Екінші деңгейлі банктер тұрғын үй қарызын бере алады, референдум өтеді: Қазақстанда 1 наурыздан бастап не өзгереді

2026 жылдың наурыз айында кәсіпкерлерге арналған салық ережелері өзгеріп, жаңа Конституцияны қабылдау бойынша референдум өтеді. Сонымен қатар жаңа әуе рейстері ашылып, виза қымбаттайды. Stan.kz ақпарат агенттігі осы айда тағы қандай маңызды өзгерістер болатынын толығырақ қамтыды.
Жеке кәсіпкер салық режимін таңдауы тиіс
2026 жылы 1 наурызға дейін Жеке кәсіпкерлер салық органдарына жеңілдетілген декларация режимінде жұмысын жалғастырғысы келсе немесе керісінше қалыпты жалпы режимге көшкісі келсе ескерту жіберуі тиіс. Егер бұл талап орындалмаса, кәсіпкерлер автоматты түрде жалпыға бірдей белгіленген салық салу режиміне ауыстырылады.
2026 жылы 1 қаңтарға дейін патент негізінде немесе арнайы мобильді қосымша арқылы жұмыс істеген кәсіпкерлер өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған режимге өте алады. Бұл формат жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Режим қосымшада алғашқы чек қалыптастырылған күннен бастап қолданылады.
Жеке кәсіпкер ретінде есептен 1 қаңтардан бастап өз еркімен шығуға болады немесе 1 наурызда автоматты түрде есептен шығарылуын күтуге мүмкіндігі бар.
Фото: Stan.kz
Отбасы банк салымшыларына мемлекеттік сыйақы береді
1 наурызда салымшыларға республикалық бюджет есебінен мемлекеттік сыйақы есептеледі. Оның мөлшері 2025 жылы жиналған қаражаттың 20%-ы. Алайда 157 280 теңгеден аспайды.
2025 жылы кемінде 786 400 теңге салған азаматтар ең жоғары сыйақы алады.
Егер салым толықтырылмаса, сыйақы берілмейді. Бірнеше депозиті бар салымшыларға бонус тек бір шотқа ғана есептеледі.
Отбасылық құқық: мерзімдер мен алиментке қатысты өзгерістер
Отбасылық құқық саласында да елеулі өзгерістер болады. Енді мүлікті бөлуге қатысты дауларда сотқа жүгіну үшін белгіленген үш жылдық мерзім ажырасқан күннен емес, мүліктік құқық бұзылған сәттен бастап есептеледі. Бұл заңсыз әрекеттерге жедел әрекет етуге және жәбірленушілердің құқығын тиімді қорғауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар алимент өндіру тәртібі өзгерді. Жаңа нормалар шетелде жүрген азаматтардың алимент бойынша берешегін есептеуді жеңілдетеді. Бұрын олардың табысын және міндеттеме көлемін анықтау қиын болатын. Енді соттар алименттің тіркелген (тұрақты) сомасын белгілей алады. Бұл ашықтықты арттырып, теріс пайдаланудың алдын алуға ықпал етеді.
Медицина қызметкерлерін қорғау күшейтіледі
1 наурыздан бастап медицина қызметкерлеріне қоқан-лоқы жасау немесе шабуылдау үшін жаза қатаңдатылады. Айыппұл мөлшері ұлғайтылды. Ал аса ауыр қылмыстар, соның ішінде кісі өлтіру немесе денсаулыққа ауыр зиян келтіру үшін 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Бұл өзгерістерді енгізуге дәрігерлерге жасалатын шабуылдардың көбеюі себеп болды. Оның үстіне медициналық көмекке қатысты кез келген мәселе тек құқықтық алаңда шешілуі тиіс.
Күш қолданамын деп қорқыту – 200-500 АЕК көлемінде айыппұл (865 мыңнан 2,2 млн теңгеге дейін), не 300 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар, не 2 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру.
