Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"6 миллион теңгеге дейін табыс табуға болады": Ауылда мал бағып жүріп, ағылшын үйренген 16 жастағы қазақстандық жұртты тәнті етті

Фото: Исмаиль Молдашевтың жеке архиві 

Желіде ауылда мал бағып жүріп, ағылшын тілін өз бетімен меңгерген жасөспірім жұрттың назарын аударды. Ақтөбе облысының Мәртүк ауданында тұратын 16 жастағы Исмаиль Молдашевқа тіпті ауыл мен қаладан біраз адам байланысқа шығып, мал шаруашылығымен айналысуда кеңес сұрайды екен. 10-сыныпта оқитын жасөспірім ауылдағы өмір, малдан түсетін табыс, желідегі белсенділігі мен болашақ жоспарлары туралы Stan.kz тілшісіне айтып берді.

“Әкем таза, табиғи өнімді тұтынып өмір сүру үшін ауылға көшетінімізді айтты”

Қазір Родниковка ауылында тұратын Исмаиль негізі қалада дүниеге келген. Ол алты жасына дейін Шымкентте тұрған және кейін отбасы ауылға көшуді ұйғарған.

“Әкем таза ауада, табиғи өнімдерді тұтынып өмір сүргіміз келеді деді. Алдымен Астана қаласының маңындағы бір ауылға көштік. Алайда ол жақтың қысы қатты, ауа-райы қолайсыз болып, кейін Ақтөбе облысына қоныс аудардық. Ол кезде әлі кішкентай болғандықтан қала өмірінен ауылға бейімделуім қиын болмады”, – деді ол.

Жасөспірім көпбалалы отбасында өскен. Әкесі Атырау облысы Құлсары өңірінен, анасы Шымкент қаласынан екен.

“Отбасымызда әкем, анам бар, жеті ағайындымыз. Ауылға көшкен кезден бастап әкеме мал шаруашылығында қолғабыс ететінмін. Ал 13 жасымнан бастап, бұл саланың қыр-сырына қызыға бастадым. Интернеттен түрлі ақпараттарды іздеп, соны тәжірибеде қолданып көрдім. Осылайша шаруашылықтағы білімімді қазір желіде өзгелерге бөлісіп жүрмін. 

Мал шаруашылығымен айналысу әрине оңай емес. Негізі бұрын мал саны көп еді. Бірақ оларға қарау өте қиын болып кеткен соғ, қазір мал санын кішкене азайттық. 60 сиыр мен 80 шақты қой-ешкіміз бар. Сосын өзімізге табиғи өнім жұмыртқа алатындай 30 шақты тауықтарымыз бар”,-деп қосты жасөспірім. 

Фото: Исмаиль Молдашевтың жеке архиві 

“Бір бұқаның құны 900 мың теңге: Оларды сатқанда 6 миллион теңгеге дейін табыс табуға болады”

Исмаиль мал шаруашылығының табысын да жасырмай айтты. Оның сөзінше, негізгі табыстың бірі – бұқа бордақылау.

“Бұқалар аткормда шамамен 6 ай тұрады. Осы уақытта жем-шөбіне, суына, күтіміне орта есеппен 400 мың теңгедей кетеді. Ал қазіргі бағамен бұқалар 700-900 мың теңге аралығында сатылады. Сонда бір бұқадан 200-300 мың теңгедей таза пайда қалады. Екінші табыс сиырларды сауып, сүт сатамыз. Сиырлар бізде асыл тұқымды емес, қарапайым, орташа есеппен 5 литр сүт береді. Одан соң жасы келген сиырларды да сатамыз. Көкке шығарып, жаз бойы семіртіп, 700-800 мың теңгеге өткіземіз. Мысалы 10 бұқа, 10 сиырды сатар болсақ, оларды 700-800 мыңға сатып, жем-шөбін алып тастағанда әр қайсысынан орташа 300 мың теңге дегеннің өзінде 6 миллион теңгедей табыс болады екен. Бұл ай сайынғы табыс емес, тек бірнеше уақыттан соң мал сататын уақытта түсетін табыс. Одан бөлек біз сүт те сатамыз”, – дейді ол.

