Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қазақ тілі – сіңірі шыққан кедейлердің тілі": Депутат көпшіліктің ашуын тудырған жазбасына қатысты пікір білдірді

Фото: mazhilis.parlam.kz

Желіде қазақстандық депутат Самат Нұртазаның қазақ тілі сіңірі шыққан кедейлер мен арба тасушылардың тілі деген жазбасы тарады. Конститутция жазуға қатысқан комиссия мүшесінің бұл сөзі жұртшылықтың ашуына тиді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Желі жазбасында депутаттың бұрын жариялаған постының скрині тарады. Онда ол:

“Қазақ тілі – сіңірі шыққан кедейлердің, арба айдайтындар мен даяршылардың тілі! Кіжің сіңір, ашулан кедей”, – деген. 

Фото: Желі кадрларынан скрин

Бұл жазба желіде жұртшылықтың наразылығын тудырды. 

“Самат Нұртаза деген депутат. Конституцияны жазған комиссия мүшесі. Кысқасы мемлекеттің қазақ тіліне түкіргені бар. Біле жүріңдер… Кедейлердің тілін қалай билік тілі ете аламыз? Айтып жіберші депутат мырза?!”, – деп жазды қазақстандық. 

Өзгелер де бұл адамды осындай ойымен қызметте қалай отырғанын сынады.

“Мынау рас болса, жауапкершілікке тартылуын талап етемін. Недеген жауыздық!”, “Осындайлар үкімет басында болса, қазақ тілге үстем берілмес”, “Үкімет бір тілде, халық басқа тілде сөйлейді деген шындық болғаны ғой”, “Мәссаған, депутат солай айтып отырса”, “Мынау қалай депутат болып жүр?”, – деп жазды жұртшылық.



Самат Нұртаза кейін Facebook желісінде бұл пікіріне түсіндірме берді.

“Бұл 2019-2020 жж. тіл төңірегіндегі дискуссияда жазған комментарий болатын. Ол тұста белсенді блогер ретінде, тіл мәселесіндегі диспутқа араластым.  Негізгі ойым – осы пікір арқылы тілге деген құрметті күшейту үшін, керісінше мағынада жазылған ой болған. Яки, шүйліккеннен, эмоцияға берілгеннен, ашынған ойым еді. Ешқандай зымиян ойым болмады, керісінше сол жылдардағы өзімнің басымнан өткен нақты жағдайларды мысалға келтірген сөздерім еді”, – деп жазды депутат. 

Айтуынша, ол сол кездері мемлекеттік қызметте істемеген. 

“Егер бұл комментарийім біреудің ар-ожданына тиіп кеткен болса, ресми кешірім сұраймын.
Мақсат ортақ – мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру!”, – деді ол. 

STAN.KZ
Жұма, 13 Ақпан, 2026 17:57