Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Анасын мәжілісте құттықтаған Назаров, жалған ақпарат берген министр Жұманғарин: 2025 жылы басы дауға қалған шенеуніктер

ұятқа қалған шенеуніктер

Фото: Stan.kz

2025 жылы Қазақстандағы шенеуніктердің біразы аңдамай айтқан сөздері мен орынсыз ұсыныстары үшін халыққа жақпай қалды. Депутаттардың бірі мінберде анасын құттықтаса, мемлекеттік тілде жауап бере алмаған шенділер де байқалды. Кейбірі “жалған мәлімдемелерімен” әшкере болған еді. Stan.kz тілшісі орынсыз әрекеттерімен және ерекше мәлімдемелерімен көптің шамына тиген шенеуніктердің тізімін жасады. 

Мәжілісте анасын құттықтаған, қазақтың ырымына қарсы шыққан Ардақ Назаров

ардақ назаров

Биыл мәжіліс депутаты Ардақ Назаров түрлі мәлімдемелерімен бірнеше рет жұртты күлкіге қарқ қылды. Депутат мәжіліс отырысында депутаттық сауал қоятын кезде анасын құттықтады. Ол анасының 70 жасқа толғанын айтып, оған жақсы көретінін жеткізді. Назаровтың бұл әрекеті көпшілікке жақпай, оны “анасының баласы” деп атап кетті. Себебі мұндай жерде маңызды мәселелер талқылануы керек деп есептейді.

"Қадірлі анашым, сізді туған күніңізбен шын жүректен құттықтаймын! Сіздің мейірімге толы жүрегіңіз бен жүзіңізден төгілген нұрға шомылып өстім. Анашым, әкетайым екеуіңіз құстың қос қанатындай мәңгі бірге болып, құдай бере салған немелеріңіздің қызығын көріңіздер. Анашым, мен сізді қатты жақсы көремін, сіздің алдыңызда басымды иемін" - деді ол.

Бұл Назаровтың сынға қалған бірінші жайты емес. Бұған дейін де оны көпшілік сынның астына алған еді.

Журналистер азық-түлікке кететін шығын туралы сұрақ қойған. Сол кезде Ардақ Назаров 30–50 мың теңге жететінін жеткізді. 

"Бізде дастарқан басында молшылық жоқ. Азық-түлікті көтерме бағада аламыз, ет ауылдан. Мен жоқшылықта өстім, нанның құнын білемін", – деді ол.

Бірақ жұртшылық бұған сенімсіздікпен қарады.

Сонымен қатар депутат биыл 2023 жылғы елдегі ажырасу статистикасын келтіріп, ажырасу санын азайтудың сәтсіз жолын ұсынды. Сөзінше, ажырасу санын тоқтату үшін ажырасқандарға салық салу керек. Салық сомасы үлкен болған сайын ажырасатындар азаяды-мыс. Көпшілік мұндай талапты адам құқығын таптау деп бағалады.

Одан бөлек ол қазақтың ырымын шариғатқа қарсы дегені үшін оңбай сөз естіді. Депутат отқа май құю шариғатқа сай емес деп мәлімдеді. 

“Ақылға қонымды ырым-тыйымдар болса, мен оны қолдаймын. Ал егер шариғатқа сәйкес емес, әр түрлі зиян келтіретін ақылға қонымсыз ырым-тыйымдар болса мен оны қолдамаймын. Мәселен, отқа май құю дейміз. Тағы қайсын айтсақ болады?”, – деді Ардақ Назаров.

Сондай-ақ депутат елде жер сілікінісі жиілегенде, халықты тәубеге келіп, тәкаппар болмауға шақырған еді. Ол табиғи апаттарды Алланың ескертуі деп айтқан. 

Көпшілік мұндай пікірді зайырлы елде айту орынсыз екенін айтып, Ауғанстанға көшуге кеңес берді.

