Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"1,5 келілік сәби жансақтау бөлімінде": Таиландқа демалуға барып, босанып қалған қазақстандық әйел елден көмек сұрады

Пхукетте босанып қалған ана қазақстандықтардан көмек сұрадыФото: Еленаның жеке архиві

Пхукет аралына демалысқа барған қазақстандық әйел сол жерде мерзімінен бұрын босанып, ауыр жағдайға тап болды. 1,5 келі салмақпен дүниеге келген сәбиі қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Отбасы аурухана шығындарына миллиондаған теңге төлегенімен, жаңа туған нәресте сақтандыруға енгізілмеген. Шетелде күтпеген жерден босанып қалған ана сәбиімен елге аман-есен оралуды тілеп, қазақстандықтардан көмек сұрады.

Желіде құрбысы үшін көмек сұраған қазақстандық әйелдің жазбасы тарады. Айтуынша, қазір шетелдегі емханада жатқан ана мен балаға қаржылық қолдау қажет.

“Құрбым Пхукет аралындағы Вачира ауруханасына түсіп қалды. Ол мерзімінен бұрын босанды. 16 ақпанда салмағы 1,5 келі сәбиін дүниеге алып келді. Қазір нәресте жансақтау бөлімінде жатыр. Біз ауруханада жатқаны мен босану шығындары үшін 3 миллион теңгеден астам қаражат төледік. Алайда сәби сақтандыру полисіне кірмейді.

Қазір дәрігерлер балаға салынатын екпелер үшін қосымша 700 мың теңге төлеуді талап етіп отыр. Бұл сома күнделікті күтім шығындарын қоспағанда. Осыған байланысты қаражат жинауды бастаймыз. Баршаңыздан көмек сұраймыз”, – деп жазды ол. 

“17-сі күні туған Қазақстанымызға қайтуымыз керек болатын”

Stan.kz тілшісіне саяхатта жүріп күтпеген жерден босанып қалған Қарағанды облысының тумасы оқиғаны баяндап берді. 

“Жасым 38-де. Негізі Шахтинск қаласында тұрамын. Азаматтық некедегі жұбайыммен және достарымызбен мұнда демалуға келген едік. Демалыс жүктілігімнің 28-аптасынан басталды. Бәрі жақсы болды. Ешқандай қауіптің белгісі байқалмады, өзімді өте жақсы сезіндім. 3 ақпанда демалысқа ұшып келдік. 17-сі күні Қазақстанымызға қайтуымыз керек болатын”, – деді ол.

Елена 14 ақпанда жайсыздықты сезінген. 

“Ештеңе мазаламады, бәрі керемет еді. Бірақ 14 ақпан таңертең дымқылдықты сезіп ояндым. Сөйтсем, суым кетіп қалыпты.

Біз бірден қонақүйдің әкімшілігіне түсіп, жедел жәрдем шақыруларын өтіндік, сақтандыру компаниясымен байланыстық. Жедел жәрдем келіп, мені ауруханаға алып кетті. Патонг ауруханасында тексеруден кейін бізді жедел жәрдем көлігімен Вашира ауруханасына ауыстырды. Себебі мұнда шала туған сәбилерге арналған барлық жағдай жасалған екен”, – деп қосты ол. 

“Босанғаннан кейін қан кету басталды”

Дәрігерлер ананың да, сәбидің де жағдайын жіті бақылауға алып, асқынудың алдын алу шараларын дереу бастаған. Елена екі күн бойы түрлі жұқпаларға қарсы екпелер алған. Сонымен қатар, нәрестенің өкпесі жетілуі үшін арнайы дәрілер салынған.

“16-сы күні ультрадыбыстық тексеру кезінде баланың қағанақ суы өте азайып кеткені анықталды. Сондықтан дәрігерлер табиғи жолмен босандыру туралы шешім қабылдады. Алайда шұғыл ота жасау қажет болуы мүмкін екенін ескертті.

Алдымен толғақты күшейту үшін арнайы дәрі салынды. Бірақ нәтиже болмады. Кейін тамыр арқылы дәрі жіберіп, күтуді тапсырды. Екі сағаттың ішінде өте қатты толғақ басталды. Сөйтіп, ұлымыз Марк дүниеге келді. Ол бірден жылады. Жанымызда неонатологтар мен педиатрлар тобы болды, бәрі үйлесімді жұмыс істеді. Тілдік кедергіге қарамастан, бір-бірімізді түсінуге тырыстық”, – деді қазақстандық.

“Ұлымды құрылғыға жатқызып, жансақтау бөліміне алып кетті”

Еленада босанғаннан кейін қан кету басталған. Бірақ дәрігерлер дер кезінде әрекет етіп, жағдайын тұрақтандырған.

“Ұлымызды бірден арнайы жабдықталған құрылғыға жатқызып, жансақтау бөліміне алып кетті. Ұзақ уақыт қағанақ сусыз болғандықтан, оған оттегі жетіспеушілігі болғанын түсіндік.

Бүгін бізге оны көруге рұқсат берілді. Кіп-кішкентай ғана, бірақ нағыз өмір үшін күресіп жатқан жан. Жағдайы біртіндеп жақсарып келеді. Дәрігерлер бәрі жақсы болады деп сендіріп отыр”, – деп қосты ол.

Еленаның 10 мың долларлық сақтандыру қаржысы оның ауруханада жатқан уақытына толық жұмсалған. Алайда сәбиін ауруханадан шығаруға қашан рұқсат беретінін білмейді. 

“Болып жатқан жағдайдан есеңгіреп қалдық, көп нәрсені толық түсіне алмай отырмыз. Қазір бізге кез келген көмек қажет. Ең алдымен қаржылай қолдау керек. 10 мың долларлық сақтандыру қаржысы менің ауруханада жатқан уақытыма толық жұмсалды. Бұған қоса босану мен басқа да медициналық қызметтер үшін 5 миллион теңге төледік. Бірақ бұл әлі соңғы шығын емес екенін түсініп отырмыз. Сәбиімізге әрі қарай оңалу, салмақ қосу қажет. Қазақстанға қашан оралатынымыз белгісіз. Осындай қиын жағдайда мемлекет өз азаматтарын қолдайды деп сенеміз. Санитарлық авиация туралы көп оқыдым. Елге аман-есен оралуымызға көмектеседі деп үміттенеміз”, – деп қосты ол. 

Елена Қазақстан Республикасының консулдығына хабарласқан. Бірақ әзірге нақты жауап жоқ екен.  

“Алда не боларын ешкім білмейді. Біз де бәрі жақсы болады деп үміттендік, бірақ жағдай осылай болды. Қолдау көрсетуге тырысып жатқан барша отандастарымызға алғыс айтамыз”, – деді ол. 

Редакциямыз жағдайға байланысты Сыртқы істер министрлігінен ресми пікір күтуде. 

Еленаға көмек қолын созамын деушілерге:

Kaspi 4400 4300 4866 0051

+7 778 745 41 18 – Александр.П

STAN.KZ
Сейсенбі, 17 Ақпан, 2026 17:30