Линара да 8 наурызды ерекше күн деп есептемейді.
“Керісінше, мен үшін қайғылы күн. Шығу тарихын білген соң мүлде тойламайтын болдым”, – деп қысқа қайырды ол.
“Шариғатта әр жұма сайын сыйлық беру – сүннет”
Севинч есімді отандасымыз 8 наурызды діни себептерге байланысты атап өтпейді екен.
“Өйткені әйелдің құқығы Исламда 14 ғасыр бұрын қорғалып қойған. Ал 8 наурызды әйелдер құқық алды деп тойлайды. Сондай-ақ әйелдерге көңіл бөлу керек екені ер адамдардың тек осы күні есіне түседі. Қыз-келіншектерді бір күн ғана емес, әрдайым қуанту керек. Шариғатта әр жұма сайын сыйлық беру – сүннет. Бірақ мерекені атап өтетіндеріді сөкпеймін. Бұл тек менің ойым”, – деп пікір білдірді ол.
“Құқығын өзгеге таптатпауды үйрену үшін онжылдықтар керек”
Луиза есімді келіншек қазақстандық әйелдерге арналған бөлек күн болса деген ұсыныс айтты.
“Бәлкім, әйелдердің өз құқықтарына сеніп, оны ешкімнің аяққа таптауына жол бермеуді үйрену үшін тағы бірнеше онжылдық керек болар. Сондай-ақ қыз-келіншектер бұған өздері келуі қажет. Меніңше, Қазақстанда өзіміз бекіткен әйелдер күні, өз символизміміз болу керек. Әрине, мұның ешқандай сот, революциясыз келгенін қалаймын. Жай ғана мықты әйелдердің күні. Осылайша, біз бір-бірімізге тірек екенімізді, қолдау білдіру керек екенімізді жиі еске түсіріп отырамыз”, – деді Луиза.
“Анам мен әжем жарты күн үй жинап, тамақ жасайды”
“Бұл – әжелеріміз бен тіпті аналарымыз әлі де қимай жүрген кеңестік кезеңнің сарқыншағы. Мен өскен ортада әйел бұл күнді өзі мерекелемейді, керісінше, отбасы үшін дастарқан жаюы керек деп саналатын. Сондықтан бала кезімнен бұл күн мен үшін анам мен әжемнің мерекесі болып көрінетін: олар жарты күн үй жинайды, кейін тамақ жасайды, сосын өздерін ретке келтіріп, әдемі киімін киеді. Бірақ шаршаған күйі дастарқан басына отыратын. Қазір, әрине, көп нәрсе өзгерді. Біз отбасымызбен бұл мерекені үйде атап өтпейміз. Дегенмен әлі күнге дейін Халықаралық әйелдер күнін қатты күтіп, ұнатпаймын”, – дейді тағы бір желі қолданушысы.
“Үй шаруасын өзің істеп, бір күн анаңа демалыс жаса”
Тағы бір қазақстандық келіншек әйелдер мерекесіне қатысты бала кезіндегі естеліктермен бөлісті.
“Мен 8 наурызды бірнеше себеппен атап өтпеймін. Жылына бір рет, тек осы күні ғана әйелдерге өздерін маңызды әрі қалаулы екенін сезіну мүмкіндігі берілетіндей көрінеді. Ал кейбір әйелдің өмірі расымен солай өтіп жатыр. Есімде, мектепте бізге “үй шаруасын өзің істеп, бір күн анаңа демалыс жаса” деп айтатын. Ашуым келетін еді. Неге тек бір күн? 8 наурыздың ер азаматтың шынайы қалауы мен ниетінен емес, "міндетінен" туындайтын мерекеге айналғаны ұнамайды. Меніңше, ер азаматтар гүл мен түрлі сый-сияпатты мерекелерге бола емес, өздерінің ішкі ықыласы мен шынайы ниетінен ұсынуы керек. Ер адам әйелге себепсіз еш себепсіз көңіл бөлген сайын, әйел де соғұрлым бақытты болады”, – деген ойда.
Ал қыз-келіншектердің көп бөлігі мерекені көтеріңкі көңіл күймен, құшағын сыйлық пен гүлге толтырып, атап өтеді екен. Десе де, әйелдерді тек бір күн емес, жыл он екі ай құрметтеп, көңіл бөлу керегін ескертті.
