Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мас күйінде көлік жүргізген судья жауапқа тартылмады: Қазақстандықтар оқиғадан кейін Тоқаевқа хат жолдады

Фото: Halyqstan Telegram-арнасы

Астанада судья Әсел Досаева мас күйінде көлік жүргізіп ұсталғаннан кейін қазақстандықтар сот жүйесіне алаңдаушылық білдірді. Судья еш жауапкершілікке тартылмаған. Осы себепті азаматтар заңды реформалауды талап етіп, президент Тоқаевқа хат жолдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Астананың полиция департаменті баспасөз қызметі судьяның жауапкершілікке тартылмағанын растады. 

Осыдан соң хатта азаматтардың елдегі сот жүйесінің қазіргі жағдайына алаңдайтыны айтылған. 

“Судьялардың жауапкершіліктен қорғалуы қоғамда алаңдаушылық туғызатынын атап өтеміз. Судьяларға берілген ерекше құқықтар соттың тәуелсіздігін қорғаудың орнына, кейде жауапсыздық пен шексіздікке жол ашып отыр. Көптеген азаматтар судьялардың әділетсіз, кейде сыбайлас шешімдер шығарып, адамдардың тағдырына әсер еткенін көріп жүр. Бірақ олар үшін ешкім жауап бермейді. Мұндай жағдай қоғамның сотқа деген сенімін әлсіретіп, Конституция талаптарына қайшы келеді. Біз судьялардың қазіргі қол сұғылмаушылық мәртебесі әділдік пен теңдік қағидаларына сай емес деп санаймыз. Судьяның тәуелсіздігі жазасыз қалады дегенді білдірмеуі тиіс", – делінген президентке жолданған ұжымдық хатта.



Хатта судьяларды жауапкершіліктен босататын заң баптарын алып тастау, әділетсіз шешімдер үшін жауапқа тарту жүйесін енгізу және сот реформасын қоғам мен құқық қорғаушылардың қатысуымен талқылау ұсынылды.

Еске салсақ, бұған дейін Астанада мас күйде көлік жүргізген судьяның ұсталғаны туралы хабарлаған едік. 

STAN.KZ
Сейсенбі, 04 Қараша, 2025 14:51
Талқылау