Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы облысында кәсіпкер қараусыз қалған ғимаратты қалпына келтірген, алайда әкімдік оны тартып алған

Қазақстандық кәсіпкер Фото: Тhreads.com/@gulnara557470

Қазақстандық кәсіпкер әйел Шеңгелді ауылындағы нысанды әкімдіктен сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға алған. Алайда апатты жағдайда тұрған ғимаратқа жөндеу жұмысы жасалған соң, әкімдік тартып алды деп шағымданды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Кәсіпкердің айтуынша, қараусыз қалған нысанның есігі де, терезесі де, тіпті жарығы мен суы да болмаған. Оны қалпына келтіруге 5 жыл уақыт кеткен. 

“Жаңа Қазақстан” кәсіпкер әйелді тонап кетті. Мен – Алматылық кәсіпкер әйелмін. 2019 жылы Шеңгелді ауылындағы ғимаратты кейіннен сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға алу бойынша тендерді жеңіп алдым. Шамамен 400 шаршы метр аумағы бар ғимарат 17 жыл бойы бос тұрған, ешкімге қажет болмаған. Қирап, қараусыз қалған нысанның терезесі де, есігі де жоқ, шатырының үштен бірі жоқ, ішкі қабырғаларындағы сылақ еріген қар мен жаңбыр суынан опырылып түсіп қалған. Ғимаратта жарық та, су да болмады. Мен ғимаратты өз қаражатыммен қалпына келтірдім. Шатырға күрделі жөндеу жасалды, терезелер мен есіктер ауыстырылды, темір торлар орнатылды, ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары жүргізілді. Электр желісі тартылды, аумақтан шамамен 10 камаз қоқыс шығарылды, ағаштарға санитарлық шырпу жасалды, қоршау мен қақпалар орнатылды. Ауылда кәсіп дамытпақ едім. Бірақ ғимарат жөнделген сәттен бастап Қонаев қаласы әкімдігі құжаттарды, актілерді және тексеру қорытындыларын қолдан жасап, сот шешімімен ғимаратты менен тартып алды. Бір тиын өтемақы төлеген жоқ. Мен ұсынған барлық дәлелдер мен құжаттарды сот тіпті қарастырмаған. Әділдік мүлде жоқ”, – деп кәсіпкер жанайқайын жеткізді. 

Әйел кәсіпті бастау үшін ақша ғана емес, денсаулығы мен 5 жыл өмірін де сарп еткенін айтты. Айтуынша, қазір Алматы қаласының кәсіби бағалаушылар палатасының сараптамасына сүйене отырып, ғимаратты жөндеуге кеткен шығынды өндіріп алу туралы сот процесі жүріп жатыр. Бірақ сот отырысы бүгінге дейін 3 рет кейінге шегерілген. 

“Неге соттар мемлекетке қарсы шешім шығарудан соншалық қорқады? Олар неден қорқады? Ал қарапайым халықтың ашу-ызасынан неге қорықпайды?Президентке жолдаған өтінішім де еш нәтиже бермеді. Шағымды үстінен шағым түскен органға жіберу – бассыздық қой. Енді қайда, кімге жүгінерімді білмеймін”, – деп жазды қазақстандық.

Осы жағдайға байланысты Қонаев әкімдігіне сұрау жолдадық. Әкімдіктің мәліметінше, аталған нысан 2019 жылғы 4 қазанда жасалған шарт негізінде үш жыл мерзімге кейін сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға берілген коммуналдық меншік.

Шарт талаптарына сәйкес бірқатар нақты міндеттемелер жүктелген:

  • Өндірістік базаны (тігін цехын) іске қосу;
  • 20 миллион теңге көлемінде инвестиция салу;
  • Жұмыс орындарын құру;
  • Нысанның сақталуын қамтамасыз ету және қолданыстағы заңнама талаптарын сақтау.
“Шарттың қолданылу мерзімі ішінде (2020–2022 жылдары) уәкілетті орган тарапынан бірнеше рет тексерулер жүргізіліп, олардың нәтижесінде шарттың негізгі талаптарының орындалмағаны анықталды. Атап айтқанда, нысанда инженерлік желілер (электрмен және сумен жабдықтау) болмаған, өндірістік база нақты жұмыс істемеген, мәлімделген жұмыс орындары құрылмаған. Аталған актілер заңда белгіленген тәртіппен дауласуға ұсынылмаған. Шарт мерзімі аяқталғаннан кейін “Мемлекеттік мүлік туралы” Заңының талаптарына сәйкес, уәкілетті орган нысанды коммуналдық меншікке қайтару туралы шешім қабылдады. Талапкерге сотқа дейінгі реттеу тәртібімен бірнеше мәрте хабарламалар жолданған”, – деп мәлімдеді Қонаев әкімдігі.

Қазір нысан Қонаев қаласы әкімі аппаратының балансында тұр.

“Сонымен қатар, сот инстанциялары, оның ішінде Алматы облыстық соты, нысанда өндірістік қызметтің болмағанын және шарттық міндеттемелердің орындалмағанын бұрыннан анықтап, растаған. Қонаев қаласының әкімдігі мемлекет пен аумақтық қауымдастықтың мүдделерін қорғай отырып, өз қызметін қолданыстағы заңнама аясында жүзеге асырады”, – ден түсіндірді әкімдік.
 

STAN.KZ
Сейсенбі, 10 Ақпан, 2026 18:56