Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қоғам белсендісі Алматыдағы жерасты өткелдерін жөндеуге кеткен шығынды негізсіз деп бағалап, қылмыстық іс қозғауды талап етті

Видеодан скрин

Қоғам белсендісі Санжар Боқаев Алматыдағы жерасты өткелдерін жөндеуге жұмсалған шығындарды негізсіз деп бағалап, қылмыстық іс қозғауды талап етті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Санжар Боқаев парақшасында қаладағы жөнделіп жатқан жерасты өткелдерінің видеосын жариялады. Видеодан бір ай ішінде тек бұрынғы сапалы тақталардың бұзылғанын көруге болады. Боқаевтың айтуынша, екі нысанды жөндеуге бюджеттен шамамен 1 миллиард теңге бөлінген. Ол қылмыстық іс қозғап, осы шығынға жол берген шенеуніктерді жазалауды талап етті. 

“Жалпы, бұл мердігер, "IZI company" ЖШС, екі жаяу жүргіншілер өткелі үшін шамамен 1 миллиард теңге алған. Әкімдік, сіздер не қарап отырсыздар? Бюджет сметасын кім бекітті? Менің ойымша, мұнда міндетті түрде қылмыстық іс қозғау керек. Мына жұмысты аптаның ішінде бітіруге болар еді”, – дейді қоғам белсендісі.

Боқаев аталған дерек бойынша уәкілетті органдарға жүгінуді жоспарлап отырғанын атап өтті.

Алматы әкімдігі жұмыстардың тек еден жабындысын ауыстырумен шектелмей, кешенді күрделі жөндеу аясында жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

"Жоба аясында нысандардың су өткізбеуі үшін жұмыс жүргізу, су ағызу жүйелерін орнату, баспалдақтар мен қоршауларды қалпына келтіру, жарықтандыру және бейнебақылау жүйелерін жаңарту, қабырғаларды жөндеу және шатырды ауыстыру, қозғалысы шектеулі азаматтар үшін көтергіш платформаларды орнату көзделген. 10 өткелге (5 жер асты және 5 жер үсті) арналған жалпы жұмыс құны 953,5 млн теңгені құрайды, бұл тиісті ЖСҚ және келісімшарттармен расталған", – делінген әкімдік хабарламасында.

Әкімдік жөндеу жұмыстары 2025 жылдың желтоқсанында аяқталады деп жоспарланғанын атап өтті.

Еске салсақ, бұған дейін Санжар Боқаев Үлкен Алматы өзені жағалауындағы гранит тақталардың ұрланып жатқан сәтін видеоға түсіріп алған еді.

STAN.KZ
Бейсенбі, 02 Қазан, 2025 23:06
Талқылау