Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

11 миллион теңгені мұздатқышта сақтаған: Ақтөбеде медициналық университеттің бұрынғы ректоры пара алғаны үшін айыпталды

Марат Оспанов университетінің экс ректоры сотталды

Фото: 2gis.kz

Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университетінің бұрынғы ректоры Асет Қалиевке үкім шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Үкімді Алматы облысындағы Іле аудандық соты шығарды. Сотта екі адам жауапқа тартылды.

51 жастағы Асет Қалиев ірі көлемде пара алды деген айыппен, 60 жастағы кәсіпкер Инесса Мутурганова пара берді деген айыппен сотталды.

Іс материалдарына сәйкес, 2022 жылдың күзінде ректор болып жаңадан тағайындалған Қалиев онкологиялық науқастарға арналған жаңа оңалту бөлімшесіне медициналық құрал-жабдық сатып алу үшін "Samruk-Kazyna Trust" қорынан қайырымдылық көмек алмақ болған. Ол Мутургановаға осы жобаға өзіне қарасты компаниялар атынан коммерциялық ұсыныс жіберуді ұсынған және болашақта мемлекеттік сатып алулардан көмектесуге уәде берген.

2023 жылғы қыркүйекте университет пен қор арасында 249 миллион теңгеге қайырымдылық келісімшарты жасалды. Осыдан кейін Мутурганованың "Aspasia LTD", "KIFMED" ЖШС-тері мен "Власова" ЖК-і тендерлерді бірнеше рет ұтып, жалпы құны 196 миллион теңгеге жуық медициналық жабдық жеткізді.

2023 жылдың желтоқсанынан 2024 жылдың мамырына дейін университет бұл компанияларға 182 миллион теңгеден астам қаржы аударған. Бірақ кей төлемдер кешіге бастағанда, 2024 жылдың 28 мамырында Мутурганова Ақтөбеге келіп, Қалиевке қонақүй маңында 11,64 миллион теңге көлемінде пара берген.



Тінту кезінде бұл ақша Қалиевтің үйіндегі мұздатқыштан табылды.

Сотта екеуі де кінәсін мойындамағанымен, куәлардың айғақтары мен тергеу материалдары арқылы кінәлі деп танылды.

Нәтижесінде, Асет Қалиев 8 жылға бас бостандығынан айырылып, "Ерен еңбегі үшін" медалінен айырылды. Инесса Мутурганова да 8 жылға сотталып, сот залында қамауға алынды.

STAN.KZ
Сейсенбі, 07 Қазан, 2025 10:42
Талқылау