Дәл сол қорқыту, бірақ ауырлататын мән-жайларда (бір топ адаммен, бірнеше рет, төтенше жағдай кезінде және т.б.) – 2-3 жылға бас бостандығын шектеу немесе айыру.
Өмір мен денсаулыққа қауіпті емес күш қолдану – 500-1000 АЕК көлемінде айыппұл (2,2-4,3 млн теңге), не 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар, не 2-3 жылға бас бостандығын шектеу немесе айыру.
Дәл сол әрекет ауырлататын мән-жайларда – 3-7 жылға бас бостандығын шектеу немесе айыру.
Өмірге немесе денсаулыққа қауіпті күш қолдану – 5-10 жылға бас бостандығынан айыру.
Ауырлататын мән-жайларда – 7-12 жылға бас бостандығынан айыру.
Air Astana мен FlyArystan компанияларында кадрлық өзгерістер болады
1 наурыздан бастап FlyArystan әуе компаниясын Йохан Эйдхаген басқарады. Оның кандидатурасын Air Astana компаниясының қазіргі бас директоры Питер Фостер мақұлдаған. Бұған дейін Эйдхаген Wizz Air әуе компаниясында бірқатар басшылық қызметтер атқарған. Оның ішінде Абу-Дабидегі басқарушы директор болған. Сонымен қатар ол Nokia компаниясында 14 жылдан астам уақыт жетекші лауазымдарда еңбек еткен.
Эйдхаген FlyArystan басшысы қызметінде Ричард Леджерді алмастырады. Леджер енді Air Astana компаниясында серіктестік және альянстар жөніндегі вице-президент қызметіне ауысады.
Сонымен қатар Питер Фостер 2026 жылдың наурыз айының соңында Air Astana компаниясының бас директоры қызметінен кетіп, Директорлар кеңесінің аға кеңесшісі лауазымына өтеді.
Фото: ChatGpt арқылы жасалды
Алматыда самокаттар қайта шығады
Биыл 1 наурыздан бастап жалға берілетін электр самокаттар Алматы көшелеріне қайта оралады. Қыс мезгілінде операторлар техникалық қызмет көрсетіп, аккумуляторларды тексеріп, мониторинг жүйелерін жаңартқан. Ал биылдан бастап қала әкімдігі жалға самокат ұсынатын компанияларға жаңа талаптар енгізді.
Негізгі өзгерістер:
- Жалға берілетін электр самокаттар сақтандырылған және сәйкестендіру нөмірі бар тіркеуден өткен болуы тиіс;
- Компаниялар самокат жүргізушілерінің 18 жасқа толғанын және кез келген санаттағы жарамды жүргізуші куәлігі бар екенін тексеруге міндетті;
- Техниканы есепке алу және тіркеу нөмірін беру талап етіледі;
- Операторлар ақауы бар құрылғыларды пайдаланудан алып тастап, техникалық жай-күйін тұрақты бақылауы тиіс;
- Жалға алушыларға жол қозғалысы ережелері мен қауіпсіздік талаптары туралы ақпарат беру міндеттеледі;
- Мониторинг пен жылдамдықты шектеу технологиялары енгізіледі;
- Самокаттарды ретсіз қоюға және жаяу жүргіншілерге кедергі келтіретін орындарға орналастыруға жол бермеу мәселесі қарастырылып жатыр.
Қала әкімдігі құқық қорғау органдарымен бірлесіп, самокат пайдалану мәдениетін арттыру жұмысын жалғастырып жатыр.
Егииетке виза қымбаттайды
1 наурыздан бастап Мысыр билігі Қазақстан азаматтары үшін елге келер кезде рәсімделетін кіру визасының бағасын 25 доллардан 30 долларға (шамамен 14 900 теңге) дейін көтереді. Бұл баға бір реттік кіру визасына ғана қатысты. Ол әдетте әуежайға келген кезде берілетін туристік виза саналады. Көп реттік визаның бағасы өзгеріссіз қалып отыр, ол әдетте 60 доллар шамасында.
