"Семіз екенімізді білеміз, айта берудің қажеті жоқ": Қазақстандықтар қоғамда толық адамдарға ашық қысым көрсетілетініне шағымданды

Желіде қазақстандықтар артық салмағы бар адамдардың қоғамда жиі буллингке ұшырайтынын талқылап жатыр. Айтуларынша, бүгінде олардың бетіне “неге толықсың?”, “семіріп кетіпсің” деп тікелей айту қалыпқа айналған. Тіпті өздері сұрамағанның өзінде, арықтау туралы кеңес беріп, көңілге тиетін сөздер айтады екен. Stan.kz тілшісі маманан соңғы уақытта қоғам мен әлеуметтік желіде жиілеген толық адамдардың жанайқайы мен наразылығының себебін сұрап білді.
Бұған дейін косметика сататын дүкен блогер, актриса Айшолпан Байтүгелді артық салмағы мен зиян тамағы үшін сынап тастаған еді. Бұдан кейін жұрт толық адамдардың осындай хэйттерге жиі тап болатынын айтып, қызу талқылады.
Мәселен, bibomen атымен танымал блогер өмірде көп адамнан толықтығына қатысты кемсітушілікті көп еститінін алға тартты.
“Біз, семіздер семіз екенімізді білеміз! Өмірде бірінші рет көрген адамыңа: “Мә, өмірде дәу (нән, үлкен, амбал) екенсіз ғой” деп айту. Немесе біраз жылдан бері көріспеген адамыңа: “Мә, қайда өсіп бара жатсың, дәу боп кеткенсің ғой” деу қаншалықты орынды? Тіпті жай айтпайды ғой, таңғалып, эмоциямен айқайлап тұрып айтады. Семіріп кетуіме байланысты соңғы кездері осындай әңгімелерді жиі естіп жүрмін. Тіпті осы себептен кейбір отырыстардан қашуды шығардым. Жалпы, бұл да “қашан туасың?”, “қашан үйленесің?”, “неге ап-арықсың?” сияқты табу әңгімелердің қатарына жатады. Біз, семіздер стористе семіргеніміз туралы әзіл айтып, өзімізге өзіміз әзілдеуіміз мүмкін. Бірақ ол басқаларға да үстімізден әзілдеуге болады дегенді білдірмейді”, – деп жазды ол.
“Мен саған одан сайын тола бересің деп айттым ғой”: Универде ағай кемсітті”
Блогердің жазбасының астына көпшілік қоғамда шынымен адамның көңіліне қарамай шеттету көбейіп кеткенін айтып, өз оқиғаларын бөлісті.
“Жақында 10 жыл көрмеген танысымды көріп қалдым. Толып кетіпсің ғой деп айтып қоймайды. Сөз арасында қайта-қайта қыстырып “неге былай толықсып кеткенсің” деді. “Тұрмысқа шыққасын солай болады ғой” деп қояды. Мен күйеуге әлі шыққан жоқпын дедім. “Үйімде айна бар, сенің тамағыңды жеп отқан жоқпын ғой” деп айтқым келді. Бірақ айтарлықтай семіз емеспін, тек шамалы артық салмақ бар. Ал ол 10 жыл бұрынғы жасөспірім кезіммен салыстырады өзінше”, – деп жазды Мұратова есімді желі қолданушысы.
Қазақстандықтардың айтуынша мұндай кемсітушілік тек таныс достардың ғана емес тіпті жұмыс пен оқу орындарында да байқалады екен.
“Студент болып жүрген кезде шамамен жасы 60-тағы бір доцент ағай “толықсың” деп сабақ арасында тиісіп қоймайтын еді. Мен журналиспін, ал ол үстімнен әзілдеп: “Сен камераға сыймайсың” дейтін. Сол кезде салмағым 60 келі болатын. Кейін тұрмысқа шығып, баламыз шетінеп кетіп, гормоннан қатты толып, 86 келі болып кеттім. Докторантураға түсіп, универге барғанда сол ағай қайтадан: “өзгеріп кетіпсің, мен саған одан сайын тола бересің деп айттым ғой” деп тиіскен. Сондай кездерде еріксіз жылап аласың”, – деп қосты ол.
Одан бөлек, толық адамдарға қоғам жаппай кеңес айтатыны да ауыр жүк салады екен.
“Қалай азуға болатынын” сұрамасаң да өзімен-өзі бөлісіп кететіндер бар. Инстаграм, тик токтан арықтайтын рецепттер жібереді. Түсінбеймін сондайларды өз өмірлері жоқ па әлде қолдары бос па, сөзім жоқ! Бір күні дүкенге кіргем, кассадағы әйел маған тесіліп қарады. Төлем жасайын деп тұрсам менен: “сені жігітің не деп еркелетеді бауырсағым дей ме әлде басқа сөз айта ма” деп сұрайды. Мен мазақ етіп айтып тұрғанын түсініп тұрдым. Неге сұрадыңыз дегенімде “Маған толықтарды қалай еркелететіні қызық” деп жауап берді”, – деп қосты тағы бір желі қолданушысы.
“Стереотиптің қалыптасуына әлеуметтік желілер әсер етіп отыр”
Әлеуметтенушы Айжан Шәбденованың айтуынша артық салмаққа қоғамда мұндай стереотиптің қалыптасуына әлеуметтік желілер әсер етіп отыр.
