"Ұмай" әйелдер ипотекасы қашан қайта іске қосылады

Отбасы банкі "Ұмай" әйелдерге арналған ипотекалық бағдарламасының қашан іске қосылатынына байланыәлі келісу сатысында екенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұған дейін бағдарламаны 2025 жылдың басында жаңартылған шарттармен қайта іске қосу жоспарланған. Алайда іске қосу мерзімі кейінге шегерілді.
Алматы филиалы директорының орынбасары Камшат Оналбаева брифингте қазіргі таңда Отбасы банкі мен Азия даму банкі (АДБ) арасында бас келісімді бекіту процесі жүріп жатқанын алға тартты.
“Қазір "Ұмай" әйелдер ипотекасы бойынша Азия даму банкімен бас келісімге қол қою рәсімі жүргізілуде. Бағдарламаның нақты шарттары осы келісімге қол қойылғаннан кейін жарияланады”, – деді ол.
Айта кетейік, "Ұмай" бағдарламасы 2021 жылы іске қосылып, 2023 жылға дейін жұмыс істеген, кейін уақытша тоқтатылған. Жоба Азия даму банкінің қолдауымен жүзеге асырылады.
Бұрын жарияланған талаптарға сәйкес, бағдарламаға қатысу үшін несие сомасының 20 пайызына дейінгі бастапқы жарна "Отбасы банкінде" депозитте болуы тиіс. Бағдарламаға 18 бен 65 жас аралығындағы, ресми табысы және соңғы кемінде алты айда зейнетақы аударымдары бар әйелдер қатыса алады.
Күтіліп отырған жаңартылған шарттар бойынша, несие сомасының ең жоғары шегі 50 миллион теңгеге дейін ұлғаюы мүмкін. Сонымен қатар отбасының жиынтық таза айлық табысы 950 мың теңгеден аспауы тиіс (бұрын бұл шек 640 мың теңге болған). Бағдарлама аясында алғашқы және екінші нарықтан да тұрғын үй сатып алуға болады. Алайда үй 2016 жылдан ерте пайдалануға берілмеуі керек.
"TikTok арқылы жарын жолықтырып, заңгерден әншілікке өткен": Желіде танымал болған қазақстандықтар қалай жетістікке жеткенін айтып берді