Бектенов дәрі-дәрмек бағасының негізсіз өсуіне жол бермеуді тапсырды

Фото: freepik.com
Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов қазақстандықтарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету ісіне бақылауды күшейтуді және бағаның негізсіз өсуіне жол бермеуді тапсырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бектенов отандық фармацевтика өндірісіне қолдау жалғасып жатқанын айтты. Бұл сыртқы нарыққа тәуелділікті азайтып, дәрілердің қолжетімді болуына мүмкіндік береді. Алайда, соған қарамастан, жыл басында дәрі жеткізу кезінде қиындықтар туындайтынын жасырмады.
“Логистика мен сатып алу рәсімдерінің ұзақтығына байланысты проблемалар жиі қайталанады. Ал кейбір науқастар үшін дәріні үзбей қабылдау өте маңызды. Сондықтан бұл бағыттағы жұмысты күшейту керек”, – деді Бектенов.
Премьер-министрдің айтуынша, мұндай мәселелерді шешу үшін салада цифрлық жүйелер енгізіліп жатыр. Қазір жаңа ақпараттық жүйе іске қосылуда. Ол дәрілердің бар-жоғын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді.
“Дәрігер жазып берген дәрі әрқашан дәріханаларда болуы тиіс. Ол сапалы әрі қолжетімді бағада сатылуы керек”, – деді премьер-министр.
СҚ Фармация басшысы Нұрлыбек Асылбековтің баяндамасынан кейін премьер-министр оған “адал жұмыс істеу” туралы ескерту жасады.
"СҚ-Фармация – өте маңызды компания, бай тәжірибесі бар. Осы салада ең бастысы – адал жұмыс істеу. Егер адал жұмыс істесеңіздер, жақсы көрсеткіштерге қол жеткізе аласыздар. Біз сіздерге осы тұрғыда толық қолдау көрсетеміз", – деді үкімет басшысы.
Бектенов Денсаулық сақтау министрлігіне, “СК-Фармацияға” және өңір әкімдіктеріне келесі жылға арналған дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарды уақытылы сатып алып, үздіксіз жеткізуді тапсырды.
Сондай-ақ ол Денсаулық сақтау министрлігі мен Бәсекелестікті қорғау агенттігіне дәрілердің бөлшек саудадағы бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу шараларын қабылдауды міндеттеді.