Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқаевпен бір жерде оқыған, Назарбаевтың құдасы: Сыртқы істер министрі қызметіне кіріскен Ермек Көшербаев кім

Сырты істер министріФото: gov.kz

Тоқаев Ермек Көшербаевты Қазақстанның Сыртқы істер министрі лауазымына  тағайындады. Осы орайда Stan.kz еліміздің Ресейдегі Төтенше және өкілетті елшісі қызметінде жүрген шенеуніктің еңбек жолы мен отбасылық жағдайына шолу жасап көрді. 

Ермек Көшербаев туралы не белгілі?

Ермек Көшербаев 1965 жылы Алматы қаласында дүниеге келген.

Көшербаевтың екі жоғары білімі бар: "шетел тілінде оқытатын тарихшы" және "халықаралық қатынастар мен сыртқы саясат". Алғашқы мамандығы бойынша Қазақ Ұлттық университетінде, екіншісі бойынша – Ресей Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық академиясында оқыған. Айтпақшы, дәл осы академияда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та білім алған. Жоғары оқу орнын Тоқаев – 1993 жылы бітірсе, Көшербаев – 1992 жылы тәмамдаған. Олар ескі дос па, жоқ па белгісіз. Алайда бір академияда оқығандықтан, көптен бері таныс болуы әбден мүмкін. Жалпы, 2000 жылға дейін олардың еңбек жолы жиі тоғысып отырғанын байқауға болады.

бір оқу орнын тәмамдағанФото: Ақорда баспасөз қызметі

Айта кетейік, Көшербаев Алматы қаласындағы №170 орта мектепте бес ай ғана тарих пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеген. Бұл оның мансабындағы ең қарапайым позиция болса керек. 

Көшербаев еңбек жолын небәрі 23 жасында Қазақ КСР Сыртқы істер министрлігінде аға инспектор қызметінен бастаған. Сондай-ақ сол жылы Қазақ КСР Сыртқы істер министрінің көмекшісі қызметіне тағайындалған. Еліміз тәуелсіздік алған соң Сыртқы істер министрлігінің Азия елдері басқармасының бірінші хатшысы болды, кейін министрлік құрылымындағы түрлі қызметтерді атқарды.

Кейін Қазақстанның Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа жақын қызмет етті. Мәселен, 1994–1996 жылдары мемлекет басшысының аппараты жанындағы Халықаралық бөлімнің кеңесшісі, президенттің хаттамалық қызметінің жетекшісі болды. Одан кейін бір жылға дипломатиялық іссапарға аттанып, Швейцариядағы Қазақстан елшілігінің бірінші хатшысы қызметін атқарды.

1997 жылы елге оралып, Премьер-министрдің көмекшісі болды. 1999 жылы Қасым-Жомарт Тоқаев премьерлікке келгенге дейін мемлекеттік қызметтен кетті. 

2000 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың Білім беру қоғамдық қорында еңбек етті. Ол жерде алдымен директордың орынбасары, кейін бірінші орынбасары болды.

Жаңа мыңжылдықтың алғашқы он жылында Көшербаев ірі коммерциялық құрылымдарда басшылық қызметтер атқарды. Оның ішінде "ҚазМұнайГаз", "Kazenergy" және "Атамекен" ұйымдарындағы жұмысын ерекше атап өтуге болады. Ол 2010 жылы қайтадан мемлекеттік қызметке оралып, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалды. Бұл жұмысты 2014 жылға дейін атқарды. Айта кетейік, ол кезде аймақты жуырда дүниеден өткен Бердібек Сапарбаев басқарған еді.

Ермек Көшербаев Шығыс Қазақстан облысындағы қызметінен кейін Ауыл шаруашылығы министрлігіне ауысып, төрт жыл ішінде жауапты хатшы дәрежесіне көтерілді. Осы қызметінен соң өзінің "төл" министрлігі – Сыртқы істер министрлігіне оралды.

2018–2020 жылдары Сыртқы істер министрлігінің жауапты хатшысы, кейін Сыртқы істер министрінің орынбасары қызметін атқарды.

2020 жылдың қаңтарында Ресейдегі Қазақстанның елшісі болып тағайындалды. Ал  2023 жылдың 6 маусымы мен 2025 жылдың 14 ақпаны аралығында Шығыс Қазақстан облысының әкімі қызметін атқарды. Содан кейін Тоқаев оны премьер-министрдің орынбасары етіп тағайындады. Ал 2025 жылдың 26 қыркүйегінде Көшербаев еліміздің Сыртқы істер министрі қызметіне жайғасты. 

