"Ешкімді жазалаған жоқпыз": Энергетика министрлігі Теміртаудағы жылу құбырында болған апаттарға түсініктеме берді

Теміртауда жылу желілері жарылып, жұрт уақытша жылусыз қалған еді. Осы апатқа кім жауапты болады деген сауалға вице-министр Сұңғат Есімхановтың жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Теміртауда 13 және 19 қаңтарда 8-шағынауданды жылумен қамтамасыз ететін жылу құбырында екі рет апат болған. Бұл учаскеде 1970 жылдардан бері күрделі жөндеу жүргізілмеген. Соның салдарынан 39 тұрғын үй жылусыз қалған.
Есімхановтың айтуынша, осы жылыту маусымында Теміртауда жылу желілерінде алты-жеті рет ақау тіркелген.
“Теміртаудағы жылу желілері – ең тозған желілердің бірі. Сондықтан соңғы екі жылда бұл қалаға ерекше назар аударып келеміз. Иә, технологиялық бұзушылықтар болды. Белгілі бір уақытқа дейін жылу төмендетілген параметрмен берілді. Кейбір үйлерде тіпті жылу беру шектелді. Алайда барлық ақау нормативтік мерзім ішінде қайта қалпына келтірілді. Мұндай фактілер бар, бірақ олардың саны бірнеше есеге азайып келеді. Ал нақты осы жағдай бойынша айтар болсақ, ешкімді жазалаған жоқпыз. Өйткені бұл желіні пайдаланушы компанияның қызмет көрсетуіне қатысты мәселе”, – деді вице-министр.
Семейдің орталығында құбыр жарылып, тұрғындар түнді жылусыз өткізді (видео)
Ол биыл магистральдық желілерде технологиялық бұзушылықтар көп болмағанын, ақаулар негізінен шағынаудандардағы желілерде тіркелгенін айтты. Бұл учаскелердегі мәселелерді алдағы жылдары шешу жоспарланып отыр екен.
Сонымен қатар Есімханов жылумен қамтуда мәселе жиі туындайтын қалаларды атады.
“Әкімдіктердегі әріптестерім ренжіп қалмасын, сондықтан оларды “қауіп аймағы” деп емес, біз ерекше назар аударатын өңірлер деп атайын. Бұл өңірлер елге белгілі: Теміртау, Екібастұз, Степногорск. Дәл осы қалаларда типтік желілер бойынша проблемалы тұстар бар. Біз оған арнайы көңіл бөліп отырмыз”, – деді Энергетика министрлігінің өкілі.
Айта кетейік, бұған дейін Теміртауда магистральдық жылу құбырында апат болып, ондаған үй жылусыз қалғаны туралы жазған едік.