Фото: Исмаиль Молдашевтың жеке архиві 

Жасөспірімнің айтуынша, ауыл шаруашылығы оқуына кедергі келтіріп отырған жоқ. Отбасында 5 адам шаруашылыққа көмектеседі екен.

“Онлайн оқыған соң уақытымды өзім ыңғайлап бөлемін. Егер мектепке барып оқысам, қиындау болар еді деп ойлаймын. Ауыл мен қаланы салыстырып қарасақ, қалада уақытты белгілі бір жоспармен пайдалануға жағдай жасалған. Ал ауылда кез келген уақытта жұмыс шығып қалуы мүмкін. Мәселен боран болып кетсе, малды қарау керек болады. Ал күн жылынса барлығымыз далаға шығып, сырттағы жұмыстарды істейміз. Былайша айтқанда ауылда нақты бір жоспарды алдын ала құру мүмкін емес”, – деп қосты Исмаиль.

“Мал бағып жүріп ағылшын үйренген TikTok-ер бала”

Исмаильдің ерекшелігі – ауылда мал бағып жүріп ағылшын тілін меңгеруі. Жасөспірім ерте кезден еңбекке араласа жүріп, ағылшын тілінің маңыздылығын ұққан.

“2024 –2025 жылдары бір кәсіппен айналыстық. Қытайдан тауар алып, АҚШ-қа жеткізу керек болды. Сол кезде ағылшын тілінсіз жұмыс істеу мүмкін емес екенін түсіндім. Сатушылармен сөйлесе жүріп, тәжірибеде үйрендім. Күнде аздап сөз жаттадым, видеолар көрдім. Қалтамда қағаз алып жүріп, жаңа сөздерді жазып қоятынмын. Қазір сөздік қорым жақсы, тек грамматика жағы сәл әлсіздеу”, – деді ол. 

Исмаильдың желіде қаралымдары 500 мыңға жеткен. Ауылдастары оны “TikTok-ер” бала деп атайды екен. Ал мал шаруашылымен айналысқысы келетіндер мен ағылшын тілін үйренгісі келетіндер одан кеңес сұрайды.

“13 жасымнан бастап желілерді біліп бастадым. Өз арнамды ашып ақпараттармен бөлісу арманым болған. Дегенмен телефоным болмаған соң мүмкіндік те болмады. Сосын әкем менің қалауымды байқады. Телефон алған соң, ағамның 20 оқырманы бар арнасын ауыстырып, өзім жүргізе бастадым. Әзірге желі арқылы табыс таппаймын. Бірақ алдағы уақытта әлі де дамып, осы салада дамуды қалаймын. Кейде қаладан адамдар хабарласып, мал шаруашылығын неден бастау керек деп сұрайды. Ал ағылшын тіліне қатысты да сұрақ көп. Қалай үйрендің, бізге де үйретші дейді. Өзім де таңғаламын”, – деп қосты ол.

Болашақта Исмаиль мал шаруашылығына қатысты іспен айналысуды жалғастырғысы келеді. 

“Әрине, университетте оқуды жоспарлап жүрмін. Бірақ қайда екенін әлі нақты шешпедім. Бәлкім шетелде оқырмын. Дегенмен қайда оқысам да қайта ауылға оралу жоспарымда. Болашақта да осы мал шаруашылығына қатысты салада болғым келеді. Атап айтқанда желі арқылы малшылармен тікелей байланысып, бағаны баршаға тиімді еткім келеді. Мәселен малшылар тікелей еттерін мейрамханаларға сатса, алушылар да етті тиімді бағада алса деген сондай ойым бар. Жалпы осындай мүмкіндіктерді қарастырып, ішкі өнімді дамытсақ деймін. Ал кез келген салада жетістікке жету үшін көп кітап оқу керек деп ойлаймын. Жоспар құру, ерінбеу, тәуекел ету сияқты қасиеттерді кітаптан үйреніп жүрмін”, – деп қорытты ол.

STAN.KZ
Дүйсенбі, 12 Қаңтар, 2026 11:48