Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Полиция көлігінде қызметкер мен жүргізушінің “күдікті әрекеттері” түсірілген видео тарады

Видеодан скрин

Әлеуметтік желіде патрульдік полиция көлігінде жүргізуші мен полиция қызметкерінің “күдікті әрекеттері” түсірілген видео тарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Кадрлар желіде қызу талқыға түсіп, қолданушылар “ер адам полиция қызметкеріне пара беріп жатыр” деген болжам айтты.

Видеода қызметтік көлік рөлінде отырған полиция қызметкері жанындағы ер адамнан бір нәрсе алады, кейін екеуі қол алысады. Осыдан соң ер адам көліктен түсіп, оның орнына инспектордың әріптесі отырады.

Қостанай облыстық полиция департаменті бұл дерек бойынша тексеру жүргізілгенін хабарлады.

Департамент мәліметінше, оқиға 7 ақпан күні болған. Патрульдік экипаж Volkswagen маркалы көліктің жүргізушісін жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін тоқтатқан. Сағат 13:03-те жүргізушіге қатысты әкімшілік хаттама толтырылған. Қазір полицейлерге қатысты қызметтік тексеру басталды.

“Автокөлік жүргізушісі ақша беру фактісін және өзге де заңсыз әрекеттерді жоққа шығарды. Тергеу нәтижесі бойынша түпкілікті шешім қабылданады”, – делінген полиция хабарламасында.

Кейін әлеуметтік желіде видеодағы жүргізуші, Ұзынкөл ауданының тұрғыны Александр болған жағдайға қатысты өз нұсқасын айтып берді.

“Мен Қостанай қаласында Амангелді көшесімен облыстық ауруханаға, жұбайымды ауруханадан шығаруға бара жатқан едім. Сол сәтте Баймағамбетов көшесіндегі бағдаршамдар жұмыс істемей тұрған. Біз колоннамен қозғалып келе жаттық, алдымдағы көлік тоқтаған соң мен де баяулап, тоқтадым. Алдыңғы көлік қозғала бастағанда, мен бірінші берілістің орнына үшінші берілісті қосып қойыппын да, көлік өшіп қалды. Апаттық жарықты қосып үлгермедім. Қарсы беттен полиция қызметкерлері келе жатты. Мен оларға жеке куәлігімді, жүргізуші куәлігімді және спорт кешенінің визит картасын көрсеттім. Сол карта кездейсоқ түсіп кетіп, видеода бір нәрсе беріп жатқандай болып көрінуі мүмкін”, – деді Александр.

Ер адам ешқандай пара бермегенін, ал полиция қызметкерлерінің өз міндетін адал атқарғанын атап өтті.

“Полиция қызметкерлеріне қатысты ешқандай шағымым жоқ. Олар жол ережесін бұзғанымды тіркеп, ескерту жасады. Мен бұл шешіммен келісемін”, – дейді ер адам.

STAN.KZ
Сейсенбі, 17 Ақпан, 2026 21:55