Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бір кездері өз елін тастап, Қытайға кеткендер": Оралмандарды "сатқын" деген блогердің сөзі қоғамның наразылығын туғызды

Фото: Видеодан скрин

Әлеуметтік желіде тараған видеода блогер Эльмира Кулакова оралмандар мен қандастарды "елін тастап кеткен сатқындар" деп атап, олардың Қазақстанда құқық талап етуін айыптаған. Талғарлық әйелдің мәлімдемесі қоғамда қатты сынға ұшырады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қоғам белсендісі Асыл Дәркембайұлы әлеуметтік желіде блогер Эльмира Кулакованың видеосын сынады. Әйел видеода "Оралман да, қандас та бір кездері өз елін тастап, Қытайға кеткендер. Енді келіп, осында өз құқықтарын талап етіп жүр, ақымақтар" деп айтқан.

Осы ретте ер адам әйелдің жауапқа тартылуын талап етті. 

"Қылмыстық кодексінің 174-бабы бойынша әлеуметтік, ұлттық, тілдік, рулық, нәсілдік немесе діндік алауыздықты қоздыру – ауыр қылмыс. Қазақстан заңымен қылмыс болып саналады. Біз бір мемлекетпіз, жергілікті қазақ та, көшіп келген қандас қазақтарымыз да, бәріміздің құқығымыз бірдей. Бір қазақты, екінші қазаққа қарсы қою жауапкершілігі бар әрекет. Бұл еркін пікір емес, бұл қоғамды бөліп жару", – деді Асыл Дәркембайұлы.

Қоғам белсендісі әйелдің айтқан сөзіне қандастарды эмоцияға берілмей, құқықтық жолмен әрекет етуге шақырып, "Е-өтініш" арқылы ресми шағым түсіру маңызды екенін атап өтті. 

"Қандастарды үнсіз қалмауға шақырамын. Бұл эмоция емес, құқықтық жол. Үкімет органдары заң аясында бұл әрекетке баға беруге тиіс. Ұлтымызды бөлгісі келетіндерге тойтарыс беретін уақыт келді. Біз арандатуға ермейміз, бірақ заңды жолмен жауап береміз", – деді Асыл Дәркембайұлы.

Желі қолданушылары блогердің мәлімдемесіне қатысты ашық наразылық білдірді. Кейбірі оның сөздерін арандатушылық және ел ішіндегі татулыққа қауіп төндіретін әрекет деп бағалап, құқық қорғау органдарының неге дер кезінде реакция білдірмей отырғанына алаңдаушылық танытты.

"Осы қатынның аузын жабатын адам бар ма? Біздің ішкі істер органдар қайда?", "Осындай мәлімдемелерді кім әдейі айтқызып отыр деген сұрақ туындайды. Бұл елге жала жауып, қоғамды іштей ірітуді көздейтін тәсілдердің бірі сияқты. Қазақ халқының саны көбейіп, ұлт ретінде нығаюы маңызды. Қазақтай терең тарихы бар, даналығы дәлелденген халық жер бетінде аз, мұны тарих та, ислам өркениеті де көрсетеді. 1929-1939 жылдардағы ашаршылық пен қуғын-сүргін салдарынан қазақ халқы зор қасірет көрді. Бейбіт ел қырылып, малынан айырылды. Сол себепті көп қазақ амалсыздан басқа елдерге көшті. Бұл сатқындық емес, ұлттың аман қалу жолы еді. Қазақ қай елге барса да, сол елдің дамуына үлес қосып келгені тарихи шындық", – деп шүйлікті оқырмандар.

Бұған байланысты Алматы прокуратурасына жаздық. Алайда жауап беруден бас тартты. Ал Алматы облысты полиция департаменті прокуратураға сауал жолданғанын, қосымша ақпарат кейін болатынын мәлімдеді.

Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желіде Талғар қаласының тұрғыны Эльмира Кулакованың видеолары тараған еді. Онда әйел қазақтарды кемсітіп, "құлдар" деп атаған, сондай-ақ Қазақстанда "руссофобия бар" деген пікір айтқан. Бұл сөздер қоғамда резонанс туғызып, қолданушылар құқықтық баға беруді талап етті.

Кулакова бірнеше видеосында орыс тілінің мәртебесін көтеру, оны екінші мемлекеттік тіл ету қажеттігін алға тартып, білім беру мен басқаруда орыс тілінің басымдығын қорғады. Пайдаланушылар оның мәлімдемелерін ұлтаралық араздықты қоздыру деп бағалады.
Алматы облысы полиция департаменті мәселе бойынша Бас прокуратураның жауабын күтіп отырғанын, жауапқа сәйкес іс қозғалуы мүмкін екенін мәлімдеді.

STAN.KZ
Бейсенбі, 18 Желтоқсан, 2025 19:55