Мысыр туристік бағыт ретінде әлемге танымал. Сондықтан Мысыр билігі бұл тарифті қызмет сапасын арттыру және туризм саласын одан әрі дамыту мақсатында көтеріп отыр екен. Туристік операторларға жаңа тарифтерді ескеріп, бағдарламаларын жаңарту ұсынылған.
Фото: freepik.com
Наурыздан бастап қоқыс тастағандарды әкімдік те жазалайды
Қазақстанда наурыз айынан бастап қоғамдық орынды ластағандар мен абаттандыру ережесін бұзғандарды әкімдік өкілдері де жауапқа тарта алады. Бұған дейін мұндай құзырет тек полицияда болған.
Экология министрлігі жергілікті билік өкілдеріне әкімшілік хаттама толтыру құзыретін берді. Енді абаттандыру ережесін бұзғандар шенеуніктердің де бақылауына ілігеді. Абаттандыру ережесін сақтамағандарға әкімдіктегілер бірден хаттама толтырып, айыппұлды өзі сала алады. Ал қоқыс тастағандарға сот шешімі арқылы шара қабылдайды. Одан бөлек, жауапқа тарту құқығы шенеуніктердің бәріне бірдей берілмейді. Қандай құрылымдық басқармалар айналысатынын әкім шешеді.
Ортақ пайдаланатын орынды ластау, яғни қоқыс тастағандарға 43 мың теңгеден астам айыппұл немесе 40 сағат жұмыс жазасы көзделген. Ал ағаш сындыру, рұқсатсыз кесу сияқты әрекеттер жасап, абаттандыру ережесін бұзғандарға 86 мың 500 теңге айыппұл қарастырылған.
Енді абаттандыру ережесін бұзғандар мына баптар бойынша жазаланады:
- Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-2 бабы (Ұсақ бұзақылық);
- 505-бабы (Қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, инфрақұрылым объектілерін бұзу, жасыл екпелерін жою және бүлдіру).
12 наурыздан бастап камералар қолында телефон ұстаған және қауіпсіздік белдігін тақпаған жүргізушілерді тіркейтін болады
12 наурыздан бастап Қазақстанда жол қозғалысы ережесін бұзуды камералар автоматты түрде тіркейтін болады. Бұл енді қолында телефон ұстаған жүргізушілерді және қауіпсіздік белдігін тақпағандарды да қамтиды. Бұрын бұл бұзушылықтарды полиция қызметкерлері ғана тіркейтін еді, енді заманауи технологиялар арқылы анықталады.
Жаңа жүйе бұрын ғана автоматты түрде тіркелетін жылдамдық асыру, бағдаршамның қызылына өту сияқты бұзушылықтар тізіміне қосымша телефон қолдану мен белдік тағу тәртібін бұзуды да енгізеді.
Өзгерістер жол қауіпсіздігін арттыру және әкімшілік құқық бұзушылықтарды жылдам анықтау үшін жасалған.
2 наурыздан бастап Қазақстанда кезекте тұрғандарға тұрғын үй бөлу тәртібі өзгереді
2 наурыздан бастап тұрғын үй кезегінде тұрған қазақстандықтар үшін жаңа талап күшіне енеді. Енді Отбасы банк арқылы баспана алу үшін азаматтар деректерін міндетті түрде алдын ала инвентаризациядан өткізуі тиіс.
Тексеруден өтпегендер кезектен шығарылмайды, алайда оларға тұрғын үй бөлінбейді және 2% пен 5% мөлшерлемемен берілетін жеңілдетілген қарыз немесе жалдамалы баспана ұсынылмайды. Бұл мүмкіндіктер инвентаризация аяқталғаннан кейін ғана қолжетімді болады.
Инвентаризация барысында өтініш берушінің мәртебесі, отбасы құрамы, санаты және тұрғын үйінің бар-жоғы нақтыланады. Процедура orken.otbasybank.kz платформасы арқылы өтеді, қосымша анықтама жинау талап етілмейді.
