Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматылықтар коммуналдық қызметтердің күрт қымбаттағанына шағымданды: "Алматы жылу желілері" себебін түсіндірді

коммуналдық қызметтер күрт қымбаттадыФото: depositphotos.com

Желіде алматылықтар жылу тарифтерінің қымбаттағанын айтып, алаңдаушылық білдіріп жатыр. Осыған байланысты қызмет жеткізуші жағдайға қатысты түсініктеме берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Алматы қаласының тұрғындары желіде коммуналдық қызметтердің қымбаттағанын айтып, ақпан айы үшін келген түбіртектерді жариялап жатыр.

Тағы бірнеше алматылық осы айда коммуналдық қызметтердің түбіртегінде қанша теңге шыққанын бөліскен.

Алматылықтар коммуналдық қызметтердің бағасына наразыАл күні кеше 2026 жылғы 1 сәуірден бастап Алматы тұрғындары үшін жылу энергиясы мен ыстық су тарифтері шамамен 10% өсетіні жайлы ақпарат жарияланды. Кейінірек хабарлама Алматы жылу жүйесінің ресми сайтынан өшірілді.

Алматы жылу жүйесінің баспасөз қызметінің мәліметінше, сәуірге жарияланған тарифтерді уәкілетті орган қайта қарауы мүмкін.

“Көрсетілген тарифтердің күшіне ену күні әлі келмегендіктен, халық пен тұтынушыларды жаңылыстырмау мақсатында бұл ақпарат уақытша алынып тасталды. Қазір жылумен жабдықтау тарифтері өзгеріссіз қалады”, – деп хабарлады ұйым.

Сондай-ақ 2026 жылғы 1 сәуірден бастап қолданылатын тарифтердің нақты деңгейі әзірге белгісіз. 

“Осыған байланысты дұрыс түсіндіру және тұтынушыларды жаңылыстырмау мақсатында кейінгі тарифтер табиғи монополиялар туралы заңнамада көзделген тәртіппен жарияланады”, – деп хабарлады компания өкілдері.

Айта кетейік, бұған дейін жылу тарифтерінің мөлшерін 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап өсіру жоспарланған еді. Алайда бағаның өсуін тежеу жөніндегі Үкімет жоспарына байланысты мерзім сәуірге ауыстырылған.

Бұған қоса, Алматы жылу жүйесінің баспасөз қызметі жылу мен ыстық су тарифтері көтерілмегенін, түбіртектердегі соманың өсуі қосылған құн салығы (ҚҚС) мөлшерлемесінің өзгеруімен тікелей байланысты екенін жеткізді.

“2026 жылғы 1 қаңтардан бастап ҚҚС мөлшерлемесі 16%-ға дейін ұлғайтылды. Осыған байланысты көрсетілген күннен бастап жылумен жабдықтау қызметтері үшін есептеулер жаңа ҚҚС мөлшерлемесін ескеріп жүргізіледі. Ақпан айындағы түбіртектердегі жалпы соманың өсуіне дәл осы фактор әсер етті (қызмет ақысы бір ай кешіктіріліп төленеді)”, – деп түсіндірді компания.

Сондай-ақ 2026 жылғы 1 қаңтарға дейінгі кезең үшін есептеулер ақпан айындағы түбіртекте "Қайта есептеу" деген жеке жолмен көрсетілген және бұрынғы 12 пайыздық ҚҚС мөлшерлемесі бойынша есептелгені нақтыланды.

Электр энергиясы

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап электр энергиясын желілер арқылы тасымалдау құнының төмендеуіне (1 кВт·сағ үшін 13,99 теңгеден 13,65 теңгеге дейін) және филиалдың инвестициялық бағдарламасының аяқталуына байланысты Алматы қаласы мен Алматы облысының тұтынушылары үшін жаңа тарифтер енгізілген.

Сонымен қатар компания 1 қаңтардан бастап ҚҚС базалық мөлшерлемесі 12 пайыздан 16 пайызға дейін артқанын еске салды.

“Тиісінше, электр энергиясы үшін есеп айырысу 16 пайыздық ҚҚС мөлшерлемесін қолдана отырып жүргізіледі”, – деп нақтылады “Алатау Жарық Компаниясы” АҚ-ның “Энергосбыт” филиалы.

Тарифтік жоспарды таңдау тұтынушының өтініші негізінде дербес жүзеге асырылады.

Су қызметтері

“Алматы Су” компаниясының ақпаратына сүйенсек, суық сумен жабдықтау және су бұру тарифтері өзгеріссіз қалатынын, қазір оларды қайта қарау жоспарда жоқ.

Еске салайық, қазақстандықтар коммуналдық қызметтердің күрт қымбаттағанына шағымданғаннан кейін министрлік мәлімдеме жасағаны хабарланған еді.

STAN.KZ
Жұма, 13 Ақпан, 2026 14:59