“Жасанды интеллект пен рухани құндылық тепе-теңдігін сақтаған маңызды”: Алматыда дін өкілдері рухани келісімге қатысты мәселелерді талқылады
Жасанды интеллект қарқынды дамып, қоғам цифрлық дәуірге бет алған кезде рухани құндылықтарды сақтау бұрынғыдан да маңызды. Осы мәселе Алматыда өткен Рухани келісім күніне арналған республикалық форумда талқыланды.
Форумның басты тақырыбы – "Рухани келісім – Қазақстандағы бірлік пен бейбітшіліктің негізі". Іс-шараның мақсаты – конфессияаралық диалог дәстүрлерін дамыту, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің қорытындыларын талқылау, сонымен қатар аймақтар арасында өзара құрмет пен толерант көзқарас қалыптастыру.
Форумға 300-ге жуық адам қатысты: мемлекеттік құрылым өкілдері, діни ұйым жетекшілері, ғалымдар, сарапшылар және студенттер. Алматы қаласы Дін істері басқармасының басшысы Нұрлан Қиқымов қоғамды біріктіретін рухани құндылықтарды сақтау – бүгінгі күннің басты міндеті екенін айтты.
"Цифрлық орта жаңа буынның дүниетанымын қалыптастырады. Сол кезде адамгершілік құндылықтарды сақтау өте маңызды. Рухани келісім – абстракт ұғым емес, елдің тұрақты дамуының нақты негізі", – деді ол.
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Жанна Асанованың айтуынша, мұндай кездесулердің маңызы зор. Өйткені дін өкілдері бас қосып, қоғамда өзекті мәселелерді ашық талқылап, нақты шешім ұсынуға мүмкіндік алады.
"Цифрлық дәуірде кез келген адам өз ойын әлеуметтік желіде еркін тарата алады. Бұл бір жағынан жақсы, алайда қауіп те бар. Түрлі ағымдар мен жалған нарративтер көбейіп кетті. Сол себепті біз жастарға дұрыс бағыт беріп, рухани тепе-теңдікті сақтау жолдарын түсіндіруіміз керек. Мұндай форумдар соған ықпал етеді", – деді сенатор.
"Нұр-Мүбарак" университетінің ректоры Ахмед Хусейн Мухаммад Ибраһимнің айтуынша, бұл басқосу – діндер мен мәдениеттер арасындағы диалогты тереңдетуге бағытталған маңызды қадам. Себебі рухани келісім адам қадірін сақтап, бейбіт әрі әділ әлем құруға үлес қосатынын айтты.
“Шын мәнінде, барлық діннің ортақ қағидасы барі: адам қадірі, рақым мен мейірім, әділдік және бейбіт өмір. Әр адам өз сөзі мен ісі үшін жауапты, әрқайсымыз әділ әрі мейірімді әлем құруға үлес қосуы қажет. Қазіргі заманда бізге даналық, рухани құндылықтар және бірліктің күші қажет. Бүгінгі басты мақсат – дінді бөлудің емес, біріктірудің құралына айналдыру”, – дейді ректор.
Форумда үш панельдік сессия өтті. Бірінші сессияда мемлекет, қоғам және діни бірлестіктер арасындағы серіктестік мәселесі талқыланды. Спикерлер бірлескен бастамалардың қоғамдағы тұрақтылық пен сенімді нығайтудағы рөлін айтты.
Екінші сессияда жастардың рухани құндылықтары мен ұрпақтар арасындағы диалог сөз етілді. Студенттер мен дін өкілдері өз ойын ашық бөлісіп, рухани мәдениетті сақтау және оны жастарға насихаттау жолын талқылады.
Алматы православ діни семинариясының ректоры Евгений Ивановтың айтуынша, қазіргі жастар жасанды интеллекті, технологияны жақсы меңгерген және дамуға талпынысы жоғары. Алайда олардың көбі материалдық дүниеге көбірек көңіл бөліп, рухани мәселелерді кейінге қалдырған.