Көпәйелдікті заңдастыруды талап еткен депутат Абзал Құспан

Абзал Құспан

Мәжіліс депутаты Абзал Құспан Ербол Сейілханға берген сұхбатында екінші әйел алуды заңды түрде қарастыру керегін айтты. Сөзінше, елде екінші неке заңдастырылмағанымен, тоқал алатындар бар. Себебі екінші әйел алғандарға жауапкершілік жоқ.

“Елімізде бұл тыйымды ешбір қазақстандық сақтап жатқан жоқ. Заңның тыйымы қолжаулық болмағанда несі қалды?! Сондықтан да мұны заңмен реттеу керек. Бізде әйел құқығын қорғаушылар көп қой, дәл осы тақырыпқа келгенде олардың ұстанымы өзгеріп шыға келеді. Ал әйелдің шынайы құқығын қорғайтын болсақ, тоқал құқықтық тұрғыда мүлде қорғалмаған. Алимент ала алмайды, баланы асырауға дүние алып бер деп заңды түрде талап ете алмайды. Бұған қашанғы көзімізді жұмып отырамыз?”, – деді ол.

Бұл ұсынысты қарапайым халық та, басқа депутаттар да сынап тастады.

Сенат депутаты Жанна Асанованың айтуынша, неке институты Конституцияда нақты бекітілген, онда неке – ер мен әйелдің одағы екені көрсетілген. Ол көпәйел алуға қарсы екенін жеткізді. Сенатор Әсем Рахметова да Қазақстанда отбасы институты бар екенін айта келе, көп әйел алуды қолдамайтынын мәлімдеді. Сөзінше, тоқалдықты заңдастыру отбасы институтын бұзады. 

Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов қазақ қоғамындағы бар нәрсенің бәрін заңдастыру ақылға қонымсыз деп атады. Айтуынша, некеден тыс туған бала үшін де алимент төлеу міндеттелген. Сол себепті мұны енгізудің қажеті жоқ деді.

Кейін Абзал Құспан сынға жауап беріп, өзі көп әйел алуды насихаттамағанын түсіндірді.

"Мен көп әйел алушылықты да, некеден тыс қатынастарды да ақтамаймын және оны насихаттамаймын. Керісінше, бұл құбылысқа қарсымын. Бірақ біз қандай көзқараста болсақ та, туған баланың бар екенін және мемлекет алдындағы жауапкершілікті жоққа шығара алмаймыз. Мәселе қандай жағдайда дүниеге  келсе де баланың құқықтарын қорғау керек", – деді Абзал Құспан.

“Шымкентте жемқорлық жоқ” деген мәлімдеме жасаған Руслан Берденов 

Руслан Берденов Шымкент қаласы әкімінің орынбасары қызметінен кетті

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары, экс-депутат Руслан Берденов Шымкентте сыбайлас жемқорлық жоқ екенін мәлімдеді. Сөзінше, қалаға Ғабит Сыздықбеков әкім болып келгелі барлық салада жемқорлық жойылған. Мұнысына кәсіпкерлер де куә екен.

"Мемлекеттік сатып алулар бойынша – бізде бұрын болған сыбайлас жемқорлық деректері қазір жоқ. Мен мұны ашық, ресми түрде айта аламын және бұл тек менің емес, бұл осы салада жұмыс істейтін кәсіпкерлердің сөздері. Қазір құрылыс саласында, мемлекеттік сатып алуларда сыбайлас жемқорлық жоқ", – деді Берденов.

Желі қолданушылары Берденовтың сөздеріне күмәнмен қарап, тіпті әзілге айналдырып пікір білдірді. 

“Мынау не айтып тұр?”, “Өзіне әлі ешкім ұсынбаған шығар”, “Өзіңе күлкілі емес пе?”, “300 жылдық тарихы бар Франция, 200 жылдық Америка әлі жемқорлықты толық жеңе алған жоқ, бұлар қалай мұндай мәлімдемелер жасай алады”, – делінген пікірлерде.  

