Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

54,8 миллиард теңге: Қазақстанда қайтарылған мүлік бюджетке қанша табыс әкелді

Фото: depositphotos.com

Қазақстанда қайтарылған активтерді сатудан мемлекеттік бюджетке 4,3 миллиард теңге, ал арнайы мемлекеттік қорға 50,5 миллиард теңге түсті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

"Қайтарылған активтерді басқару компаниясы" ЖШС мәліметінше, ұйым өз қызметі аясында қайтарылған активтерді іске асырудан түскен қаражатты арнайы мемлекеттік қорға аударумен қатар, бюджетке де елеулі салық түсімдерін қамтамасыз етіп отыр.

2025 жылдың қорытындысы бойынша компания мемлекеттік бюджетке 4,3 миллиард теңге көлемінде салық төлеген. Көрсеткіш қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитетінің алғыс хатымен ресми түрде атап өтілген.

Арнайы мемлекеттік қорға түскен 50,5 миллиард теңге ел бойынша әлеуметтік маңызы бар және инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға бағытталады.

Бұған дейін компания электронды сауда арқылы сатылымға шығарылған ерекше лоттар туралы хабарлаған еді. Олардың қатарында құны 150 миллион теңге болатын элиталық қол сағаттары да бар.



Еске салайық, бұған дейін ҚБТУ университеті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қорына қайтарылғанын жазған едік. Қазақстан-Британ техникалық университеті соңғы жылдары меншік құқығына қатысты даулардың ортасында болды. 2018 жылы оқу орны "ҚазМұнайГаздан" NNEF қорына сатылған, алайда 2024 жылы прокуратура бұл мәмілені мемлекет мүддесіне зиян келтірді деп сотқа жүгінді. 2025 жылғы ақпанда сот шешімімен университет акциялары Қайтарылған активтерді басқару компаниясына өткен еді. Кейін қор акцияларды қайтаруға талпынып, нәтижесінде 2025 жылғы қыркүйекте ҚБТУ қайтадан NNEF меншігіне өтті.

STAN.KZ
Жексенбі, 15 Ақпан, 2026 13:41