"Өлімнен тренд шыққаны өкінішті": Желіде "Нұрай үшін" тренді қазақстандықтардың ашуын туғызды

Желіде Шымкентте пышақ жарақаттарынан көз жұмған 21 жастағы Нұрайдың оқиғасынан кейін жаңа тренд пайда болды. Алайда бұл желі қолданушылырың пікірін екі алаңға бөлді. Көпшілік трендті түсірушілерді ауыр қазаны “хайпқа” айналдырды деп айыптап жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Шымкенттік Нұрай Серікбай қатыгез кісі өлтірудің құрбаны болды – оны танысы пышақтап өлтірген. Оқиға қоғамда кең резонанс тудырып, әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жатыр.
Осы тұста желіде жаңа тренд пайда болды. Онда жасөспірім қыздар Lana Del Rey-дің мұңды әуенімен “Таныспағаным үшін пышақтап кету жоғынан”, “Мүмкіндік бермегенім үшін пышақтап кету жоғынан” деген сөздер жазып, видео жариялап жатыр.
Қыздардың жазып жатқан сөзі трендтің символына айналды.
Сондай-ақ олар видеоның астында “Нұрай үшін” хэштегін пайдаланып жатыр.
Бұл тренд желі қолданушыларының арасында екіұдай қалыптастырды. Олардың көпшілігі арулардың әрекетін “хайп” пен марқұмның әруағына құрметсіздікке теңеді.
“Мен шок болып отырмын. Айтарға сөзім жоқ. Мынандай тренд түсіру үшін қандай мисыз болу керек?”, “Ақымақтар”, “Өздерін қалай көрсетуді білмей жүргендер ғой”, “Ақылға сәуле қонбаса, құр шырайдан садаға”, “Бұл қыздарға тренд пен оқырман саны адамгершілікпен маңызды болып тұр ғой”, “Біреуге қайғы, біреуге белсенділік”, “Өлімнен тренд шыққаны өкінішті”, “Марқұмның әруағын сыйлау керек қой, мыналарың не?” – деп жазған олар.

Желі қолданушылар бұл тренд марқұмның отбасы мен жақындарына ауыр тиюі мүмкін екенін ескертті.
“Мыналар қаралым үшін өліп бара жатыр. Бұл деген сұмдық қой. Қыздар, байғұс Нұрайдың кешкенін Құдай бастарыңа салмасын, ойнамаңдар. Оның әлеуметтік желіде отырып, осы видеоларды көретін отбасы, достары, сіңлілері мен інілілері бар емес пе? Көрген кезде күледі деп ойлайсыңдар ма? Бүкіл Қазақстан осы отбасымен бірге қайғырып отырғанда, сендер тренд шығарып жүрсіңдер”, – деп жазған ол.
Алайда бұл трендті қолдайтындар да жоқ емес.
“Мен қыздарды қолдаймын, бұл оқиғаға резонанс беру үшін. Қыздар қорқып жүр, соншалық түсініксіз бе?”, “Бұл тренд пайдалы деп ойлаймын, осы арқылы резонанс туа береді. Жай жай ұмытылып, сосын не болды сотталды ма, жоқ па ешкім білмей қалмайды”, “Олар трендті ақылы жетпейтін еркектердің миына, егер қарсы жауап (бас тарту) алсаң, агрессия көрсетуге болмайтыны жетсін деп осы трендті шығарды”, – деп жазған олар.
Еске салайық, 11 қаңтар күні Шымкентте 21 жастағы қыз пышақ жарақаттарынан көз жұмғаны туралы жазған едік. Аталған дерек бойынша кісі өлтіру бабымен қылмыстық іс қозғалды. Марқұм – студент Нұрай Серікбай. Оны 11 қаңтар күні кешке Төлеметов пен Өтегенов көшелерінің қиылысында пышақтап кеткен. Бейнежазба кадрларынан қыздың қашуға тырысқанын, кейін қарсылық көрсетіп, ал жігіттің оны ұрып-соғып, пышақ сұққанын көруге болады. Оқиғадан соң күдікті оқиға орнынан қашып кеткенімен, көп ұзамай ұсталды. Нұрай ата-анасымен бірге қылмыс болған жерге жақын орналасқан көпқабатты үйлердің бірінде тұрған. Оның екі ағасы бар, өзі отбасының кенжесі болған.
Нұрайдың туыстары марқұмның бұған дейін күдіктінің үстінен полицияға шағымданғанын, алайда қызметкерлердің қыздың арызын қабылдамай қойғанын айтып, полицияны немқұрайлық танытты деп айыптады. Кейін іс ішкі істер министрлігінің бақылауына алынғаны айтылды.
Қазақстанның вице-президенті кім болуы мүмкін және оның өкілеттігіне не кіреді: Саясаттанушылар жауабы