21 сәуірде Руслан Берденовке Шымкент қаласы әкімдігі ғимаратының алдында оқ атылып, ол ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілген еді. Бұл іс бойынша қалалық құрылыс басқармасына қарасты "Тұрғын үй Шымкент" ЖШС-нің бұрынғы директоры Ернар Жиембай 9 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сот отырысы барысында түрлі қауесеттер пайда болып, қылмыстың себебі туралы нұсқалары шықты. Сотталушы қызғаныштан мұндай қадамға барғанын айтты. Айтуынша, Берденов оның әйеліне лүпіл басып, қырындағанын айтты. Тіпті отасының шайқалуына әкім орынбасары себепші болғанын тілге тиек етті. Өйткені әйелі жиі Берденовті үлгі етіп отырған көрінеді.

Мәселен қастандық жасаудан бір күн бұрын Жиембай Берденовпен кездесуге бара жатқанын айтып, әйелінен киімін дайындап қоюын сұраған. Алайда үйіне келгенде әйелі киімін дайындап үлгермегенін, жейдесінің шеті күйіп қалғанын білген.

"Кешігіп бара жаттым. Сол кезде ол маған Руслан Берденовтің қалай киінетінін айта бастады. Оған 5 миллион тұратын костюмдер ұнайтын көрінеді. Менің ойымша, бұл да бір себеп болды", – деді Жиембай сотта. 

Ал Руслан Берденовтің өзі сотталушының жары Луиза Алданованы мүлде танымайтынын және онымен жеке қарым-қатынасы жоқ екенін айтып ақталды. Ол шындық детекторынан өтуге дайын екенін айтты.

"Қақтығыстың түп-төркіні кәсіби, қызметтік сипатта. Жауапкер келісім аясындағы жұмысын адал атқарғысы келмеді, есеп беруден жалтарды. Мен тек ашықтық пен міндеттемелердің орындалуын талап еттім. Ал қоғам назарын "қызғаныш", "жеке қатынас", "жұбайы" секілді жалған себептерге бұру – манипуляция, шындықтан алыстату. Мен оның жұбайын да, отбасын да танымаймын. Ол мен үшін тек мердігер болатын”, – делінген жазбада.

Оқиға желіде резонанс тудырып, желі қолданушыларының пікірі екіге бөлінді. Бірі Берденовтің ондай қадамға бармайтынын айтса, екіншісі “демек, өзі кінәлі” деп кінәлай жөнелді.

Бренд киім киетін, тек ақылы клиникаға баратын министр Ақмарал Әлназарова

Ақмарал Әлназарова

Фото: Желі кадрларынан скриншот

Желі қолданушылары денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың қымбат туфлиі мен Lexus көлігін байқап, сынап тастаған еді. Сөздерінше, оның аяқ киімі Valentino Garavani брендінен, бағасы 1000 еуродан (631 мың теңгеден) асады. Бұған дейін де министр Dolce & Gabbana брендінің көйлегімен, Michael Kors сөмкесімен көптің алдына шыққан еді. Министрдің өзі көйлегі 800-900 мың теңгенің арасында, сөмкесі 250 мың теңгелік екенін айтты. Алайда оның “мұндай сөмкені алуға қарапайым қыздардың да қалтасы көтереді” дегені көптің шамына тиді.

Сонымен қатар Ақмарал Әлназарованы жұрт тек ақылы емханаларды тексеруге баратынын, ал жағдайы мүшкіл мемлекеттік ауруханаларға аяқ баспайтынын айтып айыптады. Өйткені министр "Қазақмыс" жеке медициналық орталығынан видеоролик жариялаған еді.

Жақын арада Әлназарованың ұшақ бортында жолаушыға көмек көрсеткен видеосы тараған еді. Бірақ мұны желідегілер “алдын ала жоспарланған пиар” деп мазақ қылды. 