“Мәселен, бүгінде кейбір жастар өзін белгілі бір дінмен немесе Құдаймен байланыстырмайды, оған қоса "бәріне өзім жеттім", "өз күшіммен жеттім" деген түсінік қалыптасқан. Әрине, бұл көзқарас табысқа жетуге, еңбекқор болуға көмектеседі, бірақ рухани тереңдіктің төмендеуіне әкелуі мүмкін. Сондықтан бұл мәселеге ерекше назар аудару қажет. Жастарға шүкіршілікті, құдайға, ата-анаға, қоғам ризашылықты білдіруді, мейірімді болуды дәріптеу керек”, – дейді Евгений Иванов.
Ал Алматы қаласындағы Вознесен кафедралдық соборының кілт сақтаушы Александр Суворовтың сөзінше, қазіргі зумерлер – цифрлық технологиялар дамыған дәуірде туған соң, әлемді экран арқылы танитын ұрпақ. Сондықтан олардың өмірге көзқарасы да өзгеше. Үлкен буынның мақсаты – соны түсініп, қабылдап, өз құндылығын дәріптеу.
“Қазіргі жастар көп нәрсеге табиғи қарайды: адамды нәсіліне, ұлтына немесе әлеуметтік жағдайына емес, тұлға ретінде қабылдайды. Олар өздерін бір дінге жатқызбай, әлем азаматы ретінде сезінеді. Дегенмен бұл буын өте асығыс: ақпаратты қысқа әрі тез қабылдағысы, нәтижеге, жетістікке тез жеткісі келеді. Сондықтан оларға рухани және өмірлік құндылықтарды жеткізу үшін цифрлы технологияларды түсініп, дұрыс пайдаланған маңызды. Сол кезде ғана ұрпақтар арасындағы байланыс пен түсіністік нығаяды”, – дейді ол.
Үшінші сессияның тақырыбы – "Жасанды интеллект дәуіріндегі этика және рухани бағдарлар". Мұнда IT-сарапшылар, философтар мен дін өкілдері технология дамыған сайын адамгершілік пен жауапкершілік қағидалары өзекті бола түсетінін айтты.
"Цифрлық дәуір адам өмірін жеңілдеткенімен, адам руханиятының орны ерекше. Технология қаншалық дамыса да, оның ортасында адам мен оның құндылықтары тұруы керек", – деді форум спикерлерінің бірі, дінтанушы Елнар Берікбаев.
"Ырыскелді қажы" мешітінің бас имамы, дінтанушы Нұрлан Байжігітұлының айтуынша, рухани келісім тек дін төңірегіндегі түсіністікпен шектелмейді, ол – қоғамның мәдени, адамгершілік және ақпараттық кеңістіктегі жауапкершілігін де қамтиды. Ол бұл бағытта қоғам назар аударуға тиіс екі негізгі мәселені атады.
"Біріншіден, Қазақстандағы әрбір азаматтың діни ұстанымын, наным-сенімін құрметтеуіміз керек. Сіздің сеніміңізге қайшы келсе де, өзгенің дінін кемсітуге болмайды. Бұл адамгершілік тұрғысынан да, этика жағынан да, зайырлы Қазақстан заңына қайшы. Екіншіден,әр діннен екінші дінге ауысқан адам туралы интернетте, әлеуметтік желілерде ақпарат таратуды доғару керек. Себебі бұл – адамның жеке ісі. Оған қоса мұндай ақпарат сол адамның бұрын ұстанған дініндегі өкілдерге ауыр тиюі мүмкін", – деді Нұрлан қажы.
Іс-шара соңында қатысушылар форумның негізгі ойын қорытындылап, рухани келісімді нығайту бағытындағы ұсыныстарын ортаға салды. Ресми бөлімнен кейін қонақтар мен қатысушылар үшін фуршет және мерекелік концерт қойылды.

Қазақстандық көпбалалы ана "Асар Уме" қайырымдылық қорын апатты үй берді деп айыптады
