Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әкімшілік қамаудан кейін бұрынғы діни қызметкер Воронцов қайта ұсталды

Фото: Facebook Иакова Воронцова

Бұрынғы дін қызметкері Иаков Воронцов 10 тәулікке тағайындалған әкімшілік қамау мерзімін өтеп шыққаннан кейін босатылды. Алайда 23 ақпан күні таңертең ол қайтадан ұсталды. Енді ол қылмыстық іс бойынша күдікті ретінде танылып отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Воронцов есірткі притонын ұстады және есірткі сақтады деген күдікке ілінген. 23 ақпанда полиция департаменті ғимаратының алдына оның жақтастары жиналды. Олар 10 тәулік әкімшілік қамаудан шыққан соң оны қарсы алуға келген.

Адвокат Ғалым Нұрпейісовтің айтуынша, сағат 8:50-де Воронцовты ұстау туралы хаттама толтырылған.

"Материал процессуалдық шешім қабылдау үшін қала прокуратурасына жіберілді. Иаковқа Қылмыстық кодекстің екі бабы – 302-бап (есірткі притонын ұстау) және 296-бап (өткізу мақсатынсыз есірткі сақтау) бойынша айып тағылып отыр. Қазір ол күдікті мәртебесінде", – деді адвокат.

Хабарланғандай, алдағы 72 сағат ішінде сот оны қамауға алу немесе үйқамаққа жіберу туралы шешім қабылдауы мүмкін.

13 ақпанда Воронцов Алматыда ұсталған. Полиция оның үйінде тінту жүргізу кезінде ұнтақ тәрізді заттар табылғанын хабарлаған. Адвокат Ғалым Нұрпейісовтің айтуынша, бастапқыда тіркелген қылмыстық іс аясында Иаков Воронцов қорғау құқығы бар куә ретінде өткен.



"Оған ешқандай нақты бап бойынша айып тағылған жоқ. Қазір ол сол іс аясында қорғау құқығы бар куә ретінде өтіп жатыр. Заңды шешім шықпайынша, кінәлі деп айтуға болмайды", – деген еді адвокат бұған дейін.

Иаков Воронцов (зайырлы есімі – Владимир Юрьевич Воронцов, 1986 жылы туған) – Қазақстандағы православ дін қайраткері, мамандығы бойынша орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Иеромонах ретінде уағыз айту қызметімен айналысып, православ қауымдарының өміріне белсенді қатысқан.

Еске салсақ, бұған дейін Алматыда бұрынғы дін қызметкері Иаков Воронцов қамауға алынғаны туралы хабарлаған едік. 

STAN.KZ
Дүйсенбі, 23 Ақпан, 2026 16:50