Өзін жайсыз сезінген жолаушыға министр келіп, қан қысымын өлшеп, жағдайын сұраған. Кейін өзін жайсыз сезінген жолаушы танымал журналист Гүлмира Әбіқай екені белгілі болды. Осыдан соң қоғам бұл жайттың жай “сценарий” екенін айта бастады. Алайда министр мұны жоққа шығарды. Әлназарова мұндай жайттар бұрын да болғанын және ешкімге ақталғысы келмейтінін мәлімдеді. 

Жалған ақпарат берген министр, өзін “салық реформасының әкесі” атаған Серік Жұманғарин

Премьер-министрдің орынбасары, ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин “Казахстанская правда" газетіне салық реформасына енгізілген жаңа түзетулер туралы сұхбат берген. Сол сұхбатында ол шетелдегі қосымша құн салығын төлеудің шекті мәндері көп екенін айтқан.  

"Тіркеу шегін 15 миллион теңгеге дейін төмендету ұсынылып отыр. Бұл ретте кірісі 15 миллион теңгеге дейінгі кәсіпкерлердің 80 пайызы микро және шағын бизнес санатына жатады. Салыстыру үшін: Ресейде бұл шекті көрсеткіш 10 миллион теңге, Өзбекстанда 30 миллион, Қырғызстанда 30 миллион теңгеге жуық”, – деді Жұманғарин.

Кейін журналистер бұл ақпаратты тексеріп көрді. Шын мәнінде Ресейде қосылған құн салығынан босату екі миллион рубль (11,5 миллион теңгедей) айналымға дейін қолданылады. Бірақ бұл мән Қазақстандағыдай бір жыл үшін емес, алдыңғы үш күнтізбелік айда есепке алынады. Өзбекстанда ҚҚС шегі 30 миллион теңге емес, 38,7 миллион теңге. Қырғызстанда 8 миллион сом, яғни шамамен 45,7 миллион теңгеге дейін қосылған құн салығын төлемей, жеңілдетілген салық жүйесі жұмыс істейді.

Кейін басылымнан бұл сөйлемдер алып тасталды.

Ақпанның басында мемлекеттік шығындарды оңтайландыру мәселесін сөз ете отырып, Жұманғарин АҚШ тәжірибесін, осы бағытта Илон Маск атқарып жатқан жұмыстарды атап өтті. Алайда аңдамай сөйлеп, Илон Масктың өзі оған хабарласып, ынтымақтастық ұсынғандай етіп айтып берді.

"Жасыратыны жоқ, Трамп әкімшілігінде қазір жүргізіліп жатқан жұмысқа ұқсас жұмысты бізде де жүргізу туралы идеямен Илон Маск шықты. Оның оптимизациямен айналысатын департаменті бар. Ол өз қызметін ұсынды, өзінде белгілі бір идеялар бар екенін айтты. Мен оны шақырдым, “кел, бірге жұмыс істейік, жұмыс тобын құрайық” дедім", – деді ол.

Салдарынан бірқатар БАҚ бұл мәлімдемені Маск Қазақстан билігімен тікелей байланысқа шықты деп жариялады.

Одан кейін 23 маусымда сенаттағы брифинг кезінде журналистердің бірі Жұманғариннен Астана халықаралық қаржы орталығы арқылы 200 миллиард теңгеден астам салық төлеуден жалтарған компанияның атын атауды сұраған. Министр бұл сұраққа жауап берудің орнына микрофонды өшіріп, брифингтен ерте шығып кеткен.

"Әділ сөз" қорының жетекшісі Қарлығаш Жаманқұлова экономика министрі Серік Жұманғариннің журналистерге деген қарым-қатынасын сынға алды.

Сондай-ақ Серік Жұманғариннің Қазақстандағы несие беру көлемінің күрт өсуі туралы жауабы көпке ұнамады. 

Журналистер министрден "Несие алушылар санының артуы халықтың кедейленуін көрсетпей ме?" деп сұрады. 

