Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтарға биыл жазда қайда бару тиімді: Грузия арзандап, Мальдив аралдары қымбаттаған

шетелге саяхаттауФото: sportishka.com

2025 жылы Түркия, Мысыр, Мальдив аралдары мен Вьетнам қазақстандықтар ең көп таңдаған демалыс бағыттары болды. Алайда биыл бұл елдерге жолдама бағасы қымбаттап, туристердің таңдауы мен жоспарында өзгеріс байқала бастады. Танымал бағыттардың құны қаншаға өсті және қазақстандықтар енді қай елдерді жиі таңдап жатқанын Stan.kz тілшісі анықтады.

“Fun&Sun Kazakhstan” туроператорының ресми өкілі Ольга Исаева демалыс маусымы бағаға қалай әсер ететінін де атап өтті.

“Мектеп демалыстары, мамыр мерекелері және жазғы еңбек демалыстары (маусым-тамыз) кезеңінде тур бағасы әдетте 20-40%-ға дейін қымбаттайды. Әсіресе бұл Түркия, Мысыр, БАӘ және Таиланд сияқты отбасылық бағыттарда айқын байқалады”, – дейді Ольга Исаева.

Эконом санаттағы үш жұлдызды қонақүйлерде тек таңғы ас ұсынылса, стандарт және премиум сегментте тамақтану түрі кеңейіп, "бәрі қосылған" жүйесі енгізіледі. Әсіресе Түркия мен Мысырда All Inclusive форматы кең таралған, сондықтан бұл бағыттарда баға қызмет сапасына қарай айтарлықтай өзгереді. 

Ұзақ мерзімді сапарлар базалық ұсыныстарға қарағанда әлдеқайда қымбатқа түседі дейді туроператор. Бағыттар бойынша алғанда, 2026 жылы ең үлкен қымбаттау Черногорияда байқалған. Мысыр мен Грузия да бағаның өсу қарқыны бойынша алдыңғы қатарда. Ал Таиланд, Вьетнам және Мальдив аралдарында кейбір бастапқы пакеттер арзандаған, бұл туроператорлардың ерте брондауға арналған жеңілдіктерімен байланысты болуы мүмкін. 2025 жылмен салыстырғанда, 2026 жылы екі ересек адамға арналған турлардың жоғарғы баға шегі айтарлықтай өскен.

Мысалы, Черногория мен Мальдив аралдарында премиум сегмент күрт қымбаттаған. Түркия, Мысыр және Азия бағыттарында да баға өсімі бар, бірақ кейбір базалық ұсыныстар қолжетімді деңгейде сақталған.

Компания дерегіне сәйкес, ерте брондау кезінде екі ересекке арналған турлардың шамамен бағасы (қазіргі 1 доллармен есептесек теңгеге шаққанда 499 теңге):

Фото: Stan.kz

Отбасылық пакеттерге келсек, 2026 жылы балалармен демалуға арналған турлар да қымбаттай түскен. Түркия мен Таиландта өсім байқалса, Вьетнам мен Мальдив аралдарында жоғары сегмент бағасы айрықша артқан. Жалпы алғанда, нарықта люкс және премиум санаттағы ұсыныстар қымбаттап, ал кейбір бағыттарда бастапқы деңгейдегі пакеттерді тартымды етуге басымдық берілген.

Фото: Stan.kz

Қонақүй деңгейі мен тур ұзақтығы қалай әсер етеді?

Ольга Исаеваның сөзінше, қызмет түріне қарай тур бағасы да өзгеріп отырады:

  • эконом (3 жұлдызы бар қонақүй, таңғы ас) – 450-1200 доллар (224 550 – 598 800 теңге);
  • стандарт (4 жұлдызы бар қонақүй, HB немесе AI) – 900-2000 доллар (449 100 – 998 000 теңге);
  • премиум (5 жұлдызы бар қонақүй, AI/UAI) – 1800-3500 доллар (898 200 – 1 746 500 теңге).

All Inclusive жүйесі әсіресе Түркия мен Мысырда кең таралған, мұндай турлар бір адамға шамамен 1200 доллардан (598 800 теңге) басталады.

Тур ұзақтығы да бағаға әсер етеді:

  • 10 түн – базалық бағадан 25-35% қымбат,
  • 14 түн – 45-70% жоғары.

Осылайша, ең қатты қымбаттаған бағыттар:

  • Черногория (максимум +200%)
  • Мысыр (максимум +135%)
  • Грузия (максимум +130%)

Ал арзандаған бағыттар ішінде:

  • Таиланд (төменгі шек –6%)
  • Вьетнам (төменгі шек –12%)
  • Мальдив (төменгі шек –40%) бар.

2026 жылы жоғарғы баға шегі күрт өскен, яғни люкс және премиум сегмент қымбаттаған. Ал кейбір бағыттарда базалық пакет арзандаған, бұл туроператорлардың ерте брондауға агрессивті жеңілдіктер ұсынуымен байланысты болуы мүмкін.

STAN.KZ
Сенбі, 28 Ақпан, 2026 11:00