Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жетісу облысында мысығын кір жуатын машинаға салып жуындырған медбике қазақстандықтардың ашуын туғызды (видео)

Фото: Видеодан скрин

Жетісу облысында әйел мысықты кір жуатын машинаға салып жуындырған. Желіде оқиға орнында түсірілген видео тарап, қызу талқыға түсті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Әйелдің өзі түсіріп алған видео желіде тарады. Кадрдан кір жуғыш машина ішінде шошынып отырған мысықты көруге болады. Жағдайға бейжай қарамаған желі қолданушылары жағдайды қызу талқыға салып, e-Otinish арқылы полицияға шағым жазған. 

“Медбике мысықты кір жуатын машинаға жуып, оны желіге әзіл ретінде жариялап жіберген. Ол мысығын әр апта сайын осылай жуындырады екен. Осындай жауыздықты қашан тоқтатасыздар?”, “Медбике бола тұра осылай істесе, науқастарға қалай қарайтынын елестету қиын”, “e-Otinish арқылы шағым жазайық. Қазір арыз жазу үшін белгілі бір мекемеге барудың қажеті жоқ”, “Бұл кісі қайда жұмыс істейді? Бүкіл жеке дерегін тауып, оның не бүлдіріп жүргенін көрсетуіміз керек. Оның науқастарды қалай азаптайтынын елестете алмаймын. Денсаулық сақтау министрлігіне хат жазуымыз керек”, – деп жазды желі қолданушылары. 

Аталған жағдайға қатысты Stan.kz тілшісі Жетісу облысы полиция департаментінен мән-жайды сұрап білді. Олардың мәліметінше, мысық иесі мұны әзіл ретінде жасағанын айтқан. 

“Видео желіде жарияланған сәттен бастап полиция жануарларға қатыгездік көрсету дерегі бойынша тексеру жұмыстарын бастады. Видео авторы бұл әрекетін “әзіл” ретінде түсіндіріп, кір жуғыш машинаға су қоспай бір рет қана айналдырғанын, содан кейін жануарды бірден шығарғанын мәлімдеді. Тексеру барысында мысық ветеринар дәрігердің қарауынан өтті. Маманның қорытындысына сәйкес, қазір үй жануарының өмірі мен денсаулығына қауіп жоқ”, – делінген хабарламада.

Сондай-ақ полиция бұл жағдай бойынша мысық иесі жауапкершілікке тартылғанын айтты. 

“Жануарларға қатыгездік көрсеткені үшін  мысық иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Құқық қорғау органдары жануарларға зиян келтіретін кез келген әрекетке тыйым салынатынын ескертеді. Құрметті әлеуметтік желі қолданушылары! “Әзіл” мен шынайы өмірдің арасында нақты шекара болуы тиіс”, – делінген хабарламада. 

STAN.KZ
Дүйсенбі, 22 Желтоқсан, 2025 12:25