"Тұтынушылық несиелердің өсуі – халықтың өмір сүру деңгейінің көрсеткіші. Бұл адамдардың мүмкіндігі бар екенін көрсетеді. Олар несиені қалай қайтаратынын ойламай-ақ алады", – деді министр.

Серік Жұманғариннің айтуынша, Қазақстанда азаматтарды қорғауға бағытталған белгілі бір тетіктер қарастырылған. Несие алар алдында азаматтар "ойлануға бір түн" алады – бұл ретте адам шешімін қайта қарауға мүмкіндігі бар дейді ол.

Сөз соңында ол азаматтардың жауапкершілігіне сенетінін атап өтті.

"Қазақстандықтар несиені көп алса, табысы да жоғары екенін білдіреді. Егер адам несие алса бұл оның қаржылық мүмкіндіктерін есептей алатын, ақылға қонымды шешім қабылдайтын адам екенін көрсетеді. Егер ол үлкен сома алса, оның табысы жоғары екенін білдіреді. Ал егер ол дәрі-дәрмекке несие алса, онда бұл жерде тереңірек қарау керек", – деді Жұманғарин.

Ұлттық экономика министрінің тағы бір сөзі елді күлкіге қарқ қылды. Ол енді өзін “салық реформасының әкесі” атады.

Жұманғарин салық реформасын жүргізу мен үкіметтің экономикалық және қаржылық саясаты үшін жеке жауапкершілікті өз мойнына алғанын мәлімдеді. Министр журналистің "реформаның есептері дұрыс шықпаса, жауапкершілікті кім алады?" деген сұрағына осылай жауап берді. 

"Мен бұны бұрын да айттым, мен осы реформаға жауаптымын, ал әріптестерім өз бөліктері үшін жауап береді. Үкіметтегі экономикалық және қаржылық саясаттың жалпы үйлестіруін мен жүзеге асырамын. Жақында біреу мені "салық реформасының әкесі" деп атады, солай болсын. Біз бәрі сәтті жүзеге асады деп есептейміз", – деді ол.

Мемлекеттік тілде қойылған сұрақты түсінбеген шенеуніктер

8 қазанда өткен мәжілістің жалпы отырысында депутат Әділ Жұбанов өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевқа сұрақ қояды.  Депутат министрден жаңа Құрылыс кодексі бойынша бас мердігердің субмердігерге 30%-дан артық жұмыс беруіне салынған тыйым туралы сұрайды. Десе де Нағаспаев сұрақты түсінбейді. Сол себепті Жұбанов сұрағын орыс тіліне аударып қояды. Алайда оны да министр түсінбей қалады.

“Сұрағыңызды толық түсінбедім. Бірақ сауалыңызды қарастырамыз”, – деді ол.

Желі қолданушылары министрді сынап тастады.

“Министр қазақша да, орысша да, мәселенің түп-төркінін де түсінбей отыр, ойбай-ау, бұл министр ғой”, “Желідегілердің бәрі сұрақты түсінді, тек министр түсінбеген тәрізді”, “Қалай да жұмыс істеп жүр екен. Жағдайдан да, ақпараттан да, тілден де хабары жоқ екен” деп жазды желідегілер.

“Қазақстан теміржолы” АҚ ұлттық компанияның басшысы Талғат Алдыбергенов те компанияның қарызы туралы қазақ тіліндегі сұраққа жауап бере алмай қалды. Алдыбергенов қойылған сұраққа алдымен түсініксіз жауап бере бастап, біраздан соң сөзін тоқтатып, қолымен ишара жасап, орынбасарынан жалғастыруын сұрады. Мұндай жағдай брифингте бірнеше рет қайталанған. 

Видео желіде лезде тарап, желі қолданушыларының сынына ұшырады.

