Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Анамызды ұрды, барлығымызды соққыға жықты": Түркістан облысында сөз байласқан жігіті бар қызды алып қашып күш көрсеткендер жауапқа тартылмаған

Фото: Жасанды интеллектпен жасалған

Түркістан облысының Жетісай қаласында Мәншүк Ахмет есімді бойжеткенді таксиге отырған кезінде таныс емес біреулер алып қашқан. Қатыгездікпен күш қолданып, өзінен 14 жас үлкен адамға апарғаннан кейін, қыздың отбасы оны кері алып кетуге тырысқан. Алайда жігіт жақтағы ер адамдар қыздың анасы, әжесіне дейін ұрып күш қолданған. Түркістандық отбасы полицейлердің әрекетсіздігі мен істің жабылып қалғанына наразылық танытып, әділдікті талап етті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Власть” порталына сілтеме жасап хабарлайды. 

Мәншүктің отбасы Қазақстанның Адам құқықтары жөніндегі халықаралық бюросының кеңсесінде өткен баспасөз мәслихатында тергеу жұмыстары жүргізілмей жатқанын мәлімдеді.

“Оның күйеуге шығатын, сөз байласқан жігіті бар еді”

Бойжеткеннің айтуынша, 27 маусым күні кешкі сағат жеті шамасында ол құрбысы Алтыншаш Дәрібаймен бірге тамақтануға шыққан. Таксиге отырғаннан кейін көлікке екі ер адам мініп, бағыт кенет өзгерген.

“Мен жүргізушіден “қайда бара жатырмыз?” деп сұрадым. Сол кезде Алтыншаш “сені алып қашып бара жатырмыз” деді. Мен айқайлап, басқа жігітпен сөз байласқанымды айттым. Бірақ олар “бауырым жақсы адам, сені бақытты етеді” деді. Айқайлағанымда аузымды жауып, дем ала алмай қалдым. Кейін бейтаныс үйге апарды", – деді Мәншүк Ахмет.

Қыздың айтуынша, оны тұрмысқа бермек болған ер адам өзінен 14 жас үлкен болған. Ал үйге келгенде оны көптеген әйелдер қоршап алып, жалбарынып, алдап әрі қорқытқан. Кейін телефонын тартып алып, ата-анасына хабарлама жазып, "өз еркімен келгені" туралы айтқан.

"Мен ешқашан “мама, папа” деп жазбайтынмын. Себебі әжем мен атамның қолында өстім. Сол күні ағам келіп, менімен сөйлескісі келді", –  деді ол.

Мәншүктің ағасы Асылбек Орынбаев алып қашқандардың үйінде шамамен 30 адам болғанын, ұзақ уақыт ішке кіргізбегенін айтты. 

"Ішке кіргенімде қарындасым жылап отырды. Бұған дейін 102-ге хабарласып, алып қашқанын айтқанмын. Полиция мені бұрын барып, бәрін видеоға түсіріп, “өз еркімен келген” деп кеткен. Ал оның күйеуге шығатын, сөз байласқан жігіті бар еді. Соған қарамастан, маған бәрі жабылып, “тиіспе, арандатпа” деді", – деп қосты Асылбек Орынбаев. 

“Анамызды ұрды, барлығымыз соққыға жығылдық: Қалай болғанда да Мәншүктi алып шықтық”

Келесі күні Ахметтің туыстары Мәншүктi қайтару үшін жігіттің отбасымен "Атмосфера" кафесінде кездескен. 

"Біз мәселені бейбіт жолмен шешкіміз келді. Бірақ ол жерде әйелдер емес, ер адамдар отырды. Ал Мәншүк әйелдердің ортасында қысылып тұрды. Мен оны алып кетпек болғанда шашымнан сүйреп, тепкіледі. Анамды да ұрды. Барлығымыз соққыға жығылдық, бірақ қалай болғанда да Мәншүктi алып шықтық", –  деді әпкесі Әлия Орынбаева. 

Соққыға жығылғандардың қатарында Әлия Орынбаева, Асылбек Орынбаев, әжесі Үміт Орынбаева және өзге де туыстары болған.

"Мен немеремді ойладым, баламды алып кеткім келді. Олар мені тұншықтырды. Бұл – адам шошырлық жағдай", – деді Мәншүктің әжесі.

Маншүк Ахметтің айтуынша, ол бұл оқиғадан кейін ұзақ уақыт өзіне келе алмаған. Қыздың отбасының айтуынша, адам ұрлау және соққыға жығу деректері бойынша арыз жазылған. Алайда сот-медициналық сараптама тек бір аптадан кейін тағайындалған. Ал беттестіру әлі күнге дейін өткізілмеген.

"Тергеуден еш нәтиже жоқ. Оның үстіне, алып қашу дерегі бойынша іс себепсіз жабылды. Тергеу барысында бес тергеуші ауысты. Бұл – тек біздің емес, бүкіл Қазақстандағы қыздардың мәселесі. Кез келген қызды күштеп алып кетуі мүмкін. Біз әділдік сұраймыз”, – деп қорытты Мәншүктің әпкесі. 

Орынбаевтар отбасы бұл істі президенттің, ішкі істер министрінің және бас прокурордың жеке бақылауына алуды талап етті.

Еске салайық, бұған дейін 11 қаңтар күні кешкі уақытта Шымкент қаласында 21 жастағы қыздың пышақ жарақаттарынан қаза тапқаны хабарланған еді. Нұрай Серікбай 11 пышақ жарақатын алған. Оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлігі "Адам өлтіру" бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қылмыс жасады деген күдікпен 28 жастағы Шерхан Аймахан есімді ер адам қамауға алынды.

Нұрайдың туыстары марқұмның бұған дейін күдіктінің үстінен полицияға шағымданғанын, алайда қызметкерлердің қыздың арызын қабылдамай қойғанын айтып, полицияны немқұрайлық танытты деп айыптады. 

Іске қатысты Қасым-Жомарт Тоқаев да пікір білдіріп, бұл оқиғаның қоғамда кең резонанс тудырғанын айтқан еді. Президент ішкі істер министрлігіне Шымкент қалалық полиция департаментінің әрекетіне құқықтық баға беруді тапсырды.

STAN.KZ
Дүйсенбі, 02 Ақпан, 2026 18:07