Марат Байкамуров “Қазақстан барысы – 2025” турнирінің жеңімпазы атанды
18 қазан күні Астанада Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында қазақ күресінің ең басты додасы XIV республикалық “Qazaqstan Barysy – 2025” турнирі өз мәресіне жетті. Бұл – ұлттық рухтың, ерліктің және намыстың мерекесіне айналған күн! Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Биыл боз кілемге еліміздің түкпір-түкпірінен 43 ең мықты балуан шықты. Олардың қатарында 17 облыс, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының үздіктері, былтырғы чемпион Ерасыл Қажыбаев, сондай-ақ "Әскер Барысы" турнирінің екі жеңімпазы болды. Қазақ күресінде “Найман” лақап атымен танылған “Әскер Барысының” жеңімпазы Марат Байкамуров биылғы “Қазақстан Барысы – 2025” турнирінің алтын белбеуі иегері атанды! 106 келі салмақта күрескен спортшы алтын “Тайтұяқ” пен 15 миллион теңге көлеміндегі жүлдені жеңіп алды.
Салтанатты марапатты ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов табыстады.
Жеңістен кейін Марат Байкамуров тебіренісін жасыра алмады.
“Бұл жеңісімді әкеме арнаймын! Кішкентайымнан “осы тұғырға бір шықшы” деп тілейтін. Үшінші рет қатысып отырмын, екі рет ұтылдым. Биыл алтын “Тайтұяқ” бұйырды. Маған сеніп, тілектестік білдірген барша халыққа шын жүректен алғыс айтамын”, – деді балуан.
Күміс белбеу мен 3,3 млн теңге былтырғы чемпион, 151 келі салмақтағы Ерасыл Қажыбаевқа (“Қажыбай”) бұйырды. Қола белбеу мен 1,08 млн теңге Маңғыстау облысының балуаны, Қара бура” лақапты Нұрдәулет Жарылғаповқа табысталды.
Айта кетейік, биылғы турнир Республика күні қарсаңында өтіп, ел рухын асқақтатқан ерекше мереке болды. Сайысты мыңдаған көрермен залдан тамашаласа, миллиондаған қазақстандық “QazSport” арнасы мен Кинопоиск платформасы арқылы тікелей эфирден бақылады.
Турнирдің бас серіктестері: “Sport Qory” спортты қолдау қоры және "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры.

"70 күннен аса жүрдік": Қытайдан Астанаға атпен жолға шыққан жас жұбайлар көпшіліктің ықыласына бөленді