Ал қорғаныс министрінің бірінші орынбасары, бас штабтың жетекшісі Сұлтан Камалетдинов сенат брифингінде журналистердің сұрағына қазақ тілінде жауап беруден ашық бас тартты. Журналист сұраққа қазақ тілінде жауап беруді сұрады. Дегенмен Сұлтан Камалетдинов “Конституциялық құқығымды пайдаланып, өзім таңдаған тілде сөйлеп тұрмын” деп, сөзін әрі қарай орыс тілінде жалғады.

“Қай халыққа сөйлеп отырсыз, қазақ халқына сөйлеп отырсыз. Халық “қазақша айтыңыз” деп талап етіп отыр, орыс халқына сөйлеп отырған жоқсыз”, “Бұл таңдауың дұрыс емес. Мемлекет қызметкері ретінде мемлекет тілінде сөйлеуге міндеттісің. Екіншіден, бұл – сенің ана тілің,сен ана тіліңді қорлап тұрсың”, – деді желідегілер.

“Баға ұнамаса, алмаңыз” деген вице-министр

Сауда және интеграция вице-министрі Айдар Әбілдабековтен журналистер Қазақстанда азық-түлік неге басқа елдерге қарағанда қымбат екенін сұрады. Ал вице-министр жауап ретінде тұрғындарға азық-түлікті базар секілді арзан жерден алуға кеңес берді. 

Журналистер Германия мен Қазақстандағы азық-түлік бағасын салыстырды. Әбілдабеков бұл пікірталас тудыратын мәселе деді.

"Біздің елде бағалар Астана мен Алматыда әртүрлі. Шок боласыз, базарға барасыз да қызанақ, мандарин, апельсин бағасын көріңіз. Сол жерде бағалар әлдеқайда арзан", – деді ол.

Вице-министрдің айтуынша, бағаның айырмашылығы – жеміс-жидек пен көкөністі оңтүстіктен немесе көрші елдерден әкелу кезінде қосымша шығындар кететіндіктен. Сонымен қатар сатушылардың менталитеті де бағаға әсер етеді.

Сөзінше, сатушылардың маржасы бар. Оңтүстікте менталитет сәл басқа, Астанада басқаша. Нарықтағы адамдардың менталитеті әртүрлі. Халық саны көп болғандықтан маржалары аз. Мұнда барлық өнімге үстеме баға жоғары қойылады деді.

"Бұл жеке жағдайлар, оны жалпы жағдайдың көрсеткіші деп есептеуге болмайды. Мысалы, бір бөтелке су Астанада әр дүкенде әртүрлі бағада болуы мүмкін. Баға ұнамаса, суды алмаңыз. Басқа дүкенге барып, басқасын сатып алыңыз. Бізде әртүрлі санаттағы дүкендер мен базарлар бар", – деді ол.

Желі қолданушылары мұндай мәлімдемесіне шүйлікті.

“Осындай азаматтар ел басқарып отыр. Біз ел болып осыларға сеніп отырмыз. Өте өкінішті”, “Енді арзан жердің адресін айта кетпейсіз бе?”, “Билік басында осындайдар отырғанда, ел қайдан дамысын”, – деп жазды желідегілер.

Қарияның сұрағын келемеждеген, баяндаманы ежіктеп оқыған вице-министр

Цифрлық даму экс-вице-министрі Асхат Оразбек Шымкент тұрғындарымен кездесу барысында қария ұялы байланыс операторларының бағасы көтеріліп кеткенін айтып, мәселеге назар аударуды сұраған.

Ол “ұялы байланыс операторларының тарифіне қатысты мәселені министрлік шешпейді” деп даусын шығара күліп жауап берген. Желі қолданушылары шенеуніктің мұндай жауабын ерсі көрді. 

Бұған дейін Асхат Оразбек Шымкентте “Ақылды қала” туралы қазақ тілінде баяндама оқыған еді. Ол кезде вице-министр қазақ тіліндегі мәтінді оқи алмай, ежемелегені байқалды. 