Банк мәліметінше, қазір 257 мың адам деректерін тексеруден өткізген.
Фото: freepik.com
Жаңа Конституция жобасы бойынша референдум өтеді
15 наурызда қазақстандықтар жаңа Конституция жобасын қабылдау бойынша дауыс береді. Дауыс беру 10 400 учаскеде өтеді. Оның ішінде 62 елдегі дипломатиялық өкілдіктер жанында ашылатын 80 учаске бар.
Әзірбайжан, Қырғызстан, Тәжікстан, Таиланд және Палестина бақылаушыларын жіберді.
Бастапқы тұрғын үй бағасы өсіп жатыр
Өзгерістердің бірі – жылжымайтын мүлік бағасының өсуі. Нарық сарапшыларының бағалауынша, жаңа тұрғын үйлердегі пәтерлердің құны наурыз айына қарай тағы 3–5%-ға өсуі мүмкін. Ал соңғы бір жылдағы жалпы өсім шамамен 17% болған.
Экономистер қымбаттауды бірнеше фактормен байланыстырады:
- қосылған құн салығының (ҚҚС) 16% мөлшерінде енгізілуі, енді ол шаршы метр бағасына тікелей қосылады;
- құрылыс заңнамасына қойылатын талаптардың күшеюі;
- тұрғын үйге берілетін кепілдік мерзімінің бес жылға дейін ұлғаюы, бұл құрылыс компанияларының шығындарын арттырады.
Салдарынан жаңа жобалар нарыққа бастапқы бағадан жоғары қаржыға ұсынылып, сұраныс біртіндеп жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалар жағына ауысып жатыр.
Фото: freepik.com
Бакуге тікелей рейстер ашылады
15 наурыздан бастап Air Astana әуе компаниясы Алматы-Баку (Әзербайжан) бағыты бойынша рейстерді қайта бастайды. Ұшақтар бейсенбі және жексенбі күндері қатынайды.
Сәуір және мамыр айларында рейстер жиілігі аптасына үш және төрт ретке дейін көбейеді.
18 наурыздан бастап Атырау–Баку бағыты дүйсенбі, сәрсенбі және сенбі күндері орындалады.
Алматыдан барып-қайту билеті – 157 000 теңгеден, Атыраудан – 97 000 теңгеден басталады.
Екінші деңгейлі банктер тұрғын үй қарызын бере алады
2026 жылы 19 наурыздан бастап екінші деңгейлі банктер тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі бойынша депозиттер ашып, тұрғын үй жағдайын жақсартуға арналған қарыздар бере алады. Тиісті заңға енгізілген түзетулерге президент 2026 жылы 16 қаңтарда қол қойған.
Алайда жеке банктер мемлекеттік сыйақы төлемейді. Жинақтың 20%-ы көлеміндегі бонус тек Отбасы банк салымшыларына беріледі.
Алматы-Шанхай бағыты бойынша жаңа рейс ашылады
29 наурыздан бастап Air Astana Алматы-Шанхай-Алматы бағыты бойынша тұрақты рейстерді орындай бастайды.
Алматыдан ұшулар сейсенбі, бейсенбі және жексенбі күндері жоспарланған. Кері рейстер дүйсенбі, сәрсенбі және жұма күндері орындалады.
Ұшу ұзақтығы: Алматыдан – 6 сағат 15 минут, кері бағытта – 7 сағат 35 минут.
Алматы-Шанхай бағыты бойынша барып-қайту билеттерінің ең төменгі құны (барлық алымдарды қоса есептегенде):
эконом-класс – 281 312 теңгеден,
бизнес-класс – 921 132 теңгеден басталады.
Екінші деңгейлі банктер тұрғын үй қарызын бере алады, референдум өтеді: Қазақстанда 1 наурыздан бастап не өзгереді