"Ауруды басып, ұйықтататын дәрі берген": Алматылық ата-ана 2 жасар қызының өліміне дәрігерлерді кінәлады
Фото: Не молчи Telegram арнасынан
Алматылық ерлі-зайыпты 2 жасар қыздарының өлімі дәрігерлердің салғырттығынан болғанын айтып, әділдікті талап етті. Айтуларынша, бүлдіршін ішінің қатты ауыратынын айтып шағымданған. Кейін анасы ауруханаға апарып, ақ халаттылардан көмек сұраған. Алайда дәрігерлер балаға ауруды сездірмейтін және ұйықтатын дәрі беріп қана қойған. Салдарынан кішкентай қыз жансақтау бөліміне түсіп, артынша көз жұмды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қыздың ата-анасының айтуынша, оқиға Алматыдағы жұқпалы аурулар ауруханасында болған. Мұнда 6 қазан күні таңғы сағат 11:40-та екі жасар қыз бала – Асқар Елдана қайтыс болды.
“2 жастағы қызымнан айырылып қалдым. Отбасымыз қаралы хабар алып отыр. Қызыма жай ғана уақытында көмек бермеді. Қызым 1 қазанда ауруханаға түсті. Ал 5 қазанда ұстамасы басталды. Іші ауырып жатқанын қолымен көрсетті. Әйелім бірден кезекші дәрігерге барған. Ол бізді хирургтарға жіберді. Хирургтар “бәрі дұрыс” деді. Артынша КТ, УДЗ жасап, қызымыз ұйықтап қалуы үшін анальгин мен демидрол берді”, – дейді бүлдіршіннің ата-анасы.
Алайда Елдана келесі күні таңертең жансақтау бөліміне түскен. Артынша 11:40-та ата-анасына оның өлімі туралы хабар келген.
“Біз полиция шақырдық. Тергеушілер келіп, денені қарады. Кейін арызымызды қабылдап, артынша ауру тарихын алды. Оның өзін бес сағат күттік. Ұзақ күттік. Яғни дәрігерлер полицейлерге баланың ауру тарихын бес сағат бойы бермеген. База істемей қалды деп сылтауратты. Біреуге айып таққымыз келмейді, тек әділ тергеу жүрсе дейміз. Ертеңгі күні басқа балалар да менің баламның жағдайына түспесе дейміз.
Аурухана баланың денесін өздерінде қалдырып, мәйітті ашып тексергілері келді. Бірақ мен бас тартып, қалалық сот медициналық экспертиза жасауын талап еттім. Міне олар кеше мәйітті сот медициналық экспертизаға жіберді. Бүгін бастапқы шешімді берді. Міне мұнда қызымда “ішектің түйілуі” диагнозы тұр. Ол мұндай диагнозға жай шыдай алмайды. Себебі мұндай жағдайда іш қатты ауырады. Хирург оған ауруды баса тұратын және ұйықтататын дәрі бермеуі керек еді. Ол өзінің бақылауында қалдырып, медициналық көмек көрсетуі керек еді. Бірақ олар мұны істемеді. Мен дәрігерлерден балама көмектесуін қаншама рет сұрадым. Біз әділдіктің орнағанын қалаймыз. Бірақ менің бүлдіршінімді енді кері қайтара алмаймыз!”, – деді қыздың ата-анасы.
Stan.kz тілшісі оқиғаға байланысты Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасын пікір сұрады.
“Оқиғаны жан-жақты және объективті талдау үшін Алматы қаласы бойынша Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Департаментіне тексеру жүргізу туралы хат жолданады. Оқиғаның себептері мен мән-жайлары туралы түпкілікті қорытынды уәкілетті органның тексеру нәтижелері бойынша, сондай-ақ сот-медициналық сараптама аяқталғаннан кейін ұсынылады”, – деді ведомство.

"Тиіндерді өлтіресіздер": Алматылықтар әкімдіктің егеуқұйрықтарды улау шарасына наразы
