Алатау қаласына арнайы мәртебе берілді: Тоқаев жарлыққа қол қойды
Фото: gov.kz
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алатау қаласына арнайы мәртебе беру туралы жарлыққа қол қойды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Алатау қаласы еліміздің жаңа іскерлік инновациялық орталығы болады.
Қол қойылған Жарлыққа сәйкес, қала ресми түрде арнайы мәртебе алды. Бұл өзіндік қаржылық үлгіні және бөлек басқару режимін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
“Қарқынды өсіп келе жатқан көптеген мемлекетте даму көшінің басында жүретін қалалар инвестициялар мен технологияларды өзіне тартатын полюске айналған. Алатау қаласы еліміздің жаңа іскерлік және инновациялық орталығы болуға тиіс. Жалпыұлттық маңызы бар осы жобаны жүзеге асыру үшін арнайы жер бөлінді, бастапқы жоспарлау жұмысы аяқталды, инфрақұрылымның негізгі желілері қосылды.
Жақында Қытайға барған сапарымда әлемнің жетекші компанияларымен құны миллиардтаған қаржы тұратын келісімдер жасалды. Шэньчжэнь жаһандық технополисін салуға қатысқан сондай компанияның бірі енді Alatau City жобасын жүзеге асыруға тікелей атсалысады. Келесі қадам – Alatau City-дің мықты институционалдық негіздерін қалыптастыру”, – деді мемлекет басшысы.
Сонымен қатар, жеке заң қабылданып, қаланы басқару режимі, оның қаржылық моделі және басқа да маңызды мәселелер қамтылмақ.
"Арнайы құқықтық мәртебе – қалаға берілетін артықшылық емес, жобаның қағаз жүзінде қалып қоймай, нақты іске асуына қажетті шара немесе құрал екенін айта кеткен жөн. Alatau City аймақтағы толық цифрланған алғашқы қалаға айналуға тиіс. Мұнда Smart City технологияларын қолданудан бастап тауарлар мен қызмет ақысын криптовалютамен төлеуге дейінгі жаңалықтың барлығы енгізілуі керек. Бұл қала Қазақстанның келешектегі келбетін танытпақ. Онда технологиялық өрлеуге және өмір сүруге барынша қолайлы жағдай үйлесім табуы қажет", – деп мәлімдеді Тоқаев.
Еске салсақ, осыған дейін жаңа Алатау қаласын "қазақстандық Дубайға" айналдырып, шетелдіктерге ерекше құқықтар берілетіні туралы жазғанбыз.

“Қатардағы қызметкерді қорғап, куәлік еткенім үшін жұмыстан босатты”: Ақтөбелік келіншек әскери горнизондағы әділетсіздікке шағымданды