“Біз бәрібір әлеуметтік желілермен тығыз байланыстамыз. Негізгі ақпараттың көбі сол арқылы тарайды. Әрі мұнда көбі арық, сымбатты дене бітімін көрсетіп баршаға насихаттайды. Белгілі бір "идеал" сыртқы келбетті жасаған. Кейін адамдар қоғамда қалыптасқан осы стереотиптерге сай болуға ұмтылады. Яғни сымбатты фигура, инстаграмдық келбетке қызығады.
Толық адамдарға деген жағымсыз көзқарастың қандай да бір тарихи немесе мәдени тамыры жоқ. Бұған бұрын салынған суреттер дәлел бола алады. Өткен дәуірлердегі картиналарға қарасақ, керісінше, толықтық, дененің шымырлығы мадақталған. Толық әрі мығым дене сұлулықтың, денсаулық пен байлықтың белгісі ретінде қабылданған. Яғни ол кезде дәл осындай дене бітімі құнды саналған”, – деді маман.
-
Ата-анамызды асырауға міндеттіміз бе? Бұл сұрақ қазақстандықтардың пікірін екіге бөлді
“Толықтарды қай жерде де жалқау, жолы болмайтын бақытсыз етіп көрсетеді”
Айжан Шәбденова сонымен қатар, қоғамда көбіне толық адамдарға байланысты "жалқау", "өзін күтпейді" деген стереотиптер көп қалыптасқанын жеткізді.
“Соның салдарынан артық салмағы бар адамдар, өкінішке қарай, стигматизацияға және жағымсыз қарым-қатынасқа жиі ұшырайды. Біз толық адамдарды модель ретінде немесе позитивті бейнеде өте сирек көреміз. Мұның бәрі артық салмағы бар адамдарға қатысты теріс стереотиптердің қалыптасуына әкеледі, нәтижесінде олар стигматизацияға ұшырайды.
Арық адамдарды идеализациялау, сұлулық стандарттарын насихаттау – артық салмағы бар адамдарға қатысты жанама буллингтің бір түрі. Бұл көбіне жасырын түрде жүреді: контент арқылы, фильмдерде, әсіресе комедия жанрында толық адамдарды үнемі күлкілі, ақымақ, лайықсыз кейіпте көрсету арқылы. Ал сымбатты адамдар көбіне жағымды, табысты бейнеде көрсетіледі. Сондықтан бізде боди-шейминг ашық емес, жасырын түрде таралған”, – деп қосты ол.
“Жұмыс беруші қабілетіне емес сырт келбетіне қарап бағалауы мүмкін”
Әлеуметтанушы артық салмағы бар адамдар кез келген ортада ыңғайсыз жағдайға тап болып жататынын жасырмады. Айтуынша, бұл адамдардың стереотиптер ықпалында қалуымен байланысты.
“Артық салмаққа байланысты буллинг адамның әлеуметтік өміріне тікелей әсер етеді. Кейде жұмыс берушілер сыни ойлаусыз, әлеуметтік стереотиптердің ықпалында қалып, адамның кәсіби қабілетіне емес, сыртқы келбетіне, толықтығына қарап, жұмысқа қабылдамауы немесе мансапта өсірмеуі мүмкін. Өйткені біздің әлеуметтік стереотиптерге қатты тәуелді қоғам екеніміз жасырын емес.
Буллинг мәселесі көбіне мектепте айқын көрінеді. Себебі балалар өз әрекеттерінің салдарын әлі толық түсінбейді. Артық салмағы бар балаларды мазақтаудың ойын емес, нағыз буллинг екенін сезінбеуі мүмкін. Сондықтан бұл құбылыс мектепте жиі кездеседі. Ал университетте немесе жұмыс орнында буллинг ашық емес, жасырын (латентті) түрде көрінеді. Ересектер оны тікелей айтпайды, бірақ әлеуметтік игіліктерді бөлу, мансапта ілгерілеу кезінде байқалуы мүмкін”, – деп қосты маман.
Айжан Шәбденованың айтуынша, қоғам артық салмақ жалқаулық пен ұқыпсыздықтан емес, көбіне денсаулыққа байланысты мәселелерден туындайтынын түсінуі керек.
“Артық салмағы бар адамдардың көбі бұл жағдайды өз еркімен таңдамаған. Ешкімді ешқашан кемсітуге болмайды. Қазір қоғамда бұл мәселені шешу үшін өзгеруі тиіс нәрсе – ақпаратты дұрыс тарату. Киноиндустрияда, әлеуметтік желілерде (мысалы, Instagram-да) әртүрлі дене бітіміндегі адамдарды көрсету керек. Әлемде plus-size модельдерді шақыру тәжірибесі бар, ал фильмдерде толық адамдар тек жағымсыз немесе күлкілі кейіпкер болмауға тиіс. Барлығы тең дәрежеде көрсетілуі қажет. Біз толық адамдарды да қоғамның толыққанды мүшесі ретінде қабылдауымыз керек. Бұл мәселені шешу үшін қоғам арық та, толық та адамдарға тең әрі әділ қарауы қажет”, – деп қорытты маман.
"Мәйітін алып келуге 2 апта кетеді": Вьетнамға қызымен демалуға барған қазақстандық әйел көз жұмды