“Бүйрегінен айырылды”: Қостанайдағы бейімдеу орталығында қызметкер қарияны соққыға жыққан
Видеодан скрин
Қостанайдағы уақытша бейімдеу орталығының қызметкері 61 жастағы ер адамды аяусыз соққыға жыққан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Видеоны жәбірленушінің қызы желіде бөліскен. Видеодан мекеме қызметкері қарт кісіні қатыгездікпен ұрып жатқанын көруге болады. Оның сөзінше, оқиға Қостанайдағы уақытша бейімдеу және детоксикация орталығында болған.
Жәбірленушінің қызының пікірінше, орталық қызметкерлерінің агрессиясына әкесінің ғимарат ішінде шылым шегуі себеп болған.
"Әкемді шылым шеккені үшін медицина қызметкері ұрып, денесіне ауыр жарақат салды. Соның салдарынан оң бүйрегі жыртылып, көп қан жоғалтты, бүйректі алып тастауға тура келді. Сондай-ақ, оң жақтағы 11-ші және 12-ші қабырғасы сынған, жағдайы ауыр", – деп жазды Қостанай тұрғыны өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.
Полицияның хабарлауынша, қасақана ауыр дене жарақатын келтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл оқиға биыл шілде айында болған.
"Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Қазіргі уақытта оған бұлтартпау шарасы ретінде үйқамақ таңдалды. Қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Жақын арада қылмыстық іс материалдары сотқа жолданып, процессуалдық шешім қабылданады", – делінген Қостанай облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Қазіргі таңда зардап шеккен қарияның жағдайы белгісіз. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы әзірге жағдайға түсініктеме берген жоқ.

"Құл-Мұхаммедтен Алагөзовке": Қоғам белсендісі Алматыдағы Тереңқұр аумағындағы қонақ үй салынатынын айтып дабыл қақты