Көшербаевтар отбасы мен Назарбаевтың қандай байланысы бар?

Ермек Көшербаев үйленген, ұлы мен қызы бар. Жұбайы – Динара Шайжүнісова. Олардың Дастан (34 жаста) және Дәмелі (29) есімді балалары бар. Ұлы 2018 жылы "Қазатомөнеркәсіп" ҰАК" АҚ Бизнес-дамыту департаментінің бірігу және жұтылу бөлімінің бастығы қызметін атқарған. Ал қызының немен айналысатыны туралы ақпарат жоқ. 

Ал Динара Шайжүнісова бір кездері "ҚазМұнайГаз" компаниясының кадр қызметін басқарған.

Жалпы, Шайжүнісовтер әулеті елімізде өте танымал. Түп-тамыры Шығыс Қазақстаннан шыққан. Әулеттің негізін қалаушы – белгілі педагог Жақия Шайжүнісов. Көшербаевтың қайын атасы Маркен Шайжүнісов – Семей қаласының құрметті азаматы. Бұған қоса, ол бұрынғы Семей облысының және Семей қаласының әкімі болған. Сондай-ақ Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланған.

Динара Шайжүнісованың туысы Даллен Шайжүнісов бірінші президенттің немересі Венера Назарбаеваға үйленген. Осыған байланысты Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші президенттің отбасымен алыс болса да туыстық байланысы бар деуге болады.

Назарбаевтар әулетіФото: kazpravda.kz

Ал Назарбаевтардың күйеу баласы Даллен Шайжүнісов "QazExpoCongress "Ұлттық компаниясы" АҚ Басқарма төрағасы. "ҚДБ-Лизинг" АҚ Директорлар кеңесінің мүшесі, ТМД елдеріндегі халықаралық велосипедшілер одағының (UCI) ресми өкілі, Халықаралық велосипедшілер одағының Азия Конфедерациясы басқарушы комитетінің мүшесі.

Көшербаевтың қандай таланты бар?

Айта кетейік Ермек Көшербаев – кәсіби тарих пәнінің оқытушысы. Ол бұл пәнді шет тілінде де оқыта алады. Қазақ, орыс, ағылшын және корей тілдерін еркін меңгерген.

Сондай-ақ министрдің қазақ күресінен де ерекше тәжірибесі бар. Ол бұл өнерін Шығыс Қазақстан облысының әкімі қызметінде жүргенде көрсеткен еді. Көшербаев сол кезде оқушымен күресіп, жеңіске жеткен еді. Оның баламен күрескен видеосы желіде тараған. Кадрдан оның оқушыны көтеріп алғанын байқауға болады. Бұл жағдай Өскемендегі мектептердің бірінде орын алған. 

Сол кезде ол оқушыларға: “Сендермен футбол да ойнадым. Бес рет тойтарыс бердім. Күрестім де. Айтпақшы сіздерде садақ ату алаңы да бар екен" деген еді.

Есте қаларлық мәлімдемелері

Ермек Көшербаев биыл вице-премьер қызметіне кіріскен тұста, Мәжіліс кулуарында журналистердің сауалына жауап берді. Қосылған құн салығы мен қымбатшылыққа қатысты пікір білдірген ол, мұны “өмірдің заңы” деп бағалаған. 

“Өмірдің заңы ғой”

Көшербаев азық-түлік, қызмет көрсету саласында баға әлдеқайда өсіп бара жатқанын мойындаған. Сондай-ақ ізін ала: "кейбіреулердің ақшасы жетеді, кейбіреудікі жетпейді. Әрине, мемлекет өз күшіне қарап, ол сұрақтарды бақылауда ұстап отыр. Бұл өмірдің заңы ғой", деп жауап берген. 

"Кері әсері жоқ, шешім бірауыздан қабылданды"

Сондай-ақ ол бірыңғай уақыт белдеуі тақырыбында да үнсіз қалмады. Журналистер одан "Қазақстан бұрынғы уақыт белдеуіне орала ма" деген сауал қойды. Көшербаев сол кезде уақыт белдеуін өзгерту туралы шешім жан-жақты қарастырылып, қабылданғанын айтты. Ол Қазақстан қоғамы уақыт белдеуін өзгерту мәселесінде ымыраға келді деп есептейтінін жеткізді. 

Еске салайық, бұған дейін Мұрат Нұртілеу сыртқы істер министрі лауазымынан босатылғанын жазғанедік. Ол президенттің халықаралық инвестиция және сауда ынтымақтастығы жөніндегі көмекшісі болып тағайындалды.

STAN.KZ
Жұма, 26 Қыркүйек, 2025 16:37
Талқылау