"Кінәлі болса, іс сол кезде қозғалатын еді”: "Хутор" басшысы делінген Хасан Қасымбаевтың адвокаттары сот үкімін апелляцияға беретінін айтты

11 қарашада Талғар аудандық соты Хасан Қасымбаевты адам ұрлау, ауыр дене жарақатын әдейі келтіру және бопсалау қылмыстары бойынша кінәлі деп таныды. Сот оған 12 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Дегенмен Хасанның қорғаушылары оның кінәсіз екенін айтып, шешімді апелляцияға беретінін жеткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қорғаушылар Нариман Кервернов пен Гүлмира Бабажанова Хасан Қасымбаевтың кінәлі екенін дәлелдейтін нақты дерек жоқ екенін айтты.
“Бір зардап шеккен адам Хасанды кешіргенін айтып, оған ешқандай талап жоқ екенін мәлімдеді. Бірақ сот бұл пікірді ескерген жоқ. Арман Әлімовке қатысты іс төртінші рет қаралып отыр. Қалған бес адам қазірдің өзінде жазасын өтеп жатыр. Ал енді Хасанды қосып, істі қайта қарады. Тағиевке қатысты оқиға 2016 жылы болған. Ал Әлімовтікі 2021 жылы. Егер Қасымбаев шынымен кінәлі болса, іс сол кезде қозғалуы керек еді”, – деді адвокат Гүлмира Бабажанова.
Қорғаушылардың айтуынша, тергеу кезінде көп қателіктер жіберілген және іс әділ қаралмаған.
“Бес күннен кейін біз толық үкімді аламыз. Уақыт бар, сондықтан міндетті түрде апелляцияға береміз”, – деді Бабажанова.
Адвокат Нариман Кервернов Тағиевке қатысты оқиға бұрын қаралғанын, бірақ іс тоқтатылғанын, кейін архивтен қайта шыққанын айтты.
“2016 жылы Тағиевке қатысты іс басқа адамдарға қатысты болғандықтан тоқтатылған. Өткен жылы іс архивтен шығарылды, бірақ 16 бет материал жоғалып кеткен. Соның ішінде Тағиевтің кешіру туралы хаты мен бапты өзгертетін құжаттар бар еді, қазір олар жоқ”, – деді ол.
Кервернов қорғау апелляцияға 15 күн ішінде өтініш беретінін және қажет болса кассациялық сотқа жүгінетінін айтты.
“Қазіргі кезде кінәнің нақты қандай себеппен тағылғанын білмейміз. Судья тек үкімнің қорытындысын жариялады. Толық мәтінді алған соң, соттың шешімінің негізін зерттейміз, – деді адвокат.
Айта кетейік, “Хутор” бандасының басшысы делінген Хасан Қасымбаев 2024 жылдың 2 қарашасында, талғарлық жасөспірім Шерзат Полаттың өлімінен бір айдан кейін ұсталған еді. Ол 12 жылға бас бостандығынан айырылды.