“Неміс шенеунік неміс тілінде жазылған баяндаманы оқи алмай тұрса, қалай болар еді? Ұят-ай”, “Өзім масқара болғандай ұялып тұрғаным”, “Бірінші сынып оқушысы”, – деп жазды көпшілік.

“Мүгедектерді онсыз да Алла жазалады” деген әкім орынбасары

қанат есболатов

Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Қанат Есболатов Талғар ауданында халықпен кездесуде мүгедектігі бар адамдарға қатысты айтқан сөзі желіде сынға ұшырады. Халық оның сөзін кемсітушілік әрі қорлау деп санады.

“Мүгедектерді сыйлайық, оларды онсыз да Алла жазалады”, – деді әкім орынбасары.

“Мұны қалай түсінуге болады? Сіз не айтқыңыз келді? Алла оны жазалады дегіңіз келді ме? Ол мұндай мәлімдеме үшін жауап беруі керек”, “Құрметті әкім орынбасары, сіздің сөзіңіз реніш тудырды. Сізге этика мен субординацияны үйретпеген бе?”, “Бұл қорлау” – деп жазды қазақстандықтар. 

Кейін Есболатов ойын дұрыс емес жеткізгенін айтып, кешірім сұрады. Сөзінше, кездесуде ерекше қажеттілігі бар жандар болды. Кейбірі тік тұрып, өз кезегін күтті. Кезегі жеткенде залдағы бірнеше адам сөзін бөліп, кедергі жасай бастады. Халықты тәртіпке келтіру мақсатында солай айтып қалғанын айтты.

“Ойымды дұрыс жеткізбеппін. “Құдай үлкен сынақ берген” деп айтпақ болғанмын”, – деді ол.

Тұрғындарды балағаттаған әкім

Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданының Шілікті ауылдық округінің әкімі Қуаныш Төлеуханның ауыл тұрғындарын балағаттаған видеосы тарады. Ауыл тұрғындары әкімнің қабылдауына келіп, оның жұмысына қатысты сұрақтар қойса керек. Әкімге бұл сауалдар ұнамаған болуы керек, ол ашуға беріліп, бейәдеп сөздер айтып, агрессия танытқан. Әңгіме барысында екі тарап арасында дау туындап, шенеунік өзін ұстай алмай, үстелді жұдырықпен ұрып, ашу үстінде бірнеше рет балағат сөз айтқаны көрінеді.

Бейнежазбада полиция қызметкері де бар. Бір әйел тәртіп сақшысына "неге ешқандай шара қолданбайсыз?" деп сұрақ қояды, алайда ол еш жауап бермейді.

Осыдан кейін облыс әкімдігі Зайсан ауданының ауыл әкімінен ресми түсініктеме беруді талап етті. Кейін Қуаныш Төлеухан ұсақ бұзақылық үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны хабарланды. Даулы видеодан кейін ауыл әкімі көпшілік алдына шығып кешірім сұрап, неге өзін ұстай алмағанын түсіндірді.

"Жиналыс шамамен бес сағатқа созылды, пікірталас қызу жүрді. Сол сәтте өзімді ұстай алмай, дөрекі сөздер айтып қойдым. Бұл ісімнің дұрыс емес екенін мойындаймын және ауыл тұрғындарынан кешірім сұраймын", – деді әкім.

Алайда әкім қызметінен кеткен жоқ.

"Ол ауыл әкімі жергілікті сайлау кезінде сайланғандықтан, жұмыстан босатылмайды. Сол кезде аудан тұрғындары шағым түсірген еді. Ол аудан тұрғындарын балағаттамағаны белгілі болды. Әрине, оны ақтамаймын. Мұндай әрекетке жол беруге болмайды. Ол қоғамдық жерде балағат сөз айтқаны үшін айыппұл төледі", – деді облыс әкімі.

Қызметтік үйін көрсеткен депутат Бақытжан Базарбектің отбасы

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбектің жұбайы Адель Адилова үкіметтен берілген қызметтік үйді көрсетемін деп күлкіге қалды. Себебі ескі пәтерде отбасымен тұрып жатқанына ешкім сенбеді. Оны “шімірікпей өтірік айтты” деп сынға алды.

