Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанның тағы төрт облысында казино пайда болады

Фото: pixabay.com

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Қазақстанда ойын аймақтарын кеңейту жоспарланып отырғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

29 желтоқсанда Мәжіліс "Туристік саланы қолдау мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңды қабылдады. Құжат Қазақстан аумағында казинолардың қызметін кеңейтуді көздейді.

Шетелдіктерге арналған ойын аймақтары келесі өңірлерде пайда болуы мүмкін:

  • Маңғыстау облысы,
  • Алматы облысы,
  • Жетісу облысы,
  • Шығыс Қазақстан облысы.

Үкіметтегі брифинг барысында министр нақты орналасатын жерді инфрақұрылымның дамуына қарай жергілікті атқарушы органдар анықтайтынын айтты.  

“Туризмді дамыту мақсатында ойын аймақтарын құруға түзетулер қабылданды. Біз аймақтарды өзіміз анықтаймыз, ал нақты учаскелерді жергілікті атқарушы органдар бекітетін болады. Бұл инфрақұрылым деңгейіне байланысты болады”, –  деді Мырзабосынов үкіметтегі брифингте.



Баспасөз өкілдері: “Қазақстанға бұл ойын аймақтары көп болып тұрған жоқ па? Сіз Қазақстанды бір үлкен Лас-Вегасқа айналдырғыңыз келе ме?” –  деген сұрақ қойды.

Оған жауап ретінде министр ойын аймақтарын кеңейту туристік саланы дамыту үшін қажетті екенін айтты. Оның сөзінше, әрбір казино бюджетке елеулі салық түсімін әкеледі.

“Әр жаңа казино 2-3 миллиардқа дейін теңге салық төлейді және шамамен 500 жұмыс орнын құрады. Сонымен қатар, бұл туризм саласында халықаралық тәжірибе болып саналады”, – деді ведомство басшысы. 

Бұған дейін Қонаев қаласында шетел инвесторлары екі жаңа казино нысанын салып жатқанын хабарлаған едік. 

STAN.KZ
Сейсенбі, 30 Желтоқсан, 2025 13:02