Алматыда Болат Назарбаевқа тиесілі болған зауыт жер телімдері мен ғимараттарын қайтарып алмақ
Фото: aztm.kz
Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі Болат Назарбаевқа тиесілі болған Алматы ауыр машина жасау зауыты қаладағы жер телімдері мен ғимараттарын қайтарып алады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мұндай шешімді 14 қарашада "ААМЖЗ" АҚ директорлар кеңесі қабылдады.
“Директорлар кеңесінің 14.11.2025 жылғы хаттамасына сәйкес Алматы қаласы Алмалы ауданының № 2 аудандық сотының 05.11.2024 жылғы шешімімн Алматы қаласы, Төле би көшесі, 189 мекенжайында орналасқан жер учаскелері мен тұрғын емес үй-жайларды “ААМЖЗ” АҚ балансына қабылданады”, – делінген директорлар кеңесінің шешімінде.
Қаржы министрлігінің мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті 2024 жылы ААМЖЗ-ның 2007 және 2015 жылдары жасалған сатып алу-сату келісімдерін жарамсыз деп тану туралы сотқа талап-арыз түсірген. Даулы мәмілелер арқылы “PLS инвестициялық-құрылыс компаниясы” ЖШС, Гүлжанат Сағынбаева мен Қайрат Айтмұханбетов жалпы ауданы ондаған гектар жер телімі мен ірі өндірістік нысандарды жеке меншіктеріне өткізіп алған.
2007 жылы Сағынбаева ААМЖЗ-нан 60,9 миллион теңгеге мүлік сатып алып, келесі күні оны Болат Назарбаевқа өткізген. Сондай-ақ ААМЖЗ сол жылы “PLS” компаниясына 26,58 гектар жер мен нысандарды сатқан. Ал 2015 жылы Қайрат Айтмұханбетов 7,8 гектар нысанды 1,29 миллиард теңгеге алған.
2024 жылғы 5 қарашада №2 Алмалы аудандық соты бұл мәмілелерді жарамсыз деп таныды. Алайда Айтмұханбетов, “PLS” және “Prime City Group” сот шешіміне апелляциялық шағым түсірген, 2025 жылдың 27 қаңтарында Алматы қалалық соты бірінші сот шешімін өзгеріссіз қалдырды.
Болат Назарбаев Бурабайдан таныс арқылы жер алған ба – Ақмола облысының әкімі жауап берді
Назарбаевтың немересінің екінші азаматтығы мен Мәскеудегі пәтері анықталды
2007 жылы “Темір Кон” компаниясы Алматы ауыр машина жасау зауыты акцияларының 86,78%-ын Болат Назарбаевқа сатты, оның 31,9%-ы мемлекетке тиесілі үлес болған. Ал 2009 жылы Назарбаев PLS-ТМ компаниясына зауыттың 398,2 мың жай акциясын заңсыз өткізген.
2023 жылы Жоғарғы сот бұл 31,9% акцияны Назарбаевқа сату келісімін жарамсыз деп танып, мүлік мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің балансына берілді.
Зауыттың 31,9% акциясы мемлекетке қайтарылғаннан кейін прокуратура мемлекеттік мүлік комитетінен сотқа жүгінуді талап етті, өйткені Болат Назарбаевтың ААМЖЗ жері мен мүлкін жеке сатуға құқығы болмаған.
Еске салсақ, бұған дейін Бас прокуратура Болат Назарбаевтың ұлы Нұрбол Назарбаевтың активтері бойынша жұмыс жүргізіп жатқаны туралы жазған едік.
"Біреулер көрсін, гей болсын демейміз": Қазақстандықтар желіде ЛГБТ насихатына тыйым салу туралы заңды қызу талқылап жатыр