Видео барысында әйел үйдегі жиһазды көрсете бастайды. Сол мезетте шкаф тартпасын ашып қалғанда, оның бұзылып тұрғаны байқалады.

“Мұнда пәтер жалдағандар тұрады, ал марапаттарды түсірілімнің алдында дайындап қойған”, “Күлдірмеші”, “Бастысы өте сенімді түрде айтып тұр”, “Шынымен осы үйде тұрасыздар ма? Сіз шкаф тартпасының сынып қалғанын да білмейсіз ғой”, “Қолында Cartier, шеше салу керек еді”, – деп жазды желі қолданушылары.

Көптің сынынан соң депутат тағы да сол жерден видео жариялап, расында осында тұрып жатқанын айтады.

Жолақыны көбейтуді сұраған сарапшы Олжас Байділдинов

Олжас БайділдиновМұнай және энергетика саласының сарапшысы Олжас Байділдинов қоғамдық көліктегі жолақы құнын нарық талабына сай 500 теңге болуы керек деп мәлімдеді. Сөзінше, қазіргі субсидиялау жүйесі тиімсіз әрі сыбайлас жемқорлыққа бейім. Ол нарықтағы шынайы баға мен ашық бәсекелестік орнамайынша, қоғамдық көлік сапасы артпайтынын айтады.

Сондай-ақ сарапшы бір бағытта үш аялдама жүретін жолаушы мен соңғы аялдамаға дейін 1,5 сағат жүретін адам бірдей ақы төлегені экономикалық жағынан қисынсыз деді.

Пікір әлеуметтік желі қолданушыларының жаппай наразылығын туғызып, оны халықтың жағдайын ескермеді деп сынға алғандар көбейді.

Алайда бұл Байділдиновтык алғаш сынға қалуы емес. Бұған дейін де ол 2022 жылғы "Қанды Қаңтар" оқиғасына дейін сұйытылған газ бағасын көтеруді ұсынған еді. Газдың қымбаттауына наразыларға "ақшаңыз жетпесе, қоғамдық көлікпен жүріңіз, оның несі проблема?" деген еді. Яғни жанармай құнының 15-20 теңгеге көтерілуін "болмашы сома" деп атаған. 

Тағы бірде ол ресейлік БАҚ-қа Қазақстанда қазақ тілінің қолдану аясы кеңейіп, орыс тілінің ықпалы азайып бара жатқанын айтып шағымданған.

"Орыс тіліне қатысты мен ресейлік әріптестеріме үнемі айтамын: Қазақстандық телеарнасындағы ереже бойынша бағдарламалар кем дегенде 60%-ы қазақ тілінде, ал прайм-тайм, кешкі сағат 6-дан кейін толығымен қазақ тілінде болуы керек. Мектепте сабақтың 30%-дан азы орыс тілінде, ал сабақтардың 70%-ы қазақ тілінде. Білмеймін, бәлкім, Ресей Федерациясы сияқты өз мектептерімізді құру керек шығар, бірақ бұл ел ішінде біршама қарсылық тудыруы мүмкін", – деді Байділдинов.

Оның сөзіне шүйліккендердің қатарында Димаш Құдайбергенов бар.

"Біз, қазақтар, әлемнің барлық тілдерін құрметтейміз. Бірақ құрмет өзіңнен басталады. Өз тілінен ұялып, өзгенің мақұлдауына ұмтылған адам сөзін емес, тамырын жоғалтады. Олжас, сен сияқты арандатушыны жұмыстан шығарады деп үміттенемін, өйткені сен қорқақ кішкентай бала сияқтысың. Сен қазақша білмегендіктен қазақ тілінде жазбадым", – деп жазды әнші. 
Қырмызы Скендирова
Жұма, 26 Желтоқсан, 2025 13:08