Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда 2026 жылдан бастап әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақылар қалай өзгереді?

2026 жылдан бастап айлық есептік көрсеткіш пен ең төменгі күнкөріс деңгейі әдеттегідей өседі. Бұл әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшеріне де әсер етеді. Stan.kz тілшісі жаңа жылда жәрдемақылардың қаншалықты деңгейде өзгеретінін назарға ұсынады.

2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасында көрсетілген мәліметтерге сүйенсек, келер жылдан бастап айлық есептік көрсеткіш (АЕК) – 4 325 теңге болады.

Сәйкесінше: 

  • Ең төменгі күнкөріс деңгейі (ЕТКД) – 50 851 теңге;
  • Ең төменгі жалақы мөлшері бұрынғыдай – 85 мың теңге болып қала береді.

Келер жылы зейнетақы қаншалықты өседі?

2026 жылы ерлер мен әйелдер үшін зейнетке шығу жасы өзгермейді. Ерлер 63 жаста, ал әйелдер 61 жаста зейнетке шығады.

Одан бөлек жаңа жылдан бастап базалық зейнетақы мөлшері өзгереді.

  • Ең төменгі зейнетақы – 69 049 теңге мөлшерінде болады.
  • Ал базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері – 35 596 теңге көлемінде белгіленген.

Жасы және еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерінің мөлшері 1 қаңтардан бастап алынатын мөлшерден 10 %-ға артады.

  • 15 жыл еңбек өтілі бар азаматтар – 40 680 теңге;
  • 30 жылдан көп еңбек өтілі бар азаматтар 55 936 теңге көлемінде максималды базалық зейнетақы алады. 

Сонымен қатар мемлекеттік базалық зейнетақының мөлшері де өзгеріп – 35 596 теңге болады. Бұл ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ын құрайды.

 Көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы қандай болады?

Келер жылы көпбалалы отбасылардың жәрдемақысы да өзгереді: Бала саны бойынша ай сайынғы төлем:

  • 4 бала – 69 265 теңге (16 АЕК);
  • 5 бала – 86 598 теңге (20 АЕК);
  • 6 бала – 103 930 теңге (24 АЕК);
  • 7 бала – 121 263 теңге (28 АЕК);
  • 8 және одан көп бала – әр балаға кемінде 138 596 теңгеден беріледі. (Бұл шамамен 4 АЕК көлемінде)

Одан бөлек, ай сайын "Алтын алқа" иелеріне 31 997 теңге, "Күміс алқа" иелеріне 27 680 теңге беріледі.

Босанған ана мен сәбиге берілетін көмек қалай болады?

Айлық есептік көрсеткіштің өсуіне байланысты бала туу мен күтіміне берілетін төлемдер де өседі.

  • 1, 2, 3 бала туған кезінде төленетін біржолғы жәрдемақы – 164 350 теңгені; 
  • 4 және одан көп бала туғанда берілетін біржолғы жәрдемақы – 272 475 теңгені құрайтын болады.

Жұмыс істемейтін аналарға бала санына қарай, бала 1,5 жасқа толғанға дейін ай сайын жәрдемақы төленеді. Бірінші балаға – 24 912 теңге, екінші балаға – 29 465 теңге, үшінші балаға – 33 951 теңге, ал төртінші және одан кейінгі балаларға – 38 503 теңге беріледі. Ал егер анасы декретке дейін ресми түрде жұмыс істеген болса, оған соңғы екі жылдағы орташа айлық табысының 40 пайызы мөлшерінде төлем тағайындалады.

Бұл жәрдемақы балаға қарайтын және міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатыспаған, яғни жұмыс істемейтін әйелдер мен ерлерге тағайындалады.

 Асыраушысынан айырылғандарға берілетін жәрдемақы мөлшері қандай?

Асыраушысынан айырылған адамдарға берілетін жәрдемақы отбасының құрамына қарай есептеледі. Мұнда "бір адам", "екі адам" және т.б. дегені – отбасының ішінде жәрдемақы алуға құқығы бар адамдардың жалпы саны. Мысалы, бір бала асыраушысынан айырылған болса бір адамға төленеді. Егер отбасыда жәрдемақы алуға құқығы бар екі адам: мысалы, екі бала немесе бір бала мен еңбекке жарамсыз ата-ана болса онда екі адамға төлем тағайындалады. Сол сияқты, отбасының мүшелер саны артқан сайын төлем де көбейеді.

Асыраушысынан айырылғандарға төленетін жәрдемақы мөлшері:

  • Бір адамға – 46 783 теңге;
  • Екі адамға – 86 447 теңге;
  • Үш адамға – 114 415 теңге;
  • Төрт адамға – 132 213 теңге;
  • Бес адамға – 139 840 теңге;
  • Алты және одан көп адамға – 152 553 теңге;
  • Ата-анасының екеуінен де айырылған жетім балаға ай сайын 78 311 теңге төленеді.


Ерекше қабілеті бар жандарға төленетін көмек қанша болады?

Ерекше қажеттілігі бар баланы тәрбиелеушіге немесе І топтағы ерекше қажеттілігі бар адамға күтім жасайтын адамға берілетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы – 81 871 теңге.

Ерекше қажеттілігі бар адамдарға арналған жәрдемақылар келер жылы осындай болады.

Оның ішінде ересектер арасында:

  • І топтағы ерекше қажеттілігі бар адамдарға – 111 873 теңге;
  • ІІ топтағы ерекше қажеттілігі бар адамдарға – 89 498 теңге;
  • ІІІ топтағы ерекше қажеттілігі бар адамдарға – 61 022 теңге төленеді.

7 жастан кәмелет жасына дейінгі балаларға берілетін жәрдемақы мқлшері:

  • I топ – 111 872 теңге;
    II топ – 93 057 теңге;
    III топ – 81 870 теңге.

Ауыр жұмыста істейтін қызметкерлерге берілетін жәрдемақы

Сонымен қатар, зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін адамдарға арналған арнайы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақы 2026 жылдан бастап ЕТКД өсуіне байланысты арттырылады.

Мәселен, төтенше жағдай, жарылыс, радиация салдарынан ерекше қажеттілігі бар қызметкерлерге төленетін жәрдемақы:

  • I топ – 163 739 теңге;
  • II топ – 139 840 теңге;
  • III топ – 117 466 теңге болады.

Кәсіби әскери және арнаулы органдар қызметкерлеріне (қызметтік жарақат, мертігу немесе ауру салдарынан) төленетін жәрдемақы:

  • I топ – 200 357 теңге;
  • II топ – 154 589 теңге;
  • III топ – 117 466 теңге болады.

Құжатқа сәйкес, мемлекеттік шығындар жыл сайын шамамен 1 триллион теңгеге өседі. 2026 жылы бұған 27,7 триллион теңге бөлінеді.

Еске салсақ, Тоқаев үш жылдық республикалық бюджетке қол қойғаны туралы хабарлаған едік. 

STAN.KZ
Сейсенбі, 23 Желтоқсан, 2025 09:00