“Үйленгенімізге 5 жыл болды. Содан бері әр мереке сайын күйеуіммен мейрамханаға барамыз. Міндетті түрде гүл мен сыйлық береді. Сонымен қатар дәстүрлі түрде аналарымыз, әпке-сіңлілеріміз бен жақындарымызды да құттықтап, гүл шоқтарымен қуантамыз. Күйеуім маған тек 8 наурызда ғана емес, басқа да мерекелерде, жай күндері де көңіл бөлуді ұмытпайды. Жиі гүл сыйлап, қуантады. Бұл “әйелдер сендер кереметсіңдер” деген құр сөзбен өткізіп жіберетін мереке емес. 8 наурыз – біздің құқымыз бар, осы уақытқа дейін сол құқық пен мүмкіндіктер үшін күрестік дегенді еске салатын күн. Бұл күресті әлі де тоқтатпауымыз керек. “Тек сыйлық пен гүл күтеді” дейтіндер үшін, біз біреудің сәндеуші құралы емеспіз, біз – қоғамның бір мүшеміз”, – дейді Айым.
Халықаралық әйелдер күнін еш алаңсыз күйеуімен өткізетін келіншектер бар, сондай-ақ тісін емдетіп, өзін еркелетіп, массажға, фитнес залға барып, кешке дәмді тамақтанып, жылы көрпенің астында, сериал қарайтын қыздар да көп.
“Әйелдердің ер азаматтардан да артық дәрежесі барын көрсететін мереке”
Осы тұста әлеуметтанушы Рамазан Саттарұлы 8 наурыз мерекесін тойлаудың маңызы туралы айтып берді.
“8 наурызды әйелдер мерекесі деп тойлау – олардың мәртебесіне, қоғамдағы орнын сезінуге, түсінуге, түсіндіруге ең жақсы мейрам. XIV ғасырдың соңына қарай пайда болған мерекенің өз тарихы бар. Бұл тек посткеңестік тарихымызға тікелей байланысы бар деген сөз емес. 8 наурыз – әйелдің теңдігі, әйелдердің қоғамда ер адамдармен қатар, кей жағдайларда ер азаматтардан да артық дәрежесі барын көрсететін мереке. Қыз-келіншектерге сыйлық беруді ұлттық түсінігімізден, ұлттық менталитет тұрғысынан қарастырайық. Қыз балаға сыйлық берудің еш айыбы жоқ. Керісінше, дәл осы мереке кейде елеусіз қалатын әйелдерге көңіл бөлу керегін еске түсіреді”, – дейді әлеуметтанушы.
Рамазан Саттарұлы 8 наурыздың экономикалық, саяси факторларға байланысты тойланбайтынын атап өтті.
“Мерекені тойлауда әйелдің қоғамдағы орны, ананың ұлт тағдырына байланысты беделі мен қызмет-қасиеттері дәріптеледі. Кез кеген мейрам трансформацияға ұшырап отырады. Болашақта бұл мерекенің қатты өзгеріске ұшырамайды деп ойлаймын. Десе де белгілі бір трансформациялық сипаттар болса: жалпы әйел емес, нақты аналар мерекесі болуы мүмкін, өзім де солай болуы керек деп ойлаймын. Қалыптасып қалған мерекенің мәдени өмірімізде орны ерекше. Оның мүлдем аталып өтпеуі мүмкін емес”, – дейді Рамазан Саттарұлы.
Әлеуметтанушы кейде бұл мерекеге қатысты ер адамдар наразылық білдіретінін атап өтті. Ол бұл наразылықтың да орынды екенін жеткізді.
“Біз мейрамды ерекеше культке айналдырып, мейрамның маңыздылығын немесе біз құрмет көрсететін адамға деген ізгі ниетімізді құшақ-құшақ гүл, сыйлықтармен өлшеп жатамыз. Сол үшін бізге шағын сыйлық, азын-аулақ шығымен шектелуіміз керек секілді. Әйтпесе, мекемелерде, кәсіби ортада ерке-әйелге бөлініп, бірнеше күндеп әбігерге түсіп жатамыз”, – дейді әлеуметтанушы.
"8 наурызды тойламаймын": Қазақстандық әйелдер атаулы мерекеден не үшін бас